Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, даңқты жауынгер Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы жарлыққа қол қойды.
Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) «Халық қаһарманы» атағы беріледі. Оған қоса айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылады, – делінген хабарламада.
Бұл Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Кенжебай Мәденов кім еді?
Кенжебай Мәденұлы Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Ақтайсай ауылында дүниеге келген. Ол – тек соғыс батыры ғана емес, ұлт рухының символына айналған тұлға, әйгілі Махамбет Өтемісұлының тікелей ұрпағы.
Жастайынан қайсар мінезімен ерекшеленген ол 1943 жылы 8 қаңтарда, небәрі 18 жасқа толмай тұрып, өз еркімен Қызыл армия қатарына қосылады. Әскери білімді Краснохолмск жоғары жаяу әскер училищесінде алып, майданға жас офицер ретінде жіберіледі.
Алғашқы ұрыстарын Кривой Рог маңында бастайды. Кейін 3-Украина және 1-Белоруссия майдандарында шайқасып, түрлі бөлімдерде взвод командирі қызметін атқарады.
Ол қатысқан әскери операциялардың қатарында Днепрден өту, Яссы–Кишинев, Варшаваны азат ету, Висла–Одер және Берлин операциялары бар.
Ратушаға ту тіккен батырдың ерлігі
1945 жылдың сәуір айы. Берлин үшін соңғы, ең қанды шайқастар жүріп жатқан кез. Кеңес әскерінің алдында тұрған басты мақсат – фашистік Германияның саяси әрі әскери орталығын толық талқандау.
Сол сәтте Кенжебай Мәденов басқарған взводқа аса күрделі міндет жүктеледі. Ол – Рейхстагтан кейінгі маңызды нысан саналатын Берлин ратушасын басып алу. Бұл ғимарат Rotes Rathaus – қаланың әкімшілік орталығы, стратегиялық бекініс еді.
Ғимарат жан-жағынан қоршалған, ішінде жақсы қаруланған неміс әскерлері орналасқан. Ашық шабуыл жасау іс жүзінде мүмкін емес болатын. Артиллерия соққысынан кейін ғана алға жылжу мүмкіндігі туады.
Осы сәтте алғашқылардың бірі болып аға лейтенант Мәденовтің взводы ғимаратқа басып кіреді. Тар дәліздер мен бөлмелерде қоян-қолтық ұрыс жүріп, шайқас бірнеше сағатқа созылады.
Ақыры жау толықтай талқандалып, Кенжебай Мәденов Ратушаның төбесіне жеңіс туын тігеді. Бұл – Берлин операциясындағы символдық әрі тарихи маңызы зор сәттердің бірі болды.
Бұл ерлік туралы Георгий Жуков өз естелігінде: кеңес әскерлері ішінде Мәденовтің взводы алғашқылардың бірі болып Ратушаға кіргенін жазады. Ал генерал Федор Боков оның взводы шабуылды бастап, ту тіккенін ерекше атап өтеді.
Тарихи деректерде бұл шайқас бірнеше сағатқа созылғаны, әр бөлме үшін жан алысып, жан беріскен ұрыс болғаны айтылады. Сол күнгі батырлық – жас офицердің есімін мәңгілік тарихқа жазды.
Батыр туралы жазылған деректер мен еңбектер
Кенжебай Мәденовтің ерлігі тек ауызша әңгіме күйінде қалған жоқ. Оның батырлығы көптеген тарихи еңбектер мен әскери зерттеулерде нақты деректермен дәлелденген.
Олардың қатарында «Воспоминания и размышления», «Весна победы», сондай-ақ қазақстандық ғалым Манаш Қозыбаевтың еңбектері бар.
Осы еңбектерде Кенжебай Мәденовтің Ратушаға алғаш кіргендердің бірі екені, қоян-қолтық шайқаста ерекше батылдық көрсеткені нақты айтылады.
Тіпті мектеп оқулықтарында да оның есімі Берлинге ту тіккен батырлардың қатарында аталады.
Соғыстан кейінгі өмірі
Соғыс аяқталған соң Кенжебай Мәденов әскери қызметін жалғастырып, Солтүстік Кавказ әскери округінде рота командирі қызметін атқарды. Кейін елге оралып, қауіпсіздік органдарында еңбек етті.
Ол бейбіт өмірде де елге адал қызмет етті. Қарапайымдылығымен, адамгершілігімен ерекшеленген батыр әріптестері арасында үлкен құрметке ие болды.
Жауынгерлік ерлігі үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған.