23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Талант қайтсе де тасты жарып шығады. 22 жастағы нигериялық ару Рэйчел Оджурами Chanel-дің 2027 жылғы көктем-жаз топтамасында модель ретінде подиумға шықты. Логос көшелерінде бойжеткен қызды кәсіби модель деп ойласаңыз, қателесесіз. Ол биыл көктемнен бері дизайнер досымен бірігіп Instagram-да контент түсіруді бастаған. Әлеуметтік желінің күші сондай, Африка құрлығынан ары асып көрмеген сұлуды Париж төріне апарды.
Рэйчел Оджурами Нигерияның Лагос қаласында дүниеге келген. Оның балалық шағы сән индустриясымен тікелей байланысты болғанымен, модель болуды армандамаған. Анасы жергілікті базарда киім-кешек сатып, саудамен айналысқан. Сондықтан Рэйчел кішкентайынан түрлі-түсті мата мен киімдердің ортасында өсті.
Дегенмен ол нейрохирург атанғысы келген. Оған америкалық дәрігер Бен Карсонның өмірі жолы ұнағаны сондай, болашақта адам өмірін арашалап қалатын маман болғысы келген. Бірақ жоғары оқу орнына түсе алмай, бір жыл үзіліс алады. Осы аралықта кино түсіруге, шығармашылыққа бет бұрады. Кейін медицинадан гөрі өнердегі жұмысы қоғамға көбірек пайдасын тигізетінін түсінеді.
Лагостағы Chanel топтамасы
Рэйчелдің танымал болуына оның әлеуметтік желідегі ерекше видеолары себеп болды. Ол сәнді фотосессия жасау үшін қымбат студия іздеген жоқ. Өзі өскен Лагос көшелерін шығармашылығының негізгі алаңына айналдырды.
Оған бала күнгі досы, стилист әрі дизайнер Дебби Фасингха көмектесті. Ал Одей Икпа түсірілім жұмыстарына жауап берді. Олар оқырманға қымбан бренд сатып алмай-ақ, сәнді киінуге болатынын көрсетті. Базардан, секонд-хендтен Chanel топтамасындағы киімдерге ұқсас дүниені тауып, үйлестіре білді.
Оның Instagram парақшасына бір айдың ішінде 20 мың оқырман жиналды. Үш айдан соң оқырман саны 90 мыңға жетті. Сонда Рэйчел жанкүйерлеріне алғысын айтып, ерекше жазба жариялады.
Видеоларымыз сырттай қарағанда жай ғана әдемі сәттердің жиыны сияқты көрінуі мүмкін. Кейбірінде сіз байқамайтын дүние жатыр. Соңғы бес видеомызды Chanel сән үйінің 2026 жылғы Métiers d'Art топтамасынан шабыт алып, түсірдік. Достардың арасында туған идея 90 мың адамның басын біріктіріп отыр. Әрқайсыңыздың қолдауыңызға алғыс айтамын, – деп жазды ол.
Нигериялық арудың оқырмандары күн сайын көбейіп жатты. Бір видеосында сәнді киіммен базарға барып, көкөніс сатып алса, енді бірінде басына банан салынған себеті қойып, жолдың қақ ортасына шығады. Рэйчелдің айтуынша, олар үшін белгілі бір дизайнердің киімін дәлме-дәл көшіру мақсат емес, сол коллекцияның идеясын, болмысын, астарындағы ойды жеткізу болған. Сол үшін қолда бар заттардан ерекше образ құрастыруға тырысқан.
Париж төріндегі дебют
Әлеуметтік желіде жариялаған контенті Рэйчелдің өмірін түбегейлі өзгертті. Оған белгілі модельдер, танымал тұлғалар пікір жазып, қолдау білдірді. Ақыры, лагостық қыздың көзжауын алатын аутфиті Chanel-дің шығармашылық директоры Матье Блазидің көзіне түседі. Сөйтіп, белгілі сән маманы Оджурамиді Париждегі көрсетілімге шақырады.
Биыл қазан айында Рэйчел Париждегі Chanel-дің 2027 жылғы көктем-жаз топтамасының көрсетіліміне қатысады. Ол сұр мен сары түсі араласқан твид матасынан тігілген киім киеді. Шашын жинап, табиғи макияж жасаған күйі сахнаға шығады. Қуанышын жасырмай, көзіне жас алады. Оған тәжірибелі модельдер Анок Яй мен Бхавита Мандава қолдау білдіреді.
Алғаш рет Африка құрлығынан сыртқа шықтым. Сәл қысылып тұрмын... Енді әлемді аралайтын кез келді ме? – Рэйчел парақшасында өміріндегі ерекше сәт туралы осылай жазды.
Кейін Vogue басылымына берген сұхбатында, 2020 жылдан бері Парижге баруды армандағанын айтады. Тіпті бір кездері қиялына қанат бітіріп, әлеуметтік желіде осы қалада өмір сүріп жүргені туралы жазған екен. Бұдан басқа Elle, Dazed, Interview сияқты танымал басылымдарға сұхбат бергені тағы бар.
Африка өнерпаздарын қолдайды
Рэйчел Оджуромиді тек модель ретінде таныстыру оның шығармашылық болмысын толық ашпайды. Ол – режиссер, креативті директор әрі жас африкалық өнерпаздарды қолдауға бағытталған The Process Africa платформасының негізін қалаушы.
Бұл жобаны құруына Нигерияның Илорин қаласына жасаған сапары себеп болған. Сол жерде музыка, сурет өнері, сәнге қызығатын көптеген жас талантты кездестіреді. Бірақ олардың еңбегін көпшілікке таныстыратын, шығармашылық жолын насихаттайтын алаңның жоқ екенін байқайды.
Сөйтіп, олардың жұмысын көпшілікке таныстыруға арналған платформа жасайды. Модель үшін шынайы табыс – қолда барды өзгемен бөлісіп, тағы бір африкалықтың әлемге танылуына мүмкіндік беру.
23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?23 Қараша, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік