23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Белді айқындайтын жакеттер, қарындаш пішінді белдемшелер, шағын сөмкелер мен әсем әшекейлер сән әлемінің назарын қайта аударды.
Бірнеше маусым бойы еркін әрі кең киімдерге басымдық берген сәнқойлар енді нәзік, жинақы силуэттерге бет бұра бастады. Ледилайк эстетикасы жаңаша сипат алып, күнделікті киім үлгісіне де еніп жатыр.
Бірнеше маусым қатарынан кең джинс, көлемді күртеше мен жайлы тоқыма киімдер сәннің басты нышанына айналды. Ал қазір сән әлемі әйелдік болмысты айқындайтын үлгілерге қайта назар аударып отыр. Белі қынамал жакеттер, қарындаш пішінді белдемшелер, твид костюмдер, шағын сөмкелер мен нәзік әшекейлер подиумдарда да, көше сәнінде де жиі көріне бастады.
Бұл бағыт ледилайк (ladylike) деп аталады. 2026 жылдың күз-қыс маусымында оның ықпалы Chanel, Dior және Celine сән үйлерінің топтамаларынан айқын байқалды. Дегенмен бұл өткен ғасырдың ортасындағы ханымдар гардеробын сол күйінде қайталау деген сөз емес. Қазіргі ледилайк әлдеқайда еркін әрі өмірге жақын. Твид жакетті джинс матадан тігілген шалбармен, қарындаш белдемшені кең жемпірмен, ал інжу әшекейлерді қарапайым футболкамен үйлестіруге болады, яғни нәзік стиль енді қатаң киім үлгісіне бағынуды талап етпейді.
Ледилайк деген қандай стиль және ол неге қайта сәнге оралды?
Ladylike сөзі ағылшын тілінен аударғанда «ханымға тән» деген мағынаны білдіреді. Сәнде бұл ұғым жинақы пішінге, әсем тігіске, сымбатты силуэтке және ұқыпты таңдалған бөлшектерге негізделген эстетиканы сипаттайды.
Стильдің қалыптасуына өткен ғасырдың 1950-1960-жылдарындағы әйелдер гардеробы әсер етті. Белі қынамал жакеттер, тізеден төмен түсетін белдемшелер, твид костюмдер, қолғаптар, інжу-маржан мен қысқа тұтқалы шағын сөмкелер – осы бағыттың негізгі белгілері.
Бұл эстетиканың басты шабыт көздерінің бірі – ХХ ғасырдың ортасындағы стиль иконалары Жаклин Кеннеди мен Грейс Келлидің образдары. Алайда бүгінгі дизайнерлер сол дәуірдің киім үлгілерін жаңаша ұсынады.
Мәселен, классикалық жакетті енді джинс шалбармен киюге болады. Ал інжу сырға міндетті түрде салтанатты образға ғана жарасады деген қағида жоқ. Керісінше, өзгеше әшекей күнделікті киімнің өзін ерекше етіп көрсете алады.
Інжу, брошь және шағын сөмке: аксессуарлардың рөлі
Ледилайк стилінде аксессуарлар қосымша деталь ғана емес, образдың мінезін айқындайтын маңызды элемент саналады. Кейде қарапайым киім жиынтығын бір әшекейдің өзі-ақ өзгеше етіп жібереді.
Бұл бағытта інжу-маржан бұйымдары, брошь, былғары қолғаптар және қысқа тұтқалы шағын сөмкелерге назар аударған жөн.
Бірақ заманауи ледилайк аксессуарлардың барлығын бірден тағу керек дегенді аңғартпайды. Мәселен, брошьті джинстан тігілген күртешеге немесе классикалық пальтоға қадауға болады. Інжу сырғаны күнделікті жемпірмен үйлестірсеңіз де жарасымды көрінеді. Ал пішіні айқын шағын сөмке кең шалбар мен еркін жейденің сәнін аша түседі. Бұл дегеніміз – образыңызда бір нәзік сипаттағы ерекше бөлшек болса жеткілікті деген сөз. Қалған киім қарапайым әрі ұстамды болса, үйлесім әлдеқайда сәтті шығады.
Қыста ледилайк стилін қалай үйлестіруге болады?
Суық мезгілде де нәзік әрі сымбатты образдан бас тартудың қажеті жоқ. Твид жакеттің үстінен пішіні түзу жүн пальто киюге, миди белдемшені биік етікпен үйлестіруге, ал жұқа блузканы кардиганның немесе жакеттің ішінен киюге болады.
Образға ерекше реңк бергіңіз келсе, былғары қолғап, жібек орамал немесе брошь қосыңыз. Мұндай ұсақ детальдар киімге жинақылық пен талғампаздық сыйлайды.
Сонымен бірге өткен дәуірдің мінсіз ретро образын басынан аяғына дейін қайталауға тырыспаған жөн. Ледилайк эстетикасы күнделікті киімдермен араласқанда әлдеқайда заманауи көрінеді. Джинс, көлемді тоқыма киім, дөрекілеу аяқкиім мен кең пальто нәзік әрі классикалық бөлшектерге жақсы контраст жасайды.
23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?23 Қараша, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік