23.04.2026
18:40
164
Жаңалықтар

Киберқауіпсіздік: жеке деректерді сақтаудың жолы

Интернет үлкен мүмкіндіктерге жол ашқанымен, киберқауіпсіздікті естен шығармаған дұрыс. Киберқауіпсіздік – жеке ақпаратты, құрылғыларды және цифрлық деректерді алаяқтардан қорғауға бағытталған шаралар жүйесі. Осы орайда жеке деректерді сақтаудың жолын ұсынамыз. 

Халықаралық зерттеулерге сәйкес, киберқылмыстың дені желі пайдаланушылардың интернеттегі қауіпсіздік ережесін білмегенінен болады. Сол үшін әлеуметтік желіні, іздеу платформаларын аса сақтықпен, сыни ойлау арқылы пайдалану керек. Цирфлық гигиенаны сақтауды білсеңіз жеке деректерді қорғау жеңілдейді. 

Киберқылмыс өршіп тұр

Елімізде киберқауіпсіздік саласында түрлі деңгейде көптеген іс-шара жүзеге асады. Ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясы қылмыстың алдын алып, азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар орта­лық мониторинг әрі талдау жүргізеді, мемлекеттік органдармен және маңызды ақпараттық инфрақұрылыммен бірігіп қызмет атқарады. Әлеуметтік желіде ақпараттық науқандар ұйымдастырып, халықты желі алаяқтарының арбауына түсіп қалмауға шақырады. Киберқылмыспен күрес департаментінің мәліметінше, биыл 6 мыңнан астам дерек тергеліп, 1700 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Биыл қаңтар-наурыз аралығында 477 адам жауапқа тартылды. Мұндай нәтижеге жету үшін тек ішкі істер органы емес, өзге де уәкілетті құрылымдар, IT саласының мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Оған қоса Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, биыл бірінші тоқсанда келтірілген шығын көлемі 4,8 млрд теңгеге жеткен. Оның 2,4 млрд теңгесі жәбірленушілерге қайтарылған. Айта кетерлігі, 2025 жылы интернет алаяқтар елге 12,2 млрд шығын келтірді. Одан 5 млрд теңге көлемінде қаражат қайтарылды. 

Жеке деректерді қалай қорғаймыз?

Операциялық жүйе­лерді, браузерді және басқа да бағдар­ламаларды үнемі жаңартып отырыңыз. Құпия сөзді ойластырарда әріптер мен сандарды, күрделі таңбаларды қосыңыз. Екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз. Бейтаныс қолданушыдан электронды поштаңызға келген хабарламаны мұқият оқып, жауап бермеңіз. Компьютер мен телефонға антивирус жасақтамасын орнатыңыз. Сыртқы медиада немесе «бұлтта» маңызды деректердің сақтық көшірмесін жасап, қорғау үшін шифрлау­ды қолданыңыз. Әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты жариялауды шектеңіз. Егер жеке деректеріңізге шабуыл жасалғанына күдіктенсеңіз, міндетті түрде тиісті мамандарға жүгініңіз.