05.02.2026
10:01
1154
Lamborghini, миллиондаған ақша: Жанабыловтар ісі бойынша тергеу аяқталды

Lamborghini, миллиондаған ақша: Жанабыловтар ісі бойынша тергеу аяқталды

Қаржылық мониторинг агенттігі блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Тергеу нұсқасы: схема қалай жұмыс істеген?

Тергеу деректеріне сәйкес, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты блогерлер аудитория сенімін пайдаланып, заңсыз табыс тапқан. 2025 жылы олар онлайн-курс сату түріндегі схема ұйымдастырып, қызықтыру тетігі ретінде қымбат жүлделер ойнатылатынын жарнамалаған.

Оқи отырыңыз:

«Білім» атымен бүркемеленген контент

Алайда тергеу барысында ұсынылған видеоматериалдардың ешқандай білім беру құндылығы болмағаны анықталды. Контенттің едәуір бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл материалдар лицензиясыз лотерея өткізуге тек бүркеніш ретінде пайдаланылған.

Жүлде қоры қалай жасақталған?

Қоғам алдында жүлде қоры блогерлердің жеке қаражаты есебінен қалыптасты деп айтылғанымен, іс жүзінде ол қатысушылардан «онлайн-курсқа төлем» ретінде жиналған қаржыдан құралған.

Тергеу электронды «сәттілік барабанының» параметрлеріне әдейі өзгеріс енгізілгенін анықтады. Нәтижесінде 5 мың теңгелік ұтыстың ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал бағалы жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі барынша төмендетілген.

Сонымен қатар күдіктілер ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлік табыстайтынын жария түрде мәлімдеген. Бұл акцияның қамту аясын кеңейтуге бағытталғаны айтылды. Алайда Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және жүлде берілмеген.

Қанша қаражат жиналған?

Агенттік деректеріне сәйкес, Zhana Business ЖШС-нің бақылауындағы есепшоттарға азаматтардан жалпы сомасы 247,5 миллион теңге түскен. Оның 60 миллион теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.

Мүлікке тыйым салынды

Сот санкциясымен 10 автокөлікке, оның ішінде Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 көліктеріне, сондай-ақ iPhone 17 телефонына тыйым салынды.

Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалған. Қазір олар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

Іс қалай қылмыстық сипат алды?

Еске салайық, 2025 жылдың 9 қазанында апелляциялық алқа блогерлердің шағымын қанағаттандырмай, істі әкімшілік сипаттан қылмыстық өндіріске ауыстыруға мүмкіндік берген.

Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын ресми растады. Оларға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұрғаны да айтылды.

Ал агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, бастапқы кезеңде мәселені сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік болған.

Егер Жанабыловтар біз шақырған кезде ынтымақтастық танытқанда, іс сотқа жетпеуі де мүмкін еді, – деді ол Сенаттағы брифингте.

Елемесовтің мәлімдеуінше, агенттік 37 блогерге қатысты материалды уәкілетті органдарға әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жолдаған. Алайда Жанабыловтар өз кінәсін мойындамай, өтінішхат берген соң іс сотқа өткен. Сот процесі барысында қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталған болуы мүмкін.

Айта кетейік, кейбір блогерлер, соның ішінде Нұрбек Нұртаза (Just King), тағылған айыппен келісіп, айыппұл төлегеннен кейін тек әкімшілік жауапкершілікпен шектелген.

Жанабыловтар дегеніміз кімдер?

Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова – Қазақстандағы ең танымал блогерлердің қатарында. Ерболаттың Instagram парақшасына 8,4 миллион, ал Эльмираның аккаунтына 7,1 миллион адам жазылған. Олардың жазбалары тұрақты түрде миллиондаған қаралым жинайды.

Бұған дейін блогерлердің ең қымбат тортқа тапсырыс бергені туралы жазғанбыз