Қазақстанда кино саласына жаңа талап енгізілді. Енді экраннан көретін әр фильм алдымен арнайы комиссияның сүзгісінен өтеді.
21 сәуірден бастап күшіне енетін жаңа ереже бойынша сарапшылар кинотуындылардағы заңға қайшы контентті тексеріп, жас санатын белгілейтін болады. Тиісті бұйрыққа мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қол қойған. Жаңа тәртіпке сәйкес, комиссия құрамына мемлекеттік орган өкілдерімен қатар заңгерлер, психологтар және кино саласының сарапшылары енеді. Олар фильмдердегі заңнамаға қайшы контенттің бар-жоғын тексеріп, жас санатын анықтайды. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықты насихаттау, араздық тудыру, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер келтіруі мүмкін материалдар назарға алынады.
Комиссия фильмнің көркемдік деңгейін, эстетикалық құндылығын, коммерциялық табыстылығын немесе саяси-идеологиялық ұстанымын бағаламайды. Сараптама қорытындысы бойынша мамандар фильмнің сипаттамасы, талдау нәтижелері және ұсынымдары көрсетілген арнайы қорытынды әзірлейді. Олар сондай-ақ фильм мазмұнын жария етпеуге және ресми шешім шыққанға дейін сараптама нәтижелерін таратпауға міндетті.
Алайда комиссия фильмнің көркемдік деңгейін, эстетикалық құндылығын, коммерциялық табысын немесе саяси ұстанымын бағаламайды.
Осы өзгеріске қатысты киносыншы Дана Әмірбек мұндай бастама көптен бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселе екенін айтады.
Оның сөзінше, соңғы жылдары прокатқа мазмұны әлсіз, көркемдік салмағы төмен, боғауыз сөздер мен анайы көріністерге толы фильмдер жиі шыға бастаған.
Кез келген фильмді халыққа ұсынбас бұрын белгілі бір сүзгіден өткізу – дұрыс шешім. Экранда көрсетілетін дүние қоғамға, әсіресе жастарға әсер етеді. Сондықтан киноның тәрбиелік, мәдени және көркемдік жауапкершілігі болуы керек, – дейді Дана Әмірбек.
Сонымен бірге сарапшы комиссия құрамына кездейсоқ адамдар емес, кино тілін түсінетін кәсіби мамандар кіруі тиіс екенін ерекше атап өтті.
Бізде комиссия десе, осы салаға қатысы жоқ адамдарды кіргізіп жіберу үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Сондықтан комиссия құрамында ең алдымен киноны өнер ретінде бағалай алатын, оның табиғатын, тілін түсінетін мамандар отыруы керек, – дейді ол.
Киносыншының пікірінше, комиссияда халықаралық деңгейде мойындалған режиссерлер, тәжірибелі кинотанушылар, өнертанушылар, мәдениеттанушылар, сондай-ақ сценарий, дубляж және субтитр сапасын бағалайтын мамандар болғаны жөн.
Ол фильмді бағалау кезінде жекелеген көріністерге емес, туындының жалпы мазмұны мен контексіне назар аудару қажет екенін айтады.
Кейде фильмдегі бір ауыр сөз немесе өткір сахна шығарманың идеясын ашу үшін қажет болуы мүмкін. Сондықтан бәрін үстірт қарап, бірден тыйым сала салуға болмайды. Негізгі мәселе – фильм көрерменге не береді, ой тастай ма, көркемдік құндылығы бар ма – соған қарау керек, – дейді киносыншы.
Дана Әмірбек қазіргі таңда экранның жастарға әсері кітаптан да күшейгенін атап өтті. Оның айтуынша, кинотеатр аудиториясының басым бөлігі – 14 пен 35 жас аралығындағы көрермен. Сондықтан жастарға мәнді, мазмұнды, сапалы туындылар ұсынылуы керек.
Сөз соңында киносыншы цензура ұғымын дұрыс түсіну қажеттігін жеткізді.
Цензура деген – белгілі бір тақырыпты жабу емес. Ол талғам цензурасы болуы керек. Талғам қалыптасқанда ғана өнер өседі, көрермен деңгейі де жоғарылайды, – деді ол.
Қорыта айтқанда, фильмдерді прокатқа дейін сараптау – кино саласындағы жауапкершілікті күшейтетін маңызды қадам. Алайда бұл бастаманың нәтижелі болуы комиссия құрамына кәсіби, кино табиғатын түсінетін мамандардың тартылуына тікелей байланысты. Сонда ғана жаңа ереже шектеу құралына емес, сапалы киноны қолдайтын, көрермен талғамын өсіретін тиімді жүйеге айналады.