Көзге дәл келетін линза енді 20 минутта жасалады

Көзге дәл келетін линза енді 20 минутта жасалады

Ажар Лаубаева
Фото: magnific.com

Контактілі линза тағатын адамдардың бәріне бірдей дайын өнім сәйкес келе бермейді. Әсіресе көздің қасаң қабығы қалыпты пішінде емес адамдарға өзіне ыңғайлы линза табу қиын. Көп жағдайда олар арнайы тапсырыс беріп, бірнеше апта, тіпті айлап күтуге мәжбүр болады.

Ал Канададағы ғалымдар бұл мәселені шешудің жаңа жолын ұсынды. Олар офтальмолог қабылдауы кезінде небәрі 20 минуттың ішінде адамның көзіне дәл сәйкес келетін силикон линзаны 3D-принтермен басып шығаратын технология әзірледі.

Неліктен стандартты линза бәріне жарамайды?

Бүгінде өндірілетін контактілі линзалардың басым бөлігі жұмсақ силикон-гидрогельден жасалады. Мұндай материал көзге жайлы, оттегіні жақсы өткізеді және ұзақ уақыт тағуға мүмкіндік береді.

Алайда зауытта шығарылатын линзалар ортақ стандарт бойынша дайындалады. Сондықтан қасаң қабығының пішіні өзгеше немесе көзіне тән анатомиялық ерекшелігі бар адамдар үшін мұндай линзалар ыңғайсыз болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда линза көзге дұрыс орналаспайды, нәтижесінде адам көздің құрғауы, жайсыздық, ашыту немесе көрудің бұлыңғырлануы сияқты мәселелерге тап болады.

Жеке тапсырыс қымбат әрі ұзақ уақыт алады

Әрине, бүгінгі таңда тапсырыспен жасалатын жеке линзалар бар. Бірақ оларды дайындау оңай емес.

Алдымен көз бірнеше рет тексеріліп, түрлі өлшемдегі линзалар сынақтан өткізіледі. Кейін дайын өнім арнайы зертханада жасалады. Мұның бәрі ұзақ уақытты қажет етеді әрі бағасы да қымбатқа түседі.

Осы мәселені шешуді Канададағы Ватерлоо университетінің зерттеушілері қолға алған.

Линза дәрігердің қабылдауында дайындалады

Ғалымдардың мақсаты – линза өндірісін тікелей офтальмолог кабинетіне көшіру.

Жаңа технологияның жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен арнайы бағдарлама пациенттің көзін жоғары дәлдікпен сканерлейді. Соның негізінде линзаның цифрлық үлгісі жасалады.

Линзаның ішкі беті қасаң қабықтың бедерін микрон деңгейінде қайталайды. Ал сыртқы беті адамның көру кемістігін түзетуге қажетті оптикалық параметрлерге сәйкес есептеледі.

Осыдан кейін дайын модель 3D-принтерге жіберіліп, линза бірден басып шығарылады. Бүкіл процесс шамамен 20 минутқа ғана созылады.

Ғалымдар силиконды қайта ойлап тапты

Жоба авторларының айтуынша, ең күрделі мәселе – материал таңдау болған.

Медицинада қолданылатын кәдімгі силикон көз үшін өте қолайлы болғанымен, оны 3D-принтермен басып шығару мүмкін емес. Себебі ол қажетті жылдамдықпен қатпайды және қабат-қабат етіп шығаруға бейімделмеген.

Сондықтан зерттеушілер жаңа гидрофильді силикон формуласын әзірледі. Бұл материал суды жақсы сақтайды, көзге жайлы әрі 3D-принтерде басып шығаруға толық бейімделген.

Линзаның беті қалай тегістеледі?

3D-баспа кезінде бұйымның бетінде микроскопиялық қабаттар байқалады. Кәдімгі пластик заттар үшін бұл аса маңызды емес. Ал контактілі линза үшін тіпті көзге байқалмайтын кедір-бұдырдың өзі жайсыздық туғызуы мүмкін.

Сондықтан ғалымдар линзаның сыртын арнайы ультра жұқа қабатпен қаптайды. Бұл жабын барлық микроскопиялық ойықтарды толтырып, бетін толықтай тегістейді. Соның арқасында линза көзді тітіркендірмейді әрі жарықты дұрыс өткізеді.

Алғашқы нәтижелер қандай?

Жоба авторлары зертханалық сынақтардың сәтті өткенін хабарлады.

Тексеру нәтижесінде жаңа линзалардың:

Қазір зерттеушілер технологияны клиникалық жағдайда сынауға дайындалып, патент рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Егер барлық кезең сәтті аяқталса, алдағы жылдары көзінің анатомиялық ерекшелігіне байланысты қолайлы линза таба алмай жүрген адамдар дәрігер қабылдауында небәрі 20 минут ішінде өзіне дәл сәйкес келетін жеке линзаны алып шығуы мүмкін.

Оқи отырыңыз

{