Марокко феномені: «Атлас арыстандары» бұл дәрежеге қалай жетті

Марокко феномені: «Атлас арыстандары» бұл дәрежеге қалай жетті

05.07.2026 12:05
Асқар Таудай
Фото: Фото Getty Images

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты тағы бір сенсацияның куәсі болды. Марокко құрамасы 1/8 финалда Канаданы 3:0 есебімен сенімді жеңіп, турнирдің ширек финалына шыққан алғашқы команда атанды.

АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы NRG Stadium аренасында өткен кездесуде алғашқы таймда есеп ашылмағанымен, үзілістен кейін африкалық ұжым қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады.

Есепті 50-минутта жартылай қорғаушы Аззедин Унахи ашса, 82-минутта өзі дубль авторы атанды. Қосымша уақыттың 90+8-минутында шабуылшы Суфьян Рахими матчтың соңғы нүктесін қойды. Браим Диас екі нәтижелі пасымен көзге түссе, Ашраф Хакими де бір голдық пастың авторы болды. Алайда кездесудің 22-минутында Исмаэль Сайбари жарақат алып, ойыннан ерте кетуге мәжбүр болды.

Осы жеңістің арқасында Марокко әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.

Бұл жеңіс кездейсоқ емес

Марокконың соңғы жылдардағы жетістіктері кездейсоқ құбылыс емес. 2022 жылғы әлем чемпионатында тарихи нәтиже көрсетіп, жартылай финалға дейін жеткен «Атлас арыстандары» араға төрт жыл салып тағы да әлемдік футбол элитасының қатарынан көрініп отыр. Бұл табыстың артында ұзақ жылдарға есептелген мемлекеттік стратегия, футбол инфрақұрылымына салынған инвестиция, дарынды жастарды жүйелі даярлау және ұлттық құраманың дұрыс басқарылуы жатыр.

2018 жылғы әлем чемпионатында топтық кезеңнен аса алмаған Марокко бүгінде қатарынан екі мундиальда плей-оффтың басты кейіпкерлерінің біріне айналды. Бұл өзгерістің негізі бірнеше жыл бұрын қаланған болатын.

Реграги қалыптастырған жеңімпаз психологиясы

Марокко футболындағы жаңа дәуірдің бастауында Валид Реграги тұр. Ол 2022 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында ұлттық құраманың тізгінін небәрі үш ай бұрын қолға алған еді. Сол кезде федерация тәжірибелі бапкер Вахид Халилходжичпен қоштасып, құраманың көшбасшыларымен арадағы шиеленісті тоқтатуға мәжбүр болды.

Фото Getty Images

Реграги ең алдымен команданың ішкі атмосферасын өзгертті. Ол құрамадан тыс қалған Хаким Зиеш пен Нуссаир Мазрауиді қайта шақырып, ойыншылар арасындағы сенімді қалпына келтірді. Команда бір мақсатқа жұмылған отбасыға айналды.

Бапкер футболшылардың психологиялық дайындығына ерекше көңіл бөлді. Әлем чемпионаты кезінде ойыншылардың отбасы мүшелерінің, әсіресе аналарының команда жанында болуына мүмкіндік жасады. Бұл шешім құраманың бірлігін күшейтіп, Марокконың тарихи жетістігінің символына айналды.

Реграги ұлттық мәдениеттегі «Ния» ұғымын команданың басты философиясына айналдырды. Оның мағынасы – шынайы ниет, сенім және мақсатқа адалдық. «Диро Ния!» деген ұран футболшылардың бойына сенімділік ұялатып, қиын сәттерде жігер беретін қағидаға айналды.

Фото Getty Images

Уахби – жаңа дәуірдің сәулетшісі

2026 жылғы әлем чемпионаты алдында құраманы Мохамед Уахби қабылдап алды. Бұл жолғы ауыс-түйіс аяқ астынан болған жоқ. Реграги Африка кубогынан кейін кететінін алдын ала мәлімдеп, федерация жаңа бапкерді бірнеше ай бұрын анықтап қойған еді.

Уахби бұған дейін Марокконың жастар құрамасын әлем чемпионы атандырып, өзін болашағынан зор үміт күттіретін маман ретінде танытқан болатын.

Бельгияда дүниеге келген, педагогикалық білім алған Уахби кәсіби футболшы болмағанымен, жаттықтырушы ретінде ұзақ жолдан өтті. Ол «Андерлехт» академиясында түрлі жастағы командалармен жұмыс істеп, кейін негізгі құрамның бапкерлер штабына дейін көтерілді. Оның басты ерекшелігі – ойыншылардың психологиясын терең түсінуі.

«Жаттықтырушы алдымен өзін басқара білуі керек. Егер сен эмоцияңды бақылап, киім ауыстыратын бөлмені дұрыс басқара алсаң, ойыншылар сенің бұрын Чемпиондар лигасында жұмыс істеген-істемегеніңе қарамайды», – деген пікірі оның жұмыс философиясын айқын көрсетеді.

Мемлекеттік жоба – Марокко-2030

Марокконың бүгінгі жетістігінің негізінде «Марокко-2030» атты ауқымды мемлекеттік бағдарлама жатыр. Бұл жоба елдің Испания және Португалиямен бірге 2030 жылғы әлем чемпионатын қабылдауына дайындықпен қатар, футбол жүйесін түбегейлі жаңартуды көздейді.

Бағдарлама аясында:

Қазірдің өзінде 11-13 жастағы талантты балалар бақылауға алынып, олардың даму жолы ұлттық құраманың барлық сатыларымен байланыстырылады.

Натурализация – Марокконың басты қаруының бірі

Қазіргі Марокко құрамасының ерекшелігі – футболшылардың басым бөлігі Еуропада дүниеге келген.

Көптеген ойыншылар Франция, Бельгия, Испания немесе Нидерландта өсіп, сол елдердің академияларында тәрбиеленген. Алайда тарихи отанын таңдауды жөн көрді.

Қорғаушы Исса Диоп пен жас жартылай қорғаушы Аюб Буадди ұлттық құрамаға жақында ғана қосылды. Сонымен қатар Испанияда өскен Абдельхамид Риад, Францияда туған Эль-Мурабет пен Яссин, Бельгияда дүниеге келген Тальби секілді ойыншылар бүгінде құраманың маңызды бөлшегіне айналған.

Тіпті Нидерландқа қарсы матчтың белгілі бір кезеңінде алаңдағы барлық он бір футболшы Мароккодан тыс жерде дүниеге келген еді.

Фото Getty Images

Бұл – кездейсоқ құбылыс емес. Ел федерациясы Еуропадағы марокколық қауымдастықпен ұзақ жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Ойын стилі де өзгерді

Реграги кезінде Марокко қорғанысқа сүйенетін, қарсы шабуылдарға иек артатын команда ретінде танылды. Сол кезде Ясин Буну қақпада керемет өнер көрсетіп, Эн-Несиридің әуедегі шеберлігі мен Хакимидің жылдамдығы басты қаруға айналды.

Ал Уахби командаға мүлде басқа стиль әкелді.

Қазіргі Марокко допты ұзақ бақылауды жөн көреді, қысқа пастар арқылы шабуыл ұйымдастырады және қарсыласына қысым көрсетеді. Нидерландқа қарсы кездесуде допқа иелік ету көрсеткіші 70 пайызға жетіп, бұл әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңіндегі африкалық құрамалар арасындағы рекорд болды. Бразилиямен өткен ойында да марокколықтар 51 пайыз допқа иелік еткен.

Жартылай қорғаушы Браим Диас енді жеке дара шабуыл ұйымдастырушы емес, команданың негізгі диспетчеріне айналды. Ол Эль-Ханнус, Унахи, Эль-Айнауи және Буадди секілді футболшылармен тамаша байланыс орнатқан.

Ал Исмаэль Сайбари орталық шабуылда жаңа қырынан ашылып, топтық кезеңдегі барлық кездесуде гол соқты.

Тәжірибе мен жастық жігердің үйлесімі

Қазіргі Марокко құрамасының басты артықшылығы – тәжірибелі көшбасшылар мен талантты жастардың үйлесімі.

Ашраф Хакими, Ясин Буну, Унахи және Рахими секілді ойыншылар жас футболшыларға бағыт-бағдар беріп келеді. Өз кезегінде Буадди, Диоп, Сайбари және басқа жас ойыншылар командаға жылдамдық, батылдық әрі жаңа энергия қосты.

Капитан Хакими бірнеше мәрте жастардың ешқандай беделден қорықпайтынын, үлкен ойындарға психологиялық тұрғыдан дайын екенін ерекше атап өтті.

Марокко әлем чемпионы бола ала ма?

Мохамед Уахби құраманы қабылдаған сәттен бастап бір ғана мақсат қойғанын айтты – әлем чемпионы атану.

Бұл бұрын арман сияқты көрінгенімен, Марокконың қазіргі ойыны оған сенуге негіз береді. Команда жүйелі жұмыс істейді, ойыншылар бір-бірін жақсы түсінеді, құрам тереңдігі артып келеді және ең бастысы – жеңімпаз психологиясы қалыптасқан.

Канаданы 3:0 есебімен ойсырата жеңу – соның айқын дәлелі. Енді «Атлас арыстандарын» ширек финалда бұдан да күрделі сынақ күтіп тұр. Алайда қазіргі Марокко кез келген қарсыласқа қауіп төндіре алатынын бірнеше рет дәлелдеді.

Егер Уахби шәкірттері осы қарқынын сақтай алса, 2026 жылғы әлем чемпионатында тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізуі әбден мүмкін. Марокко бүгінде жай ғана сенсация емес, әлем чемпиондығына нақты үміткер командалардың біріне айналып отыр.

Оқи отырыңыз