Мәдениет туралы заңға баспа және әдеби редактор тармағын енгізу керек - Мереке Құлкенов

15 Ақпан, 11:13 480

Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Мәдениет туралы заңға баспа және әдеби редактор туралы тармақты енгізуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елордада өтіп жатқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мереке Құлкенов қазақ жазушыларының мәртебесі туралы айтты.

Соңғы кездері еліміз өз мәдениетін заманауи тұрғыда өркендетуде айтарлықтай кемелді жұмыстар атқарып жатыр. Бүгінгі таңда қазақ театры мен музыка өнерін әлемге танытуда, әдебиетіміздің ең үздік үлгілерін өзге тілге аударуда жаңа бағдарламалар дүниеге келді. Осы мақсатта мемлекеттің мәдениетін қамқорлыққа алатын басты орган Мәдениет және ақпарат министрлігі қайта құрылды. Демек біздің көпсалалы мәдениетімізді өркендететін және насихаттайтын осы министрлік.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы барлық шығармашылық одақтар, жазушылар, одақтар, киногерлер, суретшілер мен сәулетшілер, кітапханашылар жаңа министрліктің қолдауымен жүзеге асып жатыр, - деді жазушы.

Мереке Құлкеновтің сөзінше, бүгінгі таңда қазақ қаламгерлерінің жағдайы жақсарып қалған. Талантты жазушылар мен ақындардың туындылары да назардан тыс қалған емес.

Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар және сатып алынатын жазбалар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұған дейін ең талантты жас ақын-жазушыларымыз президенттің жастарға арналған сыйлығын иеленді. 90 жылдық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» атауы, «Жұлдыз» журналдары мемлекеттің назарынан тыс қалған емес.

Иә, түсінеміз, әлемдік экономикалық дағдарыс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Ішкі және сыртқы қауіптер бар. Қаржы да тапшы. Алайда осынау қиындықтарға қарамастан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениеттің өркендеп, өсуі үшін барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Әдебиетіміздің әлемге танылуына бар күш-жігерімізді саламыз. Мәдениеттің басқа саласын айтпағанның өзінде, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның кітап шығару туралы тың бастамасы бәрімізді елен еткізді. Қазақстан жазушылар одағыда жұмыс істеп, қолдау көрсетіп жатыр, - деді ол.

Сонымен қатар Мәдениет туралы заңға жазушының мәртебесін енгізу туралы ұсынысты толық қолдайтынын айта кетті.

Сонымен бірге баспа мен әдеби редактор туралы да тармақ енгізуді ұсынамын. Өйткені соңғы кезде баспа да, редактор да кітап шыққан бойда ұмыт қалады. Әсіресе әдеби редактор деген мамандық иесін әлдеқайда жетілдіру уақыты жетті, - деді Мереке Құлкенов.

Миражан Махан
Бөлісу: