Кітап оқығаның үшін ақша төлейді: Сингапурда ерекше бағдарлама басталды

Кітап оқығаның үшін ақша төлейді: Сингапурда ерекше бағдарлама басталды

Көктем Қарқын
Фото: unsplash.com

Сингапур билігі әлеуметтік желідегі шексіз лента мен қысқа видеоларға кететін уақытты кітап оқуға бұруды көздейтін ReadSG ұлттық бағдарламасын іске қосты. Жобаға қатысушылар күніне кемінде 15 минут кітап оқып, ол үшін виртуалды монеталар жинайды. Кейін жиналған монеталарды нақты ақшаға айырбастауға болады.

Бағдарлама бойынша 15 минут оқу үшін 20 монета беріледі. Ал 1000 монета 1 сингапур долларына тең. Демек, бір доллар жинау үшін қатысушы 50 күн қатарынан күніне 15 минут кітап оқуы керек. Бір тәулікте тек бір оқу сессиясы есептеледі.

Бір қарағанда, мұндай тәсіл кітап оқуды табыс көзіне айналдыратындай көрінуі мүмкін. Алайда қаржылай сыйақы өте аз. Мәселен, адам жыл бойы күн сайын 15 минуттан кітап оқыса, шамамен 7,3 сингапур долларын ғана жинайды. Сондықтан жобаның негізгі мақсаты – ақша төлеу емес, кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру.

Қатысушылар ұпай жинайды

ReadSG бағдарламасында ойын элементтері де қарастырылған. Қатысушылар күнделікті тапсырмаларды орындап, ұпай жинайды және бірнеше күн қатарынан оқу арқылы өз нәтижесін бақылай алады. Бұл тәсіл адамның кітапқа қайта-қайта оралуына түрткі болуға бағытталған.

Жоба авторлары кітап оқуға арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ екенін көрсеткісі келеді. Мысалы, қоғамдық көлікте келе жатқанда, түскі үзілісте немесе ұйықтар алдында смартфонға үңілудің орнына 15 минут кітап оқуға болады.

Бағдарлама бес жылға созылады

Сингапурдың бұл бастамасы елдегі оқу сауаттылығының төмендігіне байланысты емес. Керісінше, сингапурлық оқушылар халықаралық PISA зерттеуінде оқу сауаттылығы бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселе – адамдардың кітап оқуға деген қызығушылығын әлеуметтік желілер, қысқа видеолар мен цифрлық контенттің бәсекесі жағдайында сақтау.

ReadSG бағдарламасы бес жылға есептелген. Оның аясында ақшаға айырбасталатын виртуалды монеталардан бөлек, кітап оқуды насихаттайтын түрлі іс-шаралар мен жобалар ұйымдастырылады.

Оқи отырыңыз

{