Бүгiн, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрікАстанада тоғыз күнге созылған күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталды. 24 қазан мен 1 қараша аралығында «Барыс Арена» төрінде әлемнің үздік балуандары бас қосты. Қазақстан құрамасы бас-аяғы бес медаль жеңіп алды. Бір күміс пен төрт қола жүлде иеленген ұлттық құрама жалпы есепте 15-орынға тұрақтады.
Биыл еліміз жеті жыл үзілістен кейін әлем чемпионатын қайта қабылдады. Астанаға Грек-рим, әйелдер және еркін күрес бойынша әлемнің таңдаулы балуандары келді. Халықаралық күрес федерациясының мәліметінше, жарысқа 900-ге жуық спортшы қатысуға өтінім берген. Ал ұйымдастырушылар жариялаған алдын ала дерек бойынша, әлем чемпионатына 135 елдің өкілі тіркелген. Бұл – ересектер арасындағы әлем чемпионаттары үшін рекордтық көрсеткіш.
Қайпановтың күмісі
Ұлттық құрама сапынан Нұрқожа Қайпанов барын салып, әлем чемпионатының күмісін еншіледі.74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен балуан финалға дейін сенімді жеткенімен, шешуші белдесуде ресейлік Инальбек Шериевке жол берді. Турнирдің соңғы жекпе-жегінің әрі ел сенімінің салмағы ауыр болғандай, спортшының өзі де «жауапкершіліктің салмағы әсер етті ме, әйтеуір аяқ-қолым істемей қалды» деп ағынан жарылды.
Бүгінгі белдесу мен үшін өте қиын болды. Негізі толық дайын болдым. Алайда өзіме шамадан тыс жауапкершілік жүктеп алған сияқтымын. Әсіресе командаластарымның жеңілісінен кейін ауыртпалық түскендей болды. Енді қазақ халқын қуантқым келді. Бірақ бүгінгі финалда Ресей балуаны басым түсті, – деді Нұрқожа балуан.
Отандасымыз финалға дейін төрт белдесуде жеңіске жетті. Ол Косово өкілі Эгзон Хониден, Әзірбайжан балуаны Туран Байрамовтан, Тәжікстан өкілі Виктор Рассадиннен және жапониялық Йошиносуке Аоягиден басым түсті.
Айта кетерлігі, Нұрқожа Қайпанов үш рет әлем чемпионатының финалына шықты. 2024 жылы әлем чемпионы атанып, 2019 жылы күміс, ал 2025 жылы қола медаль иеленді. Финалдық белдесуден кейін ол осы салмақта ары қарай өнер көрсететінін мәлімдеді.
Алдағы уақытта да осы салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін. Төрт жарыс қатарынан осы салмақта күрестім. Сондықтан әлі де өзімді дәлелдеп, биік белестерді бағындыруым керек, – деді ол.
Төрт қола жүлде бар
Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен елордада өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. Отандасымыз 60 келіге дейінгі салмақтың қола жүлдесі үшін Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері және 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Цао Лигомен жолықты. Тартысты өткен айқаста Айдос Сұлтанғали 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Даңқты балуан ел сенімін ақтап, екінші жыл қатарынан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Былтыр Айдос Сұлтанғали Загребте өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан-ды.
Одан бөлек, 55 келі салмақта өнер көрсеткен Исхар Курбаев та қола медаль еншіледі. Бағдат Сабаз болса 67 келіде қола жүлде үшін өткен белдесуде Әзербайжанның Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Хасрат Джафаровты 8:5 есебімен жеңді. Жас балуанның жанкешті жеңісі көрермендерді тәнті етті.
Әйелдер күресінде Зейнеп Баянова ел қоржынына қола медаль салды. 50 келіде белдескен отандасымыз жүлде үшін өткен кездесуде Беларусь өкілі Наталья Варакинадан 6:1 есебімен басым түсті. Бұған дейін Өзбекстан мен Моңғолия балуандарын жеңіп, жартылай финалда үндістандық Ниламға есе жіберген болатын. Бұл – Қазақстан әйелдер құрамасының осы әлем чемпионатындағы алғашқы медалі.
Осылайша, Қазақстанның бес жүлдесінің үшеуі – грек-рим күресінен, біреуі – әйелдер күресінен, біреуі еркін күрестен бұйырды. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша үш күрес түрінің командалық есебінде АҚШ, Иран, Ресей, Жапония сынды елдер көш бастады. АҚШ құрамасы 7 алтын, 2 күміс және 6 қола иеленіп, көш бастады. Иранның еншісінде 6 алтын, 4 күміс, 5 қола бар. Ал Ресей құрамасы 4 алтын, 3 күміс және 7 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді. Қазақстан 15-орынға тұрақтады.
Жекелеген күрес түрлерінде де командалық бәсеке қызықты өтті. Грек-рим күресінде Иран 192 ұпаймен бірінші орын алса, еркін күресте АҚШ 194 ұпай жинап, Ресейден (185 ұпай) озып кетті. Әйелдер күресінде де АҚШ құрамасы 137 ұпаймен жеңімпаз атанды.
Астанадағы әлем чемпионаты тек жүлделерімен ғана емес, жанкүйерлердің есінде қалған тартысты белдесулерімен де ерекшеленді.
Нұрқожа Қайпанов пен Инальбек Шериевтің ақтық айқасы
74 келіде өткен бұл кездесу Қазақстан жанкүйерлері үшін турнирдің ең маңызды белдесулерінің бірі болды. Қайпанов өз алаңында әлем чемпионы атануға жақын болғанымен, шешуші сәтте ресейлік қарсыласына жол берді. Шериев мансабындағы алғашқы әлем чемпионатының алтынын иеленді.
Кайл Снайдер мен Араш Ёсида текетіресі
97 келіде АҚШ өкілі Кайл Снайдер мен жапониялық Араш Ёсида арасындағы белдесу де жарыстың ең тартысты сәттерінің бірі болды. Кездесудің соңғы минутында Снайдер екі нәтижелі әдіс жасап, 4:4 есебімен жеңіске жетті. Тең есепте соңғы ұпайды иеленген америкалық балуан бесінші әлем чемпионатының алтынын жеңіп алды.
Манишаның тарихи жеңісі
Үндістандық Маниша 59 келінің финалында АҚШ балуаны Эбигейл Неттеден 0:6 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын өз пайдасына аударды. Нәтижесінде 8:6 есебімен жеңіске жетіп, Үндістан тарихындағы әйелдер күресінен тұңғыш әлем чемпионы атанды. Бұл – турнирдің ең әсерлі камбэктерінің бірі.
Спенсер Лидің 26 секундтағы жеңісі
57 келіде америкалық Спенсер Ли мексикалық Роман Браво Янгты небәрі 26 секундта 10:0 есебімен жеңді. Айта кетерлігі, Ли жарысқа дейін жаттығу кезінде оң тізесінің алдыңғы айқас байламын қайта жарақаттаған. Соған қарамастан, әлем чемпионы атанды.
Бүгiн, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді