30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстанда корей мәдениетіне қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Мұны Астанада өткен K-Fest пен Кимчи фестивалі тағы бір мәрте көрсетті. Орталық саябақта ұйымдастырылған іс-шараларда келушілер Қазақстан мен Корея өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалап, ұлттық тағамдардың дәмін татып, қолөнер көрмелері мен фотоаймақтарды аралады. Сонымен қатар түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, Кореяның мәдениеті, туризмі және білім беру мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
Аталған іс-шаралар 2026 жылғы қыркүйекте Сеулде алғаш рет өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитіне орай ұйымдастырылды. K-Fest мерекесін Астана қаласындағы «Қазақстан корейлер қауымдастығы» өткізсе, Кимчи фестивалін Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Елшілігі ұйымдастырды.
«Қазақстан – көптеген этнос тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірегей мемлекет»
K-Fest аясында Қазақстан мен Кореяның өнерпаздары ән мен биден құралған концерттік бағдарлама ұсынып, көрерменге түрлі шығармашылық нөмірлерін тарту етті. Сахнада K-POP жанрындағы қойылымдармен қатар дәстүрлі және заманауи музыкалық композициялар орындалды. Концертті шамамен мыңға жуық көрермен тамашалады.
Астана қаласы кәрістерінің этномәдени бірлестігінің төрағасы Евгений Цойдың айтуынша, мұндай мәдени шаралардың басты мақсаты – халықтарды жақындастырып, ұрпақтар сабақтастығын сақтау.
Бұл фестивальдер біз үшін тек ойын-сауық емес. Мұнда корей халқының дәстүрі, мәдениеті, үлкенге құрмет көрсету сияқты құндылықтары дәріптеледі. Біз осының бәрін жас ұрпаққа жеткізуге тырысамыз. Сонымен қатар Қазақстандағы түрлі этностардың өзара достығы мен келісімін нығайтуға үлес қосқымыз келеді, – дейді Евгений Цой.
Оның сөзінше, 2027 жылы этникалық корейлер қауымының Қазақстанға қоныстанғанына 90 жыл толады. Осы тарихи дата қарсаңында мұндай мәдени шаралардың мәні арта түседі. Осы орайда ол қазақ халқына көрсеткен қамқорлығы мен қонақжайлығы үшін алғыс білдірді.
Қазақстан – көптеген этнос тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірегей мемлекет. Біз өзімізді осы елдің ажырамас бөлшегі санаймыз. Қазақ халқының қамқорлығының арқасында өсіп-өркендеп, осы қоғамның бір мүшесіне айналдық, – деді ол.
«Қазақ тілін білу маған көп мүмкіндік ашты»
K-Fest сахнасында өнер көрсеткен жас әнші Павел Ким көрерменге Батырхан Шүкеновтің «Отан Ана» әнін және Ким Романның «Родина» композициясын орындады.
Жетісай қаласында дүниеге келген өнерпаз қазақ балабақшасы мен қазақ мектебінде білім алған. Қазір Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті.
Ол қазақ және корей халықтарын жақындастыратын мұндай мәдени шаралардың маңызы зор екенін айтты.
Қазақы ортада өстім. Достарымның көбі қазақ болды. Сол себепті қазақ тілін еркін меңгердім. Бұл тіл маған өмірде көптеген мүмкіндік ашты. Осындай фестивальдер екі халықтың мәдени байланысын одан әрі нығайтады деп сенемін, – деді Павел Ким.
Кимчидің дәмі – ғасырлардан жеткен дәстүр
Фестивальдің ең көп қызығушылық тудырған бөліктерінің бірі – кимчи дайындау шеберлік сабағы болды. Оны Алматыдан арнайы келген корей асханасының аспазы Со Гихва өткізді.
Аспаздың айтуынша, кимчи – жай ғана тағам емес, корей халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мәдени мұрасы.
Кимчи – ата-бабамыздан бүгінге дейін жеткен ұлттық тағам. Біз оны бала кезімізден жеп өсеміз және ерекше мақтан тұтамыз. Сондықтан Қазақстандағы адамдарға да оны дұрыс дайындаудың қыр-сырын үйреткім келеді, – дейді Со Гихва.
Оның айтуынша, кимчидің негізгі құрамына қытай қырыққабаты, балық тұздығы, қызыл бұрыш ұнтағы, сарымсақ, зімбір, көк пияз, қараөрік шәрбаты және күріш ұнынан дайындалатын арнайы қоймалжың кіреді.
Аспаздың сөзінше, басты құпия – ингредиенттердің үйлесімі ғана емес, дұрыс ашыту процесі.
Қырыққабатты тұздап, жуып болған соң оған дәмдеуіштер жағылады. Кейін бір-екі күн ашытып, тоңазытқышқа қоямыз. Сонда кимчи ұзақ сақталады әрі ерекше дәмге ие болады. Оның денсаулыққа да пайдасы мол, – деді ол.
Со Гихва мұндай фестивальдердің Алматыда да бірнеше рет өткенін айтып, қазақстандықтардың корей асханасына қызығушылығы жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді.
«Кимчиді енді үйде де жасап көремін»
Фестивальге қатысушылардың бірі, стоматолог Аружан Қожабай корей мәдениетіне он жылдан астам уақыттан бері қызығатынын айтты.
Ол құрбысымен бірге арнайы кимчи дайындау шеберлік сабағына қатысу үшін келген.
Кимчидің тарихы мен дайындалу тәсілі бұрыннан қызықтыратын. Шеберлік сабағына тіркеле алмадық, бірақ бағымызға орай қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл біз үшін ерекше тәжірибе болды, – дейді ол.
Аружанның айтуынша, шеберлік сабағында қолданылған ингредиенттердің басым бөлігін Қазақстаннан да табуға болады.
Кимчиді үйде де жасауға болады екен. Енді екі күн ашығаннан кейін өзіміз дайындаған кимчидің дәмін көреміз. Барлық қажетті құралдарды ұйымдастырушылар берді. Өте қызықты әрі пайдалы тәжірибе болды, – деді қатысушы.
Астанада K-Marathon өтеді
Корей мәдениетіне арналған екі күндік бағдарлама 2 тамызда өтетін K-Marathon жарысымен жалғасады. Оны Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Елшілігі ұйымдастырады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, марафонға мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланған. Жарысқа қатысу тегін, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар табысталады. Осылайша Корея мәдениетіне арналған екі күндік іс-шаралар легі K-Marathon жарысымен түйінделеді.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды