"Күніне 8 сағат ұйықтау маңызды емес" - ғалымдар

8 Қараша 2023, 16:00 4519

Бізге осы уақытқа дейін беріліп келген нұсқаулықтар бойынша ересек адам күніне кем дегенде 7-8 сағат ұйықтау керек. Себебі, ұйқының аздығы денсаулыққа кері әсерін тигізіп, әртүрлі аурулардың бастауы болуы мүмкін. Бірақ, шынымен де аз уақыт ұйықтау денсаулыққа тек кері әсерін тигізе ме? Мүмкін, дәрігерлер де қателесетін шығар? Осы  сұрақтарға el.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жауап іздеп көрді.

Халықаралық ғалымдар ұйымы ұйқының ұзақтығы мен мидың жұмысының бір-біріне қаншалықты байланысы бар екенін анықтауға кіріскен. Ол үшін 20-89 жас аралығындағы 47 мың еркек пен әйелдің басын МРТ-ға түсіріп, ұйқыларының ұзақтығын есептеді.

Егер, күніне 6,5 сағат ұйықтасаңыз да толық 8 сағат ұйықтасаңыз да айырмашылық білінбейді. МРТ қортындысы мен зерттеу нәтижесі бойынша аталған екі уақытта да ми мен адам ағзасы толық дем алып, қалпына келіп үлгереді – дейді ғалымдар.

Зерттеу нәтижесінде ғалымдар ұйқының ұзақтығы мен мидың жұмысының арасындағы байланыс туралы дәлел таппады. Алайда, олар мидың жақсы жұмыс істеуі үшін орта есеппен 6,5 сағат ұйықтау керек деген қортындыға келді.

Бір ескере кететін жайт бар. Мысалы, адамдардың генетикалық айырмашылықтары мен әр адамның өз алдына индивид екенін ескерсек, бұл барлығына айтылған нұсқаулық деп қабылдамау керек. Одан бөлек, әр адамның ұзақ жылдар бойы сақтап келген ұйқы режимі бар екенін ескерсек, біздің тұжырым ондай адамдарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Алайда, біздің зерттеудің қортындысы бойынша, күніне 6,5 жарым сағат ұйықтаған адамның миында қалың қыртыс түзіліп, мидың жұмысы жақсара түседі. Сол үшін 8 сағат ұйқы деген стереотиптен құтылуымыз керек. Адам миының толық тынығуы үшін 6,5 сағат ұйқы да жетеді – деп мәлімдеді ғалымдар.

Айта кетейік, зерттеу нәтижелері  Nature Human Behaviour журналына жарияланған болатын.

Равиль Ашығали
Бөлісу: