Көк тудың артында тұрған тағдыр: Шәкен Ниязбековтің көпшілік біле бермейтін қыры

Көк тудың артында тұрған тағдыр: Шәкен Ниязбековтің көпшілік біле бермейтін қыры

Мадина Асылбекова
Фото: AI көмегімен өңделді

Бүгін Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы, көрнекті суретші әрі дизайнер Шәкен Ниязбековтің туғанына 88 жыл толды.

Оның есімі көпшілікке ең алдымен тәуелсіз еліміздің көк байрағын жасаған тұлға ретінде таныс. Алайда суретшінің қазақ бейнелеу өнері мен дизайн саласына сіңірген еңбегі бір ғана ту тарихымен шектелмейді. Ол кескіндеме, мүсін, сәулеттік безендіру және өнеркәсіптік дизайн бағыттарында өзіндік қолтаңбасын қалдырған жан-жақты өнер иесі.

Қазақстанның көк туы халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен спортшыларымыздың құрметіне көтеріледі. Мемлекет басшылары ресми сапарларда оның алдында тұрады, әскери қызметшілер Отанға адал болуға ант береді. Тәуелсіздігіміздің ең қастерлі нышандарының біріне айналған осы байрақтың артында тұтас бір суретшінің өмірі, ізденісі мен шығармашылық еңбегі жатыр.

Әбілхан Қастеевті ұстаз тұтты

Шәкен Ниязбеков 1938 жылы 12 қазанда Жамбыл өңірінде дүниеге келген. Оның балалық шағы ауыр сынақпен басталды. Он жасында ата-анасынан және әжесінен айырылып, жетім қалған бала Тараздағы мектеп-интернатта тәрбиеленді. Өмірдің қиындығын ерте көргенімен, өнерге деген қызығушылығынан қол үзген жоқ.

Кейін Ленинградтағы Вера Мухина атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищеде білім алды. Жас суретшінің кәсіби қалыптасуына осы кезең айрықша әсер етті. Ол студент шағында Эрмитаж, Исаак соборы және Петергоф сарай кешеніндегі қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, әлемдік өнердің озық үлгілерін жақыннан таныды.

Шәкен Ниязбеков өз шығармашылық жолында қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Қастеевті ұстаз тұтты. Ұлттық өнердің табиғатын терең түсінуге, тарихи тұлғалардың болмысын бейнелеуге ұмтылуы оның кейінгі еңбектерінен де айқын көрінді.

Бірнеше өнер саласында қолтаңбасын қалдырған суретші

Шәкен Ниязбековтің шығармашылық ауқымы кең болды. Ол тек қылқалам шебері емес, мүсінші, монументалист және өнеркәсіптік дизайн саласының маманы ретінде де танылды.

Оның «Құрманғазы», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датұлы», «Жамбыл» секілді туындылары қазақ халқының тарихи тұлғаларын өнер тілімен ұлықтауға арналды. Суретші үшін бұл есімдер жай ғана портрет кейіпкерлері емес, ұлттың рухани болмысын танытатын тұлғалар еді.

Шебердің шығармалары Қазақстаннан тыс жерлерде де көрсетілді. Атап айтқанда, 1967 жылы Монреальда өткен дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінде оның Құрманғазы мен Исатай Таймановқа арналған жұмыстары өнер мамандарының назарына ілікті.

Ол Алматы қаласының көркемдік келбетін қалыптастыруға да елеулі үлес қосты. Ұзақ жылдар бойы қаланың бас суретшісі қызметін атқарып, қоғамдық кеңістіктерді безендіру мен монументалды өнер жобаларына қатысты. Алматының елтаңбасы мен Кеңсай зиратындағы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш те оның шығармашылық мұрасымен байланысты.

1982 жылы Алматыдағы Республика алаңын көркем безендіруге арналған байқауда бірінші орын алуы суретшінің сәулеттік-көркемдік жобалардағы кәсіби деңгейін көрсетті.

«Волга» автокөлігінің дизайнын әзірлеуге үлес қосқан

Шәкен Ниязбековтің есімі өнеркәсіптік дизайн тарихында да аталады. Ол Ленинградта білім алып, еңбек еткен жылдары түрлі техникалық бұйымдардың сыртқы келбетін жобалаумен айналысты. 1961 жылы сол кездегі Чехословакияда «Глобус» теледидарының дизайны үшін алтын медальға ие болды. Ал 1964 жылы Ленинградта өткен бейбітшілік тақырыбындағы плакаттар байқауында жеңімпаз атанды.

Суретшінің өмірбаяндық материалдарында оның әйгілі «Волга» автокөлігінің дизайнын әзірлеу жұмыстарына қатысқаны да айтылады. Мұның өзі оның шығармашылық ізденісі бейнелеу өнерімен ғана шектелмегенін аңғартады.

Тәуелсіз елдің туын жасау жауапкершілігі

Шәкен Ниязбековтің есімін Қазақстан тарихына мәңгілікке жазған еңбегі – Мемлекеттік ту. 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін әзірлеуге байқау жарияланды. Оған елімізден және шетелден жүздеген суретші мен дизайнер қатысты. Әр автор жаңадан құрылған мемлекеттің болмысын, тарихы мен болашағын өз туындысы арқылы көрсетуге тырысты.

Шәкен Ниязбеков бұл байқауға кездейсоқ келген жоқ. Ол алдымен әлем мемлекеттерінің туларын зерттеп, олардың түстік шешіміне, бейнелеріне және композициялық ерекшеліктеріне назар аударды. Оның алдында ешбір елдің туын қайталамайтын, қазақ халқының дүниетанымына сай әрі те есте қалатын рәміз жасау міндеті тұрды.

Суретші кейін «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында сол кезеңді былай еске алған:

Тәуелсіз еліміздің туын жасауға қылқалам шеберлері, яғни суретші-дизайнерлер арасында байқау жарияланғаны жөнінде Жоғарғы Кеңестен Ербол Шәймерденов деген азамат хабарлаған болатын. Ұтамын деген ой болған жоқ. Конкурсқа қатысуға бел будым. Шын пейіліммен, ниетіммен дүниежүзіндегі барлық тудың фотоларын жинап алып, зерттеуге кірістім. Сөйтіп, қазіргі туды жасауға отырдым...

Байқау барысында түрлі пікір айтылып, тудың түсі мен бейнелеріне қатысты ұсыныстар талқыланды. Біреулер сегізбұрышты өрнекті қолдануды жөн көрсе, енді біреулер ай немесе шаңырақ бейнесін енгізуді ұсынған.

Алайда Шәкен Ниязбеков өз ұстанымынан айныған жоқ. Ол тәуелсіз Қазақстанның туы өзгелерге ұқсамауы керек, ең бастысы, бүкіл халыққа ортақ мемлекеттік нышан болуы қажет деп сенді.  

Мен мешітке емес, мемлекетке ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы, ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек? – деген екен суретші сол сұхбатында.

Бұл сөздерден оның ту жасауға қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын байқауға болады. Суретші үшін мемлекеттік рәміз әдемі бейнелердің жиынтығы ғана емес, елдің тәуелсіздігін, бірлігін және өзіндік ерекшелігін танытатын белгі еді.

Көк аспан, алтын күн және қыран: әр бейненің өз мәні бар

Шәкен Ниязбеков тудың негізгі түсі ретінде көгілдір түсті таңдады. Бұл шешімнің де өзіндік мәні болды. Көгілдір түс – ашық аспанның, бейбітшіліктің, тұтастықтың белгісі.

Тудың ортасындағы алтын күн тіршілікті, молшылық пен жарқын болашақты бейнелейді. Ал күн астында қалықтаған қыран – еркіндік пен биік мұраттың нышаны.

Суретші бұл бейнелерді таңдауда қазақ халқының дүниетанымы мен тарихи жадын негізге алған.

Тудың түсі көк. Себебі, біз тәңірдің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биікке көтерілетін әрі ұзақ жасайтын құс. Былайша алсақ, Қазақ елінің рәмізі, – деп түсіндірген ол.

Шәкен Ниязбеков үшін қыранның орны ерекше болды. Ол бұл құсты ерлік пен азаттықтың символы деп таныды. Ал тудың сабына жақын орналасқан ұлттық өрнек қазақ халқының мәдени ерекшелігін айқындай түсті.

Бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Екінші, қазақтың мәрттігін, кеңпейілділігін, ерлігін танытатын бүркіт. Бүркітіміз бен күніміз, көк аспанымыз Туда. Үшіншіден, қазақтың қазақ екендігін айшықтайтын оюын туға қондыруды мақсат еттім. Ұлтымыз бен туымызды айшықтап тұрсын деп ерекше ою ойлап таптым, – деген еді суретші.

Тудың ұзындығы мен енінің арақатынасы да кездейсоқ таңдалмаған. Шәкен Ниязбеков оның кең далада, биік ғимараттарда және желді аймақтарда еркін желбіреуін ескергенін айтқан.

Осылайша, бүгін барша қазақстандыққа таныс көк байрақтың әр бөлшегі ұзақ ізденіс пен нақты шығармашылық шешімнің нәтижесінде дүниеге келді.

Ұлт жадында қалған мұра

Шәкен Ниязбековтің еңбегі көзі тірісінде жоғары бағаланды. Ол «Құрмет» орденімен және бірқатар мемлекеттік мерейтойлық медальмен марапатталды. Шығармалары Қазақстанның және шетелдің музейлерінде сақталып, түрлі көрмелерде көпшілік назарына ұсынылды.

Көрнекті суретші 2014 жылы дүниеден өтті. Алайда оның қолтаңбасы күн сайын көз алдымызда. Мемлекеттік мекемелердің алдында желбіреген көк ту, халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген спортшыларымыздың құрметіне көтерілетін байрақ – соның айғағы.

Шәкен Ниязбековтің қазақ өнеріне сіңірген еңбегін тек Мемлекеттік тудың авторы деген атақпен шектеу оның шығармашылық тұлғасын толық ашпайды. Ол өнеркәсіптік дизайнды меңгерген, тарихи тұлғалардың бейнесін кескіндеме мен мүсінде жаңғыртқан, қаланың көркемдік келбетін қалыптастыруға атсалысқан, ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына қызмет еткен суретші болды.

Ал Мемлекеттік ту – оның ұзақ жылғы ізденісінің, кәсіби шеберлігі мен елге деген сүйіспеншілігінің ең биік көрінісі.

Шәкен Ниязбеков өз естеліктерінде мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасын ерекше ықыласпен жеткізген:

Мемлекеттік ту ел халқына тиесілі. Жеңімпаздың құрметіне Ту көтеріліп жатқанда және елінің Әнұраны ойнаған сәт – бүкіл халықтың жеңісін білдіреді. Менің Мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасым таза адами көзқарас, олар менің бойымда терең құрмет пен мақтаныш сезімін тудырады. Мен Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін жасауға атсалысқанымды мақтан етемін!

Бүгінде көк байрақ әлемнің қай түкпірінде көтерілсе де, ол Қазақстанның тәуелсіздігін танытады. Ал сол тудың авторы Шәкен Ниязбековтің есімі ел тарихында ғана емес, қазақ өнерінің шежіресінде де сақталады. Оның ұрпаққа қалдырған мұрасы – бір туындының даңқы емес, тұтас ғұмырын өнерге арнаған адамның еңбегі.

Оқи отырыңыз

{