«Лувр әсері»: Еуропада бағалы өнер туындылары жаппай жоғалып жатыр

«Лувр әсері»: Еуропада бағалы өнер туындылары жаппай жоғалып жатыр

Ажар Лаубаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Еуропада мұражайлардан бағалы өнер туындыларын ұрлау оқиғалары жиілеп барады. Былтыр Париждегі әйгілі Лувр мұражайында болған тонаудан кейін Франция, Италия және Испанияда бірнеше ірі ұрлық тіркелген. Әсіресе қауіпсіздік жүйесін күшейтуге қаржысы жетпейтін шағын мұражайлар қылмыскерлердің нысанасына айналып отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлімдеді.

Үш минутта 9 миллион еуроның картинасын ұрлап кеткен

Биыл 22 наурызға қараған түні Италияның Парма қаласы маңындағы Магнани Рокка қорының мұражайына екі ұры терезені бұзып кірген. Олар қараңғыда жолын жарықтандыру үшін маңдай шамдарын пайдаланып, қабырғада ілулі тұрған Поль Сезанн, Пьер Огюст Ренуар және Анри Матисстің картиналарын ұрлап кеткен.

Қылмыскерлерге небәрі үш минут жеткілікті болған. Олар жалпы құны 9 миллион еуроға бағаланған үш туындыны сыртта күтіп тұрған сыбайласына беріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Ал төртінші адам дабыл жүйесі іске қосылған кезде мұражай күзетшісінің назарын басқа жаққа аудару үшін өрт сөндіргішті пайдаланған.

Мұражай директоры Стефано Роффи сол түні қауіпсіздікке қатысты бірнеше мәселе қатар туындағанын айтады. Мәдени мұраға қарсы қылмыстарды зерттейтін барселоналық маман Марк Бальсельс мұндай жағдайды «Лувр әсері» деп атайды.

Біз дәл қазір «Лувр әсерін» байқап отырмыз. Егер Луврдың өзін тонау соншалықты оңай болса, ауылдағы немесе шағын қаладағы мұражайлардың жағдайын елестетіп көріңіз, – дейді зерттеуші.

Еуропада мұражай ұрлығы жиілеген

Луврдағы оқиғадан кейін Еуропаның бірнеше елінде өнер туындылары мен тарихи жәдігерлер қолды болған.

Мәселен, тамызда Италияның Сицилия аралындағы мұражайдан Қайта өрлеу дәуірінің суретшісі Антонелло да Мессинаның төрт туындысы жоғалған. Ал қыркүйекте Францияның Кан-сюр-Мер қаласындағы Ренуар мұражайынан суретшінің екі картинасы ұрланған.

Испанияда да осындай бірнеше қылмыс тіркелді. Бадахос пен Альбасете қалаларындағы мұражайлардан жүздеген көне алтын монета, ал Аликанте маңындағы Вильена қаласынан қола дәуіріне жататын құнды қазына ұрланған.

Еуропалық полиция ұйымы – Europol мәліметінше, соңғы уақытта мұражайларға жасалатын шабуылдар бұрынғыдан да өрескел сипат ала бастаған. Қылмыскерлер әсіресе алтын, асыл тастар және нарықта жоғары бағаланатын тарихи жәдігерлерге қызығушылық танытады.

Италияда 2025 жылы мұражайлар мен көркемөнер галереяларында 17 ұрлық тіркелген. Ал 2024 жылы мұндай 14 оқиға болған.

Мұражайлардың жартысына жуығында бейнебақылау жоқ

Мамандардың айтуынша, басты мәселе – шағын мұражайлардың қауіпсіздікке жеткілікті қаражат бөле алмауы.

Францияның Мәдениет министрлігі 2024 жылы жүргізген зерттеу мәдениет мекемелерінің тек төрттен бірінде төтенше жағдай мен қауіп-қатердің алдын алуға арналған арнайы жоспар бар екенін көрсеткен. Ал мекемелердің жартысына жуығы бейнебақылау жүйесімен жабдықталмаған.

Франция парламентінің биыл мамырда жарияланған баяндамасында да мұражайлардың қауіпсіздік шараларына дайындығы мен қаржылық мүмкіндігі жеткіліксіз екені айтылған.

Бұл мәселе Италия үшін де өзекті. Елде 4400-ден астам мұражай мен осыған ұқсас мәдениет мекемесі бар. Испанияда олардың саны шамамен 1500 болса, Францияда ресми мәртебесі бар 1200-ден астам мұражай жұмыс істейді. Бұдан бөлек, шағын жеке коллекциялар да аз емес.

Италиядағы Халықаралық мұражайлар кеңесінің президенті Антонелла Пиннаның айтуынша, елдегі тарихи жәдігерлердің әр өңірде сақталуы мәдени мұраны қорғауды күрделендіреді.

