Жаңалықтар

Көңіл көтеру ме, қауіп пе: аттракциондарға кім жауап береді?

24.06.2026 10:05
Диана Орынбасар
Фото: Фото: коллаж AI / El.kz

Жаз мезгілі басталысымен саябақтар мен ойын-сауық орындары қайта жанданады. Балалар мен жастар аттракциондарға асығады, ата-аналар демалыс күндерін отбасымен өткізуге тырысады. Алайда көңілді демалыс кейде қайғылы оқиғамен аяқталып жатады.

Өткен аптада Қызылордада болған жағдай көпшілікті алаңдатты. 18 жастағы жігіт аттракционның астында қалып, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын да ампутациялауға мәжбүр болды. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, аттракционды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексеріліп жатыр.

ашық дереккөз

Өкінішке қарай, бұл жалғыз жағдай емес. 2024 жылы Атыраудағы «Керемет» саябағында аттракцион шынжыры үзіліп, бес бала зардап шекті. Сол жылы Қарағандыдағы орталық саябақта аттракцион бұзылып, екі адам жарақат алды. Былтыр Алматыда 30 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Ромашка» аттракционында ақау шығып, ондаған адам аспанда 20 минутқа жуық тұрып қалған еді. Ал биыл көктемде шолу дөңгелектерінің бірінде өрт шығып, келушілер шұғыл эвакуацияланды. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ.

stan.kz

Жақында ғана Атыраудағы ойын-сауық саябағында карусель мен қорқыныш бөлмесі өртенді. Сараптама қорытындысы бойынша өрт электр желілерінің қысқа тұйықталуынан шыққан. Мұндай оқиғалар қоғамда бір сұрақты жиі көтереді: аттракциондардың қауіпсіздігіне кім жауап береді?

ашық дереккөз

Қауіпсіздікке кім жауапты?

Қазақстанда аттракциондардың басым бөлігі жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың иелігінде. Демек олардың техникалық жағдайына, уақытылы жөнделуіне және қауіпсіз пайдаланылуына ең алдымен меншік иесі жауап береді. Құрылғының жарамдылығын бақылау, техникалық тексеруден өткізу, ақауларды жою және қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтауын қамтамасыз ету кәсіпкердің міндетіне жатады.

Алайда ашық аспан астындағы аттракциондардың дені маусымдық режимде жұмыс істейді. Жаз айлары кәсіпкерлер үшін негізгі табыс кезеңі болғандықтан, кей жағдайда қауіпсіздік мәселесі екінші орынға ысырылып қалмай ма деген сауал туындайды. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жүйеде аттракциондардың техникалық жағдайын тұрақты бақылауға қатысты мәселелер әлі де бар.

Заң не дейді?

Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, аттракциондарда болған жазатайым оқиғаларға байланысты жауапкершілік мәселесі әр жағдайдың мән-жайына қарай анықталады. Егер қауіпсіздік талаптарының бұзылуы немесе рұқсатсыз қызмет көрсету фактілері анықталса, кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мұндай жағдайларда ең алдымен Қылмыстық кодекстің 306-бабы – тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету бабы қарастырылады. Егер арнайы талаптар сақталмай қызмет көрсетіліп, соның салдарынан адам денсаулығына ауыр зиян келсе немесе адам қайтыс болса, осы бап бойынша жауапкершілік көзделеді, – дейді заңгер.

el.kz

Оның сөзінше, оқиға болғаннан кейін бірден кінәліні анықтау мүмкін емес. Алдымен кешенді тергеу мен сараптамалар жүргізіледі.

Аттракционның құлауына немесе ақауына не себеп болғанын анықтау қажет. Бұл техникалық ақаудан болды ма, адам факторынан болды ма, әлде қауіпсіздік талаптары сақталмады ма – соның барлығы сараптама арқылы анықталады. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының сақталғаны туралы құжаттардың қалай берілгені, рұқсатнаманы кімнің рәсімдегені де тексеріледі. Тергеу нәтижесінде кінәлі тарап анықталса, ол материалдық және моральдық шығындарды өтеуге міндеттеледі, – дейді Нұрсұлтан Орынбеков.

Заңгердің айтуынша, материалдық шығындар емделуге жұмсалған қаражатты растайтын құжаттар, медициналық анықтамалар мен түбіртектер негізінде өтеледі. Маман азаматтарға демалыс орнын таңдағанда аттракциондардың техникалық жағдайына, қауіпсіздік жүйесіне және қызметкерлердің жұмысына мұқият назар аударуға кеңес береді.

Кез келген техникалық ақау адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын елемеуге болмайды, – дейді ол.

Бақылау жеткілікті ме?

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов қолданыстағы бақылау тетіктері белгілі бір деңгейде қалыптасқанымен, оларды толық тиімді деп айту қиын екенін айтады.

Мәжіліс

Кей жағдайларда талаптардың орындалуы формальді сипат алып, нақты техникалық ахуалмен толық сәйкес келмеуі мүмкін. Сонымен қатар бақылаудың үздіксіз емес, кезең-кезеңімен жүргізілуі белгілі бір тәуекелдерді толық қамтуға мүмкіндік бермейді. Осы тұрғыдан алғанда қолданыстағы бақылау жүйесі бар болғанымен, оны заман талабына сай жетілдіру қажеттілігі сақталып отыр, – дейді депутат.

Шынында да, елімізде аттракциондардағы жазатайым оқиғалардың бірыңғай статистикасы жүргізілмейді. Қанша адамның зардап шеккені, қандай ақаулар жиі кездесетіні немесе қай өңірлерде қауіп жоғары екені туралы ашық әрі жүйелі талдау жоқ. Сондықтан әрбір қайғылы жағдайдан кейін мәселе қайта көтерілгенімен, арада уақыт өте келе қоғамдық назардан тыс қалып жатады.

Аттракциондардың саны артып келеді

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда 4 мыңнан астам демалыс орны жұмыс істеген. Онда 1676 аттракцион орнатылған. Бір жыл ішінде демалыс орындарына шамамен 17 миллион адам барған. Оның жартысынан астамы түрлі аттракцион қызметін пайдаланған.

Бұл көрсеткіштер ойын-сауық индустриясының ауқымы жыл сайын ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Демек қауіпсіздік мәселесінің маңызы да арта түседі.

Ата-аналар нені ескеруі керек?

Мамандар қауіпсіздік талаптарын артық шектеу емес, адам өмірін қорғауға арналған ереже ретінде қабылдауға шақырады. Аттракционға мінер алдында құрылғының сыртқы жағдайына назар аудару, қызметкерлердің нұсқаулығын мұқият тыңдау, баланың жасына және бойына қойылатын талаптарды сақтау маңызды.

kazinform

Қозғалып тұрған құрылғыдан тұрмау, қоршаудан аспау, қауіпсіздік белдігін шешпеу сияқты қарапайым ережелер үлкен қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін. Өйткені кейде бірнеше минуттық көңіл көтеру бір адамның бүкіл тағдырын өзгертіп жібереді. Сондықтан аттракциондардың қауіпсіздігі тек кәсіпкердің ғана емес, бақылаушы органдардың, қызметкерлердің және келушілердің ортақ жауапкершілігі болып қала береді. Ал адам өмірі мен денсаулығы кез келген бизнестің табысынан жоғары тұруы тиіс.

Оқи отырыңыз