Kozybayev University-де Президент Жолдауын ұжым болып тыңдады

Kozybayev University-де Президент Жолдауын ұжым болып тыңдады

Аян Қайырбаев
Фото: qaz-media.kz

Kozybayev University-де Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауын ұжым болып тамашалау ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының сөзін студенттер, оқытушылар және университет басшылығын қоса алғанда, шамамен 100 адам тыңдады. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлады.

Ұжымдық көру бастамасын университеттің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы көтерген. Қатысушылар ел дамуының негізгі бағыттары мен алдағы реформалар туралы ақпарат алу үшін аудиториялардың біріне жиналды.

Kozybayev University басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Әділхан Төлепбергеннің айтуынша, Жолдауда цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандар салу мәселелеріне ерекше назар аударылған.

«Студенттер мен қызметкерлердің елде және өңірімізде қандай өзгерістер жоспарланып отырғанын түсінуі біз үшін маңызды. Алдағы уақытта Жолдаудың негізгі бағыттарын оқытушылар мен студенттер арасында талқылауды жоспарлап отырмыз», – деді Әділхан Төлепберген.

Оның сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысы үшін Көкшетау мен Петропавлды жалғайтын магистральдық жолды кеңейту жоспарының маңызы зор. Университет өкілінің пікірінше, көлік инфрақұрылымының жақсаруы студенттерге де оң әсер етеді. Себебі олардың оқу орнына қатынауы жеңілдей түседі.

Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікірін Kozybayev University студенттік үкіметінің төрағасы Асанәлі Жанатұлы да білдірді. Ол әлеуметтік бастамаларға, соның ішінде мектептер, ауруханалар мен перинаталдық орталықтар салу мәселелеріне назар аударған. Сондай-ақ мемлекеттік аппарат жұмысындағы алдағы өзгерістерді атап өтті.

«Жолдауда халық үшін маңызды бірқатар әлеуметтік мәселе көтерілді. Олардың қатарында инфрақұрылымды дамыту, медициналық және білім беру мекемелерін салу бар. Өйткені бәріміз білім алып, медициналық қызметтерді пайдаланамыз. Сонымен қатар Президент мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілдерін қайта қарау және мемлекеттік қызметшінің жаңа этикасын қалыптастыру қажеттігін атап өтті», – деді Асанәлі Жанатұлы.

Университет өкілдерінің айтуынша, ұжымдық көру Жолдаудың негізгі бағыттарымен танысып қана қоймай, оларды одан әрі талқылауға мүмкіндік берген. Алдағы уақытта оқу орнында көтерілген бастамаларға арналған студенттермен және оқытушылармен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз

{