Жаңалықтар

Кене шаққандар көбейді: Алматыда энцефалитке қарсы дәрінің қоры таусылды

25.06.2026 11:45
Көктем Қарқын
Фото: ашық дереккөзден

Биыл Алматыда кене маусымы әдеттегіден ерте басталды. Соның салдарынан мыңдаған тұрғынды кене шаққаны тіркеліп, энцефалитке қарсы дәрі қоры мерзімінен бұрын таусылған. Дәрігерлер қаладағы эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап отырғанымен, қауіпті аймақтарда сақтық шараларын күшейтуді ұсынады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 22 маусымға дейін қалада кене шаққан 3450 жағдай тіркелген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,9 пайызға көп.

Кене энцефалитіне қарсы қолданылатын иммуноглобулиннің бір жылға жоспарланған қоры бірнеше айдың ішінде толық пайдаланылып кеткен. Осыған байланысты Алматыға шұғыл түрде 1 литр иммуноглобулин жеткізілді. Бұл шамамен 150 адамға жетеді. Алдағы уақытта қалаға қосымша 15 литр препарат әкелу жоспарланып отыр.

Кене биыл ерте оянды

Мамандардың айтуынша, биыл көктемнің ерте келуі кенелердің де белсенділігін жеделдеткен. Сондықтан алғашқы шағымдар наурыз айының басында-ақ тіркеле бастаған.

Жалпы маусым басталғалы медициналық көмекке 2023 адам жүгінген. Олардың жартысына жуығы –14 жасқа дейінгі балалар.

Санитариялық дәрігерлердің сөзінше, өтініштер саны көбейгенімен, эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда және көрсеткіