«Маған өте өкінішті»: әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жанкүйерлеріне үндеу жасады

«Маған өте өкінішті»: әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жанкүйерлеріне үндеу жасады

Асқар Таудай
Фото: ҰОК

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2026 жылы Индиан-Уэллсте өтетін WTA қорытынды турниріне қатыспайтынын мәлімдеді. Спортшы ұзақ әрі қарқынды маусымнан кейін физикалық жағдайы жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермейтінін айтты.

Енді Рыбакина денсаулығын қалпына келтіріп, келесі маусымға дайындалуға көңіл бөлмек.

Қазақстандық теннисші бұған дейін Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде жеңіп алған чемпиондық атағын қорғауы тиіс еді. Алайда физикалық дайындығына байланысты ол маусымды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдады.

«Маған жанкүйерлеріме және мені қолдап жүрген барша адамға биылғы WTA қорытынды турнирінен бас тартуға мәжбүр екенімді хабарлау өте өкінішті. Мен үшін бұл керемет маусым болды, бірақ қазіргі уақытта ағзам жарыстарға физикалық тұрғыдан дайын емес. Біраз уақыт үйде болып, демалып, күш жинап, 2027 жылғы маусымға дайындаламын. WTA қорытынды турнирі – ерекше жарыс. Осы аптада қатысатын барлық теннисшіге сәттілік тілеймін. Наурыз айында Индиан-Уэллске қайта оралуды асыға күтемін!» – деді Рыбакина.

Жарыстан бас тартқанына қарамастан, қазақстандық теннисші 2026 жылғы маусымды жоғары нәтижемен аяқтады.

Ол бір маусымда 54 жеңіске жетіп, 14 рет жеңіліс тапты және төрт турнирде чемпион атанды.

Соның екеуі «Үлкен дулыға» санатындағы Australian Open мен US Open турнирлері болса, қалған екі титулды Штутгарт пен Нинбода өткен WTA жарыстарында жеңіп алды.

Маусымдағы табысты өнерінің арқасында Елена Рыбакина WTA әлемдік рейтингінде жыл қорытындысы бойынша бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Қорытынды турнирге қатыспауы оның 2026 жылғы рейтингтегі көшбасшылығына әсер етпейді.

Ал Рыбакинаның орнына негізгі жарысқа қосалқы құрамда тұрған украиналық теннисші Марта Костюк қатысатын болды. Ол Элина Свитолинамен бірге WTA қорытынды турнирінің жекелей сынында Украина намысын қорғайды.

Оқи отырыңыз

{