Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл

27 Сәуір 2022, 13:33 4700

«Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көрме өтті

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Мемлекеттік Әскери-тарихи музейінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесе ұйымдастырылған Халық Қаһарманы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көрме ашылды.


Аталған көрмеде Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметоваға қатысты фотосуреттер мен мұрағат құжаттары және басқа да жәдігерлер қойылады.



–  Аты аңызға айналған қазақтың алғашқы әскери ұшқышы болған Хиуаз Доспанова еді. Мамыр айның 15 күні Хиуаз Қайырқызының дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Хиуаз Доспановаға ҚР тұңғыш президенті Н.Ә Назарбаевтың жарылығымен 2005 жылы «халық қаһарманы» атағы берілді. Сол жылы мен арнайы Алматыға Хиуаз Қайырқызының үйіне барған едім. Алты айға жуық уақыт төсек тартып жатқанына қарамастан ол кісі бізді жылы қабылдап, әңгімесін айтып, ойларымен бөлісті, – деді «Парасат» орденінің иегері, қоғам қайраткері Сәрсенбай Құрманұлы.



Іс-шараның мақсаты Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімдерін ұлықтау және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, Отанға деген мақтаныш сезімін ояту, Қазақстанның қаһармандық ерліктерге толы тарихына құрметпен қарауға үйрету.




– Биылғы жылы халық қаһарманы, әуе ханшайымы атанған Хиуаз Доспанова апамыздың туғанына 100 жыл толуына орай көшпелі көрмеміз елорда төрінде бастау алып жатыр. Бұл көрме бес күн бойы бүгінгі күнмен қоса алғанда елорда тұрғындары мен қонақтарына насихатталмақшы. Көрмеміздің мақсаты – неміс басқыншыларымен әуеге 300 мәрте қалықтаған Хиуаз апамыздың өмір жолын өскелең ұрпаққа жеткізу. Көшпелі көрме одан әрі Ақтөбе, Алматы және Орал қалаларында жалғасын табады. Жалпы Хиуаз апамыздың құжаттары мен жәдігерлерімен қатар Кеңес одағының батырлары, Даңқ орденінің толық иегерлері, Атырау облысындағы сын сағатта кездегі әскери госпитальдардың, тыл ардагерлерінің еңбектері насихатталып отыр, – дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Динара Аманжолқызы.



Жиын соңында Хиуаз Доспанованың өмір жолы туралы бейнефильм көрсетіліп, естеліктер айтылды.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: