Көзіңізге сенбеңіз: жолдағы «айна әсері» несімен қауіпті?

Көзіңізге сенбеңіз: жолдағы «айна әсері» несімен қауіпті?

02.07.2026 10:44
Аян Қайырбаев
Фото: Қазавтожол

Жаздың аптап ыстығында ұзақ жолға шыққан жүргізушілер көкжиекте су жатқандай көрінетін ерекше құбылысты жиі байқайды. Алдыңғы жол жаңбырдан кейінгідей жылтырап, көлшікке ұқсайды. Бірақ көлік жақындаған сайын әлгі «су» із-түзсіз жоғалып кетеді. Бұл – табиғи оптикалық құбылыс, халық арасында «айна әсері» немесе жолдағы сағым деп аталады.

«Айна әсері» қалай пайда болады?

Күн қатты қыздырған кезде асфальт пен бетонның температурасы өте жоғары деңгейге жетеді. Соның әсерінен жолдың дәл үстіндегі ауа қабаты қатты қызады, ал одан жоғары орналасқан ауа салыстырмалы түрде салқын болып қалады.

Температура айырмашылығы ауаның тығыздығын өзгертеді. Нәтижесінде жарық сәулелері түзу емес, иіліп таралады. Жүргізушінің көзіне жолдың өзі емес, аспанның немесе айналадағы заттардың шағылысқан бейнесі көрінеді. Сондықтан жол беті суға немесе айнаға ұқсап, жылтырап тұрғандай әсер қалдырады.

Неліктен бұл қауіпті?

«Айна әсері» табиғи құбылыс болғанымен, жүргізушінің жол жағдайын дұрыс бағалауына кедергі келтіруі мүмкін. Сағым жол таңбаларын, жол жиегін, кедергілерді немесе алдағы көліктің қозғалысын бұрмалап көрсетеді. Соның салдарынан арақашықтықты дәл анықтау қиындайды.

Бұған қоса, аптап ыстық адам ағзасына да әсер етеді. Ұзақ уақыт рөлде отырған жүргізушінің зейіні төмендеп, реакциясы баяулайды, шаршау мен ұйқышылдық күшейеді. Мұндай жағдайда жолдағы кез келген қате шешім қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін.

Жолдағы сағым көбіне ұзақ әрі түзу трассаларда, ашық даладағы жолдарда, өр мен еңіс учаскелерінде және күннің ең ыстық уақытында байқалады.

Фото: Артем Чурсинов

Жазғы жолда қандай сақтық шараларын сақтау керек?

Ең алдымен, сапар алдында көліктің техникалық жағдайын мұқият тексерген жөн. Дөңгелектердің қысымы, салқындату жүйесі, тежегіштер, аккумулятор және кондиционердің дұрыс жұмыс істеуі қауіпсіз сапардың маңызды бөлігі.

Жолда «айна әсерін» көргенде оны шынайы көлшік деп қабылдамаңыз. Мұндай сәтте күрт тежеудің немесе кенет жолақ ауыстырудың қажеті жоқ. Жылдамдықты біртіндеп азайтып, алдыңғы көлікпен қауіпсіз арақашықтық сақтаған дұрыс.

Сондай-ақ көлікті шамадан тыс жүктемеу маңызды. Артық салмақ қозғалтқышқа, тежегіш жүйесіне және дөңгелектерге қосымша күш түсіреді, ал жоғары температура бұл жүктемені одан әрі арттырады.

Ұзақ сапарларды мүмкіндігінше таңертең немесе кешкі салқында жоспарлаған тиімді. Егер күн қатты ыстық болса, жиі аялдап, демалып, жеткілікті мөлшерде су ішкен жөн. Бас ауруы, әлсіздік, ұйқышылдық немесе зейіннің төмендеуі байқалса, қауіпсіз жерге тоқтап, тынығып алған дұрыс. Сонымен қатар көлікте әрдайым ауыз су, дәрі қобдишасы, телефонға арналған қуаттағыш, күннен қорғайтын көзілдірік және ылғалды майлық болғаны пайдалы. Жазғы трассада жолдың су сияқты жылтырап көрінуі – жолдағы ақау емес, ыстық ауа әсерінен пайда болатын табиғи оптикалық құбылыс. Мұндай көрініс жүргізушіні жаңылыстыруы мүмкін, сондықтан бастысы – сабыр сақтап, жылдамдықты бақылау, қауіпсіз арақашықтық ұстану және жол жағдайын мұқият бағалау. Жазғы жолдағы ең сенімді қағида – асықпай, сақтықпен жүру, – деп ескертеді Қазавтожол мамандары.

Оқи отырыңыз