Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға банк шоты бұғатталған жағдайда қалай әрекет ету керегін түсіндірді. Ведомство мәліметінше, шоттың бұғатталуы – кез келген клиент тап болуы мүмкін жағдай және оның себептері әртүрлі болуы мүмкін.
Шот не себепті бұғатталады?
Мамандардың айтуынша, бұғаттаудың ең жиі кездесетін себептері мыналар:
– күмәнді немесе әдеттен тыс операциялар (мысалы, ірі сомадағы немесе жиі аударымдар, әсіресе шетелден келетін қаражат);
– мемлекеттік органдардың талабы (салық органдары, сот орындаушылары, қаржылық мониторинг);
– банктік жүйедегі техникалық ақаулар;
– карта деректерін қате енгізу немесе картаның жарамдылық мерзімінің аяқталуы.
Шот бұғатталса не істеу керек?
Егер шотыңызға қол жеткізе алмай қалсаңыз, ең алдымен асығыс шешім қабылдамай, нақты себепті анықтау маңызды.
– Алдымен банк қосымшасындағы хабарламаларды тексеріңіз. Көп жағдайда бұғаттау себебі сол жерде көрсетіледі.
– Банктің колл-орталығына хабарласыңыз немесе бөлімшесіне барып, толық ақпарат алыңыз.
– Қандай әрекет жасау керегін нақтылап, қажет болса құжаттарды дайындаңыз.
– eGov.kz порталы немесе салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы қарыздардың бар-жоғын тексеріңіз.
– Қаражаттың қайдан түскенін дәлелдейтін құжаттарды алдын ала дайындап қойған дұрыс.
Қалай бұғаттаудың алдын алуға болады?
Мамандар қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады:
– жеке шотты кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбау;
– ірі немесе күмән тудыруы мүмкін операциялар туралы банкке алдын ала хабарлау;
– жеке деректердің өзектілігін бақылау;
– құжаттардың мерзімін өткізіп алмау;
– салық және басқа да қарыздарды уақытында төлеу.
Сәуірде неге кей шоттар негізсіз бұғатталды?
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 9 сәуірде елдегі кейбір банк шоттары бойынша операциялар уақытша тоқтатылған еді. Бұл жағдайға қатысты Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берген болатын.
Ведомствоның мәліметінше, салық жүйесі цифрландырылып, камералдық бақылау автоматты түрде жүргізіле бастады. Яғни, енді хабарламалар да автоматты түрде жіберіліп, олардың орындалуы да жүйе арқылы бақыланады.
Алайда жаңа жүйені енгізу кезінде техникалық қате орын алып, кейбір азаматтардың шоттары негізсіз бұғатталған.
Комитет бұл мәселенің жедел түрде түзетілгенін хабарлады. Бұрын жіберілген шектеулер кезең-кезеңімен қайтарылып, жүйе қазіргі таңда қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар ведомство азаматтардан кешірім сұрап, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданғанын атап өтті.