Күн бетіндегі қара дақтар неге «жаншылып» жатыр? Ғалымдар түсіндірді

Күн бетіндегі қара дақтар неге «жаншылып» жатыр? Ғалымдар түсіндірді

01.07.2026 18:11
Көктем Қарқын
Фото: Global Look Press

Күн бетіндегі алып қара дақтардың пішіні соңғы күндері айтарлықтай өзгеріп, ғалымдардың назарын аударды. Мамандар бұл құбылысты Күндегі көршілес белсенді аймақтар арасында энергияның қайта бөлінуімен байланыстырып отыр.

Олардың айтуынша, мұндай өзгерістер Күннің табиғи белсенділік циклінің бір бөлігі болғанымен, жаңа қуатты жарқылдардың пайда болуына да әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Ресей ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институты жанындағы Күн астрономиясы зертханасы хабарлады.

Күндегі «энергия тасымалы» қалай жүреді?

Ғалымдардың түсіндіруінше, Күннің 4478-белсенді аймағында жиналған қуатты магниттік энергия көршілес 4479 және 4475-аймақтарға ауысып жатыр. Соның салдарынан бұл аймақтарда энергия мөлшері күрт артып, күн дақтарының қалыпты құрылымы өзгере бастаған.

Фото: radiovan.fm

Мамандардың айтуынша, бұл құбылысты қарапайым тілмен айтқанда, бір аймақ өзіндегі артық энергияны көрші аймақтарға «төгіп» жатыр. Нәтижесінде күн дақтары қысылып, созылып, пішіні қатты бұрмаланғандай көрінеді.

«Күндегі дақтар топтары айтарлықтай деформацияланып жатыр. 4478-аймақ өзінің бүкіл энергиясын көршілес екі аймаққа беруде», – деп мәлімдеді зертхана мамандары.

Күн дақтары дегеніміз не?

Күн дақтары – Күн бетіндегі температурасы айналасындағы аймақтарға қарағанда төменірек болатын қара түсті бөліктер. Олар қара болып көрінгенімен, іс жүзінде өте ыстық. Дақтардың пайда болуы Күннің күшті магнит өрістерімен байланысты.

Осындай белсенді аймақтарда магнит өрістері қайта құрылып, мол энергия бөлінеді. Соның нәтижесінде Күн жарқылдары немесе плазманың ғарышқа лақтырылуы сияқты құбылыстар орын алады.

Күн тағы да күшті жарқыл шығарды

Мамандардың мәліметінше, 30 маусым күні Күнде қуаты бойынша алдыңғы қатардағы М класына жататын үшінші жарқыл тіркелген. Жарқыл Мәскеу уақытымен сағат 15:57-де рентген диапазонында 4475 күн дақтары тобында (S07W53) байқалған.

М класты жарқылдар ең күшті Х класынан бір саты төмен болғанымен, олар Жерге әсер ететін геомагниттік толқындарды туғызуы мүмкін. Мұндай құбылыстар кейде радиобайланыстың уақытша бұзылуына, навигациялық жүйелердің жұмысына және полярлық шұғылалардың күшеюіне ықпал етеді.

Юпитерден де үлкен алып дақ ыдырап жатыр

Бұған дейін, 29 маусымда Күн астрономиясы зертханасы Күн бетіндегі алып дақтың ыдырап жатқанын көрсететін бейне жариялаған болатын.

Ғалымдардың мәліметінше, көлемі Юпитер планетасынан да үлкен болған тұтас құрылым біртіндеп бірнеше бөлікке бөлініп, Күн плазмасына сіңіп барады. Бұл – Күндегі магниттік өрістердің үнемі өзгеріп, қайта қалыптасып отыратынын көрсететін табиғи процесс.

Мамандардың айтуынша, Күндегі мұндай өзгерістер оның белсенділік циклінің қалыпты бөлігі саналады. Алайда мұндай процестердің қарқын алуы Күнде жаңа қуатты жарқылдардың пайда болу ықтималдығын арттыруы мүмкін. Сондықтан астрономдар Күндегі белсенді аймақтарды үздіксіз бақылап, олардың Жерге ықтимал әсерін бағалап отыр.

Оқи отырыңыз