14.07.2025
17:19
3908
«Күйзелісте жүрген»: Үндістандағы ұшақ апатына ұшқыштар кінәлі ме?

«Күйзелісте жүрген»: Үндістандағы ұшақ апатына ұшқыштар кінәлі ме?

Үндістанда Air India әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 260 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. Тергеу барысында негізгі назар ұшқыштардың әрекеттері мен ұшақтың техникалық жай-күйіне аударылды.

Апат қалай болды?

12 маусым күні Ахмадабадтан Лондонға бағыт алған Boeing 787 Dreamliner ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлады. Ұшақ бортында болған 241 адам және жердегі 19 тұрғын көз жұмды. Тек бір жолаушы ғана тірі қалды.

Мамандардың айтуынша, ұшақ көтеріле бергенде ұшқыштар кабинадағы екі жанармай тұтқасының «өшірулі» режиміне ауыстырылғанын байқаған. Ал бұл қозғалтқыштарға жанармай беруді автоматты түрде тоқтатқан.

Дегенмен бұл тұтқаларда кездейсоқ қозғалып кетуді болдырмайтын арнайы қорғаныс бар, яғни режіимді тек оларды арнайы көтеріп, бұру арқылы ғана өзгертуге болады. Сарапшылар бұл оқиғаның кездейсоқтық емес екенін, не ұшқыштың қателігі, не саналы түрде жасалған әрекет болуы мүмкін екенін айтады.

Экипаж кімдер болған?

Ұшақты 28 жастағы екінші ұшқыш Клайв Кундер басқарған. Оның ұшу тәжірибесі – 3400 сағат. Онымен бірге кабинада болған 55 жастағы командир Сумит Сабхарвалдың тәжірибесі – 8200 сағаттан астам. Ол ұшу барысын бақылаған.

БАҚ-тағы мәліметтерге қарағанда, Сабхарвал соңғы жылдары бірнеше рет ауруханаға жатып шыққан, оның ішінде психикалық денсаулығына қатысты мәселелер болғаны айтылады. Анасының өлімі де оны қатты күйзеліске ұшыратқан. Дегенмен Air India ресми түрде ұшқыштың медициналық тексерістен өткенін және рейске жіберілгенін мәлімдеді.

Қара жәшік не көрсетті?

Ұшақтың жазу құрылғысындағы (қара жәшік) деректер бойынша, апат сәтінде ұшқыштардың бірі әріптесіне:

Неге жанармайды өшірдің? – деген сұрақ қойған.

Екіншісі бұл әрекетті жасамағанын айтып, тез арада қозғалтқышты қайта қосуға тырысқанымен, қажетті биіктік пен уақыт жетпей қалды.

Ұшқаннан кейін екі минуттан соң эфирде «Mayday, Mayday, Mayday» деген апат сигналы пайда болған.

Әуе компанисы мен билік шындықтан жалтарып отыр ма?

Апатқа дейін ұшақта техникалық жағынан ақау болмағаны көрсетілген.

Салмағы қалыптан аспаған, қауіпті жүк тасымалданбаған және жанармай сапасы тексеруден өткен.

Алайда қаза тапқандардың туыстары бұл қорытындылармен келіспейді. Олар авиакомпания мен билікті шындықты жасырып, бар кінәні қайтыс болған ұшқыштарға аударуға тырысып жатыр деп айыптауда.

Айта кетейік, Ахмедабадтан Лондонға ұшып шыққан әуе кемесі көп ұзамай апат болып, ұшақ студенттер жатақханасына құлаған.