Кеше, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?Декреттік демалыста жаңа кәсіпті меңгерген Жаңыл Ержанқызы – екі жылдан бері кеңістікті ұйымдастырушы. Ол El.kz тілшісіне бұл мамандықтың ерекшелігі мен үйдегі реттілікті сақтаудың қарапайым тәсілдері туралы айтып берді.
– «Кеңістікті ұйымдастырушы» деген мамандықты көп адам біле бермейді. Бұл қандай мамандық? Осы салаға қалай келдіңіз?
– Кеңістікті ұйымдастырушы – Америка, Ресей мен Шығыс елдерінде біраздан бері бар мамандық. Ал біздің елімізде 2019-2020 жылдары кең тарала бастады. Ең алғаш бұл мамандық Лос-Анджелесте пайда болған. Адамдар маркетингтің құрбаны бола бастағаннан кейін сатып алатын заттары көбейді. Ал үйлері керек те, керек емес те заттарға толды. Үйдегі кеңістікті артық заттардан арылтып, босату қажет болған кезде осы мамандық пайда болды.
Кеңістікті ұйымдастырушы мамандар ескірген, қолданылмайтын, сынған, тозған заттарды үйден шығаруға көмектеседі. Әрі үйдегі әрбір затты ыңғайлы етіп орналастырып береміз. Шкафтардың ішіне жүйе құрамыз. Тікелей заттармен жұмыс істегендіктен, әрбір затқа жеке шешім қабылдаймыз. Осы салаға 2 жыл бұрын декреттік демалыста жүрген кезімде келдім. Өйткені менің бала кезімнен тазалыққа, ұқыптылыққа қызығушылығым болды. Әрқашан үйдің таза, жинақы тұрғанын жақсы көретінмін. Қызығушылығым өмірлік мамандығыма айналды. Адамдарға үйлеріндегі артық заттардан арылуға көмектесіп келемін.
Кеңістік ұйымдастыру 5-10 мың теңгеден басталады
– Елімізде кеңістікті ұйымдастырушыға сұраныс бар ма? Көбіне кімдер хабарласады?
– 2 жыл бұрын бұл мамандық жайлы көпшілік біле бермейтін. Ал қазір екінің бірі үйіне шақырмаса да, осы мамандық жайлы естіген. Күннен-күнге кәсіби тазалау қызметіндей танымал болып келеді. Себебі адамдардың үйінде артық зат өте көп. Ал одан өз бетімен арылу қиын. Сондықтан сырт көзбен қарайтын кеңістікті ұйымдастырушының қызметіне жүгінеді. Біз тапсырыс берушімен бірге заттарын жүйелеп, сұрыптап, әдемілеп орналастырып береміз.
Кез келген үйіндегі артық заттан шаршаған адам бізді шақырады. Олардың арасында декреттегі аналар да, үй шаруасына мүлде уақыты жоқ кәсіпкерлер де бар. Тек жағдайы бар адамдар шақырады деп айта алмаймын. Қызмет құны сағатына 5-10 мың тг басталады.
15-25 мыңға дейін тек тәжірибелі мамандар алады.
– Ал үй жинау мен кеңістікті ұйымдастырудың айырмашылығы неде?
– Үй жинау – клининг компанияларының қызметі. Олар еденді жуып, шаңды сүртіп кетеді. Ал кеңістікті ұйымдастырушы мамандар ондай жұмыс істемейді. Көп адам: «Келіп үйімді жинап беріңізші», – деп қате түсініп жатады. Әрине, бұл сұраққа ренжімейміз. Себебі тұтынушылар үй жинау мен кеңістікті ұйымдастырудың ара жігін ажырата алмай жатыр. Ал біздің міндетіміз – үйдегі артық заттарды анықтап, олардың шығарылуына көмектесу. Нақты қолданамын деген заттарды жүйе бойынша ыңғайлы әрі эстетикалық тұрғыдан орналастыру.
– Көп адам үйін бір күнде жинаймын деп ойлайды. Барлық затты шығарып қойып, қайсынан бастарын білмей отырады. Бірақ тәртіп ұзақ сақталмайды. Оның себебі неде?
– Иә, дәл осылай үйін ретке келтіруді бастаған адам соңына жетпей шаршап қалады. Бір күнде жинау күйзеліске алып келеді. Кейде тапсырыс берушілер дәл осылай барлық затын шығарып алғаннан кейін бізді көмекке шақырады. Сондықтан біз адамдарға барлығын бірден жинап тастауға кеңес бермейміз. Өйткені білім мен жүйе болмағандықтан, аз уақытта барлығын реттеу мүмкін емес. Сол үшін бір күні бір шкафты немесе бір сөрені жинауға кеңес береміз.
Шешімді үй иесі өзі қабылдайды
– Парақшаңызда батарейкаларды жинап, қайта сұрыптауға өткіземін депсіз. Тіпті сол үшін өзіңіз ақша төлейді екенсіз. Сол жайлы айтып беріңізші.
– Тапсырыс берушілердің және өз үйімдегі жарамсыз батарейкаларды сұрыптауға жинаймын. Бұрын ескірген батарейкаларды қоқысқа тастайтынмын. Кейін олардың зияны жайлы білдім. Бір ғана пайдаланылған батарейка дұрыс жойылмаса, құрамындағы зиянды заттар топырақ пен суды ластап, экожүйеге ұзақ уақыт бойы кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау үшін өзіме осындай әдет қалыптастырдым.
– Сіз тапсырыс берушіге «мына затты тастаңыз» деп өзіңіз айтасыз ба, әлде тек бағыт бересіз бе?
– Әрбір затқа шешімді үй иесі өзі қабылдайды. «Мынаны таста, мынаны тастама» деп біз айтпаймыз. Тек бағыт беріп, арнайы сұрақтар қоямыз. Мысалы: «Бұл затты соңғы рет қашан қолдандыңыз? Жиі қолданасыз ба? Сізге ұнай ма?» – деп сұраймыз.
– Артық заттан арылу неге соншалықты қиын?
– Өйткені адамдардың көзі үйдегі заттарына үйреніп қалған. Олардың артық екенін байқамайды. Қимайды. Кейде ол заттар естеліктермен байланысты болуы да мүмкін. Ал кейде «керек болып қалар» деп жинай береді. Осы кезде сұрақтар арқылы үй иесіне шешім қабылдауға көмектесеміз. Кейде тапсырыс берушілер: «Бұл затты қолданбасам да, не үшін ұзақ сақтағанмын?» – деп өздері де таңғалып жатады.
«Керек болып қалар» деп жинай береді
– Бір жылдары КонМари әдісі деп көп адам үйін жапондық тәсілмен жинады ғой. Кеңістікті ұйымдастырушылар да осы тәсілді қолдана ма?
– КонМари – кеңістікті ұйымдастыруда біз қолданатын тәсілдердің бірі. Ол жерде әр адам өзіне ұнайтын затты ғана қалдырады. Бірақ бұл тәсіл үнемі жарамды емес. Себебі әр үйдің өзінің ережесі, өмір салты, қызығушылығы бар. Сондықтан тапсырыс берушілермен жеке-жеке жұмыс істейміз. Жүйе де соған сай құрылады. Бастысы – ыңғайлылық.
– Асүйде немесе киім шкафында адамдар жиі жіберетін қателіктер қандай?
– Ол – артық зат ұстау. Яғни гардеробқа «арықтағанда киемін», «балам өскен кезде киеді», «керек болып қалар» деп жинай береді. Дәл солай асүйде де сынған, тозған ыдыстарды сақтап қояды. Артық заттан арылмайынша, үйде реттілік болмайды. Үйдің тез шашылып кетуі де осыған байланысты.
– Үйді жинауға арналған қымбат органайзерлер міндетті ме, әлде қолда бар заттармен де жүйе құруға бола ма?
– Адамдардың көп жіберетін қателігі – бірінші органайзер сатып алу. «Органайзер көп алсам, үйім реттеледі» деп ойлайды. Өкінішке қарай, бұл – қате түсінік. Біз үйге алдымен жүйе құрамыз. Содан кейін ғана заттарды сақтауға арналған қораптарды қоямыз.
– Бір рет ұйымдастырылған кеңістіктің тәртібін ұзақ уақыт сақтау үшін қандай ережелерді ұстанған дұрыс?
– Ең бірінші – алған затты өз орнына қойып отыру. Яғни жүйелеу кезінде әр затқа орын беріледі. Кейін оны бұзбау керек. Бір санатқа бір орын берілсе, кейін сол орынға тек сол санаттың заттарын қою қажет. Сондай-ақ жаңа зат келген кезде ескісін шығарып отыру керек. Сонда ғана реттілік ұзақ уақытқа сақталады.
Үйін реттеген адамның өмірі де өзгереді
– Клиенттеріңізде жұмысыңыздан кейін қандай өзгерістер байқалады? Қызықты оқиғалар болды ма?
– Иә, үйін реттеп, артық заттан құтылғаннан кейін адамдардың өмірінде де оң өзгерістер болады. Бұл жайлы жиі естіп жүрміз. Тапсырыс берушілер: «Арқамнан жүк түскендей, жеңілдеп қалдым», – деп жиі айтады. Себебі артық заттан арылғанда үйдің аурасы тазарады. Керексіз зат адамның энергиясын алады.
– Әлеуметтік желіде «идеалды үй» тренді көбейіп кетті. Бұл адамдарға мотивация бере ме, әлде керісінше қысым жасай ма?
– Әлеуметтік желіде минимализм трендте. Байқасаңыздар, көп адам үйіндегі қоқысты шығарып, сол сәтті желіде бөлісіп жүр. Минимализм әрбір қазақтың үйіне керек. Өйткені біз «керек болып қалар» деп сақтай береміз.
– Қазір үйін ретке келтіргісі келіп жүрген, бірақ неден бастарын білмейтін адамдарға қандай үш кеңес берер едіңіз?
Бірінші, барлық үйді бірден реттеп аламын деп ойламаңыз. Ол физикалық тұрғыдан да мүмкін емес. Сондықтан әртүрлі аймаққа бөліп бастаңыз. Мысалы, әуелі косметиканы реттеңіз. Сынған, жарамдылық мерзімі өткен заттарды тастаңыз. Екінші күні гардеробты, үшінші күні асүйді, одан кейін балалар бөлмесін реттеңіз. Сол кезде шаршамайсыз. «Реттеу қиын» деген түсінік те болмайды.
Екінші, артық заттан арылыңыз. Қолданбайтын заттың орнын өзгерткеннен пайда жоқ. Тек қажет заттарды ғана қалдырыңыз. Органайзерді алдын ала алудың қажеті жоқ. Оның көлемі қажетсіз заттан арылғаннан кейін ғана белгілі болады. Егер органайзер дұрыс таңдалмаса, ол да үйдегі артық затқа айналады.
Үшіншіден, әр заттың өз орны болсын. Мысалы, белгілі бір жерде тек шайға арналған заттар тұрса, енді бір жерде тек ойыншықтар тұруы керек. Белгілі бір заттың өз орны болмай, оны әр жерге қоя берсе, үйде ешқашан реттілік болмайды. Осы қарапайым үш ережені сақтау арқылы да кеңістікті ұйымдастыра аласыз.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Кеше, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?7 Шілде, 10:00
Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд