«Кітап оқитын ұлт» марафонының цифрлық мүмкіндіктері кеңейеді

«Кітап оқитын ұлт» марафонының цифрлық мүмкіндіктері кеңейеді

Аян Қайырбаев
Фото: gov.kz

Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының цифрлық мүмкіндіктері кеңейеді. Осы мақсатта «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен «Bilim Group Ltd» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының Төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков пен «Bilim Group Ltd» ЖШС Бас директоры Александр Савченко қол қойды.

Меморандум аясында KITAP цифрлық оқырмандық платформасы «Кітап оқитын ұлт» марафонының цифрлық серіктесі ретінде жоба қатысушыларының электрондық және аудиокітаптарға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған бірқатар бастаманы қолдайды.

Бұл ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – дәстүрлі кітап оқуды заманауи цифрлық мүмкіндіктермен ұштастырып, Қазақстан тұрғындары үшін кітапты әртүрлі форматта қолжетімді ету және тұрақты оқу мәдениетін дамыту.

Біздің мақсатымыз – кітап оқуды жекелеген адамдардың жеке әдеті деңгейінен көтеріп, қоғамның ортақ мәдени құндылығына айналдыру. Ол үшін оқырманға кітапты өзіне ыңғайлы форматта оқуға мүмкіндік беру маңызды. KITAP платформасымен серіктестік “Кітап оқитын ұлт” марафонының осы бағытын күшейтіп, электрондық және аудиокітаптарға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының Төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков.

Ынтымақтастық аясында марафон қатысушыларына KITAP платформасындағы электронды кітаптар, аудиокітаптар және басқа да цифрлық контенттер қолжетімді болады. Оқу және тыңдаумен қатар, платформа мемлекеттік тілді қолдауға бағытталған құралдарды да ұсынады. Атап айтқанда, кітап мәтінінің ішінде сөздер мен сөз тіркестерінің аудармасы мен мағынасын түсіндіретін қазақша-орысша кіріктірілген сөздік бар.

Сонымен қатар, кіріктірілген жасанды интеллект чаты оқылған кітапты талқылауға, оның мазмұны бойынша сұрақтар қоюға және кітапты тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл құралды, соның ішінде, білім беру мақсатында да пайдалануға болады.

Жекелендірілген ұсыныстар жүйесі оқырманның қызығушылықтары мен талғамына қарай кітаптарды іріктеп ұсынады. Ал оқу статистикасы оқырманға өз прогресін бақылауға және тұрақты оқу әдетін қалыптастыруға көмектеседі.

Сондай-ақ тараптар жоба қатысушыларына арналған арнайы кітап топтамалары мен цифрлық ұсыныстарды әзірлеу мүмкіндігін қарастыруда.

«Цифрлық технологиялар кітапты оқырманға жақындатудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып отыр. KITAP платформасының “Кітап оқитын ұлт” марафонына қосылуы арқылы біз оқырмандарға электрондық және аудиокітаптарды пайдаланудың қолайлы мүмкіндіктерін ұсынуға және кітап оқу тәжірибесін заманауи форматтармен толықтыруға үлес қосамыз. Біз үшін ең маңыздысы – кітап оқуға ниетті адамға қажетті контентті ыңғайлы әрі қолжетімді түрде ұсыну», – деді «Bilim Group Ltd» ЖШС Бас директоры Александр Савченко. 

«Кітап оқитын ұлт» – Қазақстанда кітап оқу мәдениетін насихаттауға, азаматтардың тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға және кітапқа қызығушылықты арттыруға бағытталған республикалық марафон.

Тараптардың пікірінше, кітап оқуды цифрлық мүмкіндіктермен ұштастыру оқырмандардың кітапқа қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, Қазақстандағы оқу мәдениетін жаңа форматтар арқылы дамытуға жол ашады.

Оқи отырыңыз

{