Жаңалықтар

Люкс-көліктер: Перизат Қайраттан тәркіленген машиналар қайда?

15.06.2026 17:40
Айзат Айдарқызы
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков Орталық коммуникациялар қызметінде Перизат Қайраттың қымбат көліктері кімге берілгенін айтты. 

Бұдан бұрын Перизат Қайрат тізгіндеген люкс санатындағы көліктер мемлекеттік органдарға берілгені туралы ақпарат шыққан. Комитет басшысының айтуынша, мұндай машиналар бюджет қаржысын үнемдейді. 

Жаңа көлік сатып алғанша, оларды тәркіленген мүліктің есебінен толтырған тиімдірек. Нормативтік-құқықтық актілерде құқық қорғау және мемлекеттік органдарға мұндай құқық берілген. Сондықтан бұл мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? – деді Н.Әділбеков.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мәліметінше, жаңа Mercedes көлігі – елордадағы полиция департаментіне, ал Lexus жол талғамайтын көлігі Қаржы министрлігінің меншігіне өткен. Тәркіленген басқа да көліктері қайда екені туралы ақпарат жоқ.  

фото: sauda.e-qazyna.kz

Бұған дейін Перизат Қайраттан тәркіленген қымбат көліктерді аукционға қойғанымен, ешкім сатып алуға ниет білдірмеген. 

Тағы қандай көлік тәркіленді?

Қаржы мониторингі агенттігі 2025 жылы қыркүйекте  Перизат Қайраттан тәркіленген мүліктің аукционға шығарылатынын хабарлады. Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй, Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold және "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендеріндегі бірнеше пәтер мен тұрақ орындары сатылымға шықты.

Одан бөлек, 2024 жылы шыққан Mercedes-Benz S450 көлігі, Lexus LX 600, Mercedes-Benz EQE и Haval H6 GT секілді қымбат автокөліктер тәркіленді. Гүл кәсібі мен қолма-қол 22 мың АҚШ доллары мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ атақты брендтердің күннен қорғайтын көзілдірігі, аяқкиімі мен аксессуарлары бар. 

фото: sauda.e-qazyna.kz

Биыл Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 514ARQ01 мемлекеттік нөмірлі қара түсті Haval H6 GT автокөлігін аукционға шығарды. Аталған көлік Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның ағасы Қырымгерей Алашбаевтың атында болған. Аталған көліктің бағалау құны – 11 939 000 теңге.

Есте болса, қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат алаяқтығы үшін 10 жылға сотталды. Сот үкіміне сәйкес, Перизат Қайрат пен оның анасы  Ғайни Алашбаева (оған да айыптау үкімі шыққан) 50 жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 1 млрд 582 млн теңге көлемінде материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, олар 22 млн теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын және әрқайсысы 698 мың теңгеден сот шығындарын төлеуі тиіс.

Оқи отырыңыз