Біздің жүйенің ерекшелігі – өнер туындыларының өздері дүниеге келген жерлерде сақталуы. Бірақ қылмыскерлердің мұндай жәдігерлерге қол жеткізуін барынша қиындатуымыз керек, – дейді ол.

Маман қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тек заманауи технология орнату жеткіліксіз екенін де атап өтті.

Дабыл жүйесі іске қосылса, міндетті түрде оны тексеретін адам болуы керек, – дейді Антонелла Пинна.

Қауіпсіздікті күшейтуге 30 миллион еуро бөлінеді

Луврдағы тонаудан кейін Еуропаның бірқатар мұражайы қауіпсіздік шараларын қайта қарауға кіріскен.

Мысалы, Италияның Сансеполькро қаласындағы мұражайда қосымша камералар орнатылып, бейнежазбаларды сақтау мерзімі ұзартылған. Сондай-ақ келушілердің сөмкелері мен көлемді сырт киімдерін тексеру талаптары күшейтілген.

Қаланың мәдениет мәселелеріне жауапты өкілі Франческа Меркатидің айтуынша, Луврдағы оқиға жергілікті тұрғындарға да қатты әсер еткен.

Бұл оқиға бізге ауыр тиді. Өйткені мәдени мұра – Сансеполькроның болмысының ажырамас бөлігі. Бұл біздің жан дүниеміз, – дейді ол.

Францияның Мәдениет министрлігі шілдеде мұражайлардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған 33 тармақтан тұратын жоспар жариялады. Оны жүзеге асыру үшін алдағы үш жылда жергілікті мұражайларға 30 миллион еуро бөлу көзделген. Ал сақтандыру саласының мамандары өнер туындыларын ұрлау қаупіне бұрынғыдан әлдеқайда байыпты қарай бастаған.

Howden Specialty компаниясының өкілі Филиппо Геррини-Маральди 40 жылдық еңбек тәжірибесінде мұндай өзгерісті алғаш рет байқап отырғанын айтады.

40 жылдық еңбек жолымда өнер туындыларын ұрлау қаупінің осыншалықты күшейгенін алғаш рет көріп отырмын. Бұрын бұл елеусіз қауіптердің бірі саналатын, – дейді маман.

Қауіпсіздікті арттыру үшін жасанды интеллект мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр. Мәселен, Beazley сақтандыру компаниясы мұражайлардағы бейнебақылау жазбаларын талдап, күмәнді әрекеттерді ертерек анықтауға көмектесетін технологияларды зерттеуде.

Мұражайлар көпшілікке қолжетімді болып қалуы керек

Қауіпсіздік талаптарын күшейту маңызды болғанымен, мамандар мұражайларды келушілер үшін тым жабық орынға айналдырмау қажет екенін айтады.

Мәдениет мекемелерінің қауіпсіздігі жөніндегі кеңесші Флоранс Имбердің сөзінше, адамдар өнер туындыларын тамашалау үшін ондаған тексерістен өтуге мәжбүр болмауы тиіс.

Мұражайлар халыққа қолжетімді болып қалуы керек. Адамдар ішке кіру үшін 50 түрлі қауіпсіздік тексерісінен өтпеуі қажет, – дейді ол.

Ал Бельгиядағы Африка мұражайының қызметкері Жюльен Вольпер аса құнды жәдігерлерді қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген жағдайда ғана көпшілік назарына ұсынған дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, түпнұсқаларды көшірмелермен алмастыру да мәселенің түпкілікті шешімі бола алмайды.

Мамандардың алдында тұрған басты міндет – тарихи құндылықтарды сенімді қорғау мен келушілердің өнер туындыларын еркін тамашалауына мүмкіндік беру арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Ұрланған картиналар мұражайға қайтарылды

Италиядағы Магнани Рокка қорынан наурызда ұрланған үш туынды тамыз айында табылды. Тергеушілер оларды пәтерлердің бірінде жасырылған картон қораптың ішінен анықтаған.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Молдованың бес азаматы ұсталды. Тергеу барысында олардың ұрланған туындыларды Шығыс Еуропа мен Ресейден сатып алушыларға сатуға тырысқаны, бірақ әрекеттері нәтижесіз аяқталғаны белгілі болды.

Қазір картиналар мұражайға қайтарылған. Ал қордың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы күзет ұйымдастырылған. Оған жергілікті ірімшік өндірушілер консорциумы қаржылай қолдау көрсетіп отыр.

Мұражай директоры Стефано Роффидің айтуынша, ұрлықтан кейін Италия мен өзге елдердегі өнер жанашырлары қорға ерекше қолдау білдірген.

Адамдар мұны жай ғана мұражайдағы ұрлық емес, бәрімізге ортақ мәдени мұраға жасалған шабуыл ретінде қабылдады, – дейді ол.

Оқи отырыңыз

{