Жаңалықтар

Lexus көпшілікті таңғалдырмақ: жаңа кроссовер несімен ерекшеленеді

22.05.2026 18:17
Мадина Асылбекова
Фото: Lexus

Lexus компаниясы өзінің ең шағын кроссоверлерінің бірі – UX моделінің жаңа буынын таныстыруға дайындалып жатыр.

Жапониялық БАҚ таратқан мәліметтерге қарағанда, көлік тек сыртқы дизайны жағынан ғана емес, техникалық тұрғыдан да айтарлықтай өзгереді. Сонымен қатар кроссовердің көлемі де ұлғаюы мүмкін.

Lexus UX алғаш рет 2018 жылы нарыққа шыққан болатын. Кейін модель 2022 жылы рестайлингтен өтіп, 2023 жылы 300h гибридті нұсқасымен толықты. Алайда соған қарамастан UX сегменттегі басты бәсекелестерімен салыстырғанда аса жоғары сұранысқа ие бола алмады.

Дегенмен Lexus бұл модельден бас тартуға асықпайтын сияқты. Тіпті жақында бренд қатарында оған ұқсас ықшам Lexus LBX кроссовері пайда болғанына қарамастан, UX желідегі орнын сақтап қалмақ.

Carview

Компания жаңа буындағы UX-ті әлдеқайда «ересек» әрі батыл стильде ұсынуға ниетті көрінеді. Себебі қазіргі модельдің дизайны бәсекелестердің фонында жеткілікті деңгейде ерекшелене алмады деген пікір жиі айтылатын.

Алғашқы рендерлерге қарағанда, жаңа Lexus UX бұрынғыдан биік әрі ұзындау болады. Көліктің алдыңғы бөлігі түбегейлі өзгеріске ұшыраған. Кроссоверге көп деңгейлі жаңа фаралар, жаңартылған күндізгі жарық шамдары, қайта жасалған радиатор торы және оптикаларды біріктіретін хром элементі орнатылуы мүмкін.

Бүйір бөліктерінде де өзгеріс көп болады деген болжам бар. Сыртқы бөлігінде сызықтар пайда болып, бұл өз кезегінде кроссоверге спорттық образ беруі ықтимал.

Алайда басты жаңалық дизайнда емес, техникалық бөлікте болуы мүмкін. Lexus UX гибридті нұсқадан бас тартпайды деген ақпарат тарады. Керісінше, модель жаңа буындағы тиімдірек гибрид жүйесін алуы ықтимал.

Carview

Жаңа жүйенің негізінде Toyota әзірлеп жатқан 1,5 литрлік төрт цилиндрлі турбомотор қолданылуы мүмкін. Бұл қозғалтқыш қазіргі 2,5 литрлік атмосфералық мотордың тиімділігіне жақын болғанымен, әлдеқайда ықшам әрі жеңіл болады. Соның арқасында көлікті басқару жеңілдеуі мүмкін.

Сондай-ақ жаңа UX форматы жағынан Lexus LBX-тен ерекшеленеді. Оның шанағы биігірек әрі пропорциясы басқаша болады деп күтіліп отыр.

Әзірге бұл ақпараттардың барлығы ресми түрде расталған жоқ. Дегенмен бір нәрсе анық: Lexus UX модельдік қатардан жоғалмайды және алдағы бірнеше жылда жаңа буын кроссовер ретінде қайта оралуы мүмкін.

Оқи отырыңыз