Марстағы жұмбақ нысан: NASA суреті жаңа болжамдарға жол ашты

Марстағы жұмбақ нысан: NASA суреті жаңа болжамдарға жол ашты

Көктем Қарқын
Фото: NASA

NASA ұзақ уақыт бойы Жерден тыс тіршіліктің бар екеніне қатысты нақты әрі сенімді дәлел табылмағанын айтып келеді. Алайда жақында жарияланған Марс суреті ғаламшарда бөтен тіршілік иелері бар деген болжамды қайта жандандырды.

MSN мәліметінше, суретті NASA-ның Curiosity ровері 2024 жылы түсірген. Кадрдан жартасты төбе, алыстағы таулар және Марс көкжиегінің үстінде қалқып тұрғандай көрінетін жұмбақ қара нысанды байқауға болады.

Curiosity ровері Марстың бір кездері микробтық тіршілікке қолайлы болған-болмағанын зерттеп келе жатқанына 14 жыл болды.

Алайда дәл осы аспандағы түсініксіз нысан жұрттың назарын аударды. X әлеуметтік желісінің қолданушысы Кари Сиверцен суретті сәрсенбі күні қайта жариялағаннан кейін, ол қызу талқыға түсті.

Жазба көп ұзамай нысан Қызыл ғаламшардағы бөтен өркениеттің белгісі болуы мүмкін деген түрлі болжамдарға себеп болды.

Фото: NASA / 2024 жылы Curiosity ровері түсірген фотосуретте жартасты төбе, алыстағы тау шыңдары және Марс көкжиегінің үстінде қалқып тұрғандай көрінетін жұмбақ қара нысан бейнеленген.

Дегенмен бір ғана сурет бұл нысанның ұшатын аппарат немесе тіпті нақты физикалық объект болғанын дәлелдемейді.

Оның NASA-ның Ingenuity тікұшағы болуы да мүмкін емес. Себебі ол кезде Ingenuity Curiosity жүрген жерден шамамен 2300 миль (3700 шақырымдай) қашықтағы Джезеро кратерінде болған.

Ғалымдар мен мамандар бұл көрініске әлдеқайда қарапайым түсініктемелер бар екенін айтады. Мысалы, нысан ауадағы шаң, камераның ақауынан пайда болған артефакт немесе ғарыштық сәуленің ровер камерасының сенсорына әсер етуінен пайда болған белгі болуы мүмкін.

Сурет қай жерде түсірілген?

Фотосурет Curiosity ровері Марстағы Гейл кратерінде, Шарп тауының төменгі бөктерінде жүрген кезде түсірілген.

Ровер ежелгі арнаға ұқсас Гедиз Валлис жотасының маңындағы тасты жермен жүріп өткен. Ғалымдардың пайымынша, бұл жер бұрын су ағынының, көшкіндердің немесе осы екі процестің әсерінен қалыптасқан болуы мүмкін.

Curiosity сурет түсірілген 2024 жылғы 10 сәуірде жотаға қарай оңтүстік-батыс бағытта қозғалып бара жатқан.

X желісіндегі қолданушылардың бірі бұл нысан камера артефактісі болуы мүмкін екенін айтып, «бөтенғаламшарлықтар немесе өзіміз» деген болжам жасаған.

Марстағы тағы бір жұмбақ нысан

Осы айда Curiosity түсірген басқа бір сурет те жұрттың назарын аударды. Онда алыстан түсініксіз нысан көрінеді. Кейбір адамдар оны медузаға ұқсайтын тіршілік иесі немесе қандай да бір механикалық құрылғы болуы мүмкін деп болжады.

NASA-ның Curiosity ровері бұл суретті 2023 жылғы 20 тамызда, АҚШ шығыс уақытымен шамамен кешкі 18:27-де түсірген.

Кадрда шаң басқан Марс беті, жартасты төбелер мен биік таулар көрінеді. Алайда панораманың сол жақ бұрышынан екі жіңішке аяқтың үстінде тұрғандай көрінетін үлкен қара денелі кішкентай фигура байқалған.

Бұл сурет те Curiosity ровері Марста қозғалып жүрген белгісіз нысанды түсірді деген болжамға себеп болды.

Фото: NASA /  NASA-ның Curiosity ровері 2023 жылы алыстан тұрған жұмбақ нысанды түсіріп алған.

Алайда дәл сол аумақты бір минутқа жетпейтін уақыт бұрын түсірілген суреттерде бұл жұмбақ фигура көрінбеген.

Сонымен қатар нысан бейнеленген сурет сол күні NASA сайтында жарияланған Curiosity түсірілімдерінің соңғы кадры болған. Ровердің келесі суреті шамамен екі сағаттан кейін түсірілген және камера басқа бағытқа бұрылған.

NASA кейін бұл нысанның қозғалған-қозғалмағанын, роверге жақындағанын немесе оның камерадағы ақаудан пайда болған «артефакт» екенін көрсететін басқа суреттерді жариялаған жоқ.

NASA Марстан тіршілік тапты ма?

2025 жылғы қыркүйекте NASA Perseverance ровері жинаған Марс үлгісінен ежелгі микробтық тіршіліктің болғанын көрсетуі мүмкін ең айқын белгілер табылғанын мәлімдеген.

Алайда ғарыш агенттігі де, АҚШ билігі де Марста ақылды тіршілік иелерінің болғанына қатысты ешқандай дәлел табылмағанын айтып келеді.

Суретті қайта жариялаған Кари Сиверцен:

Кейде көзіме ерекше нәрселер түссе, соларды осында бөлісемін. Мен басқа ғаламшарларда тіршілік бар екеніне сенемін. NASA Марста тіршіліктің ықтимал іздерін тапқанын ескерсек, іздеуді дәл осы жерден жалғастыруға болады, – деп жазған.

Оның жазбасына пікір білдіргендердің бірі:

Марстағы ең үздік НЛО суреттерінің бірі! – деген.

Ал Марсты зерттеуші Жан Уорд X желісінде бұл нысанды «Марста байқалған медуза пішінді UFO/UAP» деп атаған. Оның пікірінше, нысан Марс бетіндегі бір нәрсемен байланысып тұрғандай көрінеді. Зерттеуші оның үш аяқты құрылғыға ұқсайтынын да айтқан.

Кейбір қолданушылар жұмбақ нысанды «Әлемдер соғысы» ғылыми-фантастикалық фильміндегі алып үш аяқты бөтенғаламшарлық машиналармен салыстырған.

Дегенмен скептиктердің пікірінше, алыстан көрінген кішкентай қара фигураның бөтен тіршілікке еш қатысы жоқ. Олар мұны Curiosity камерасында пайда болған бүлінген пиксельдер немесе техникалық артефакт болуы мүмкін деп санайды.

Оқи отырыңыз

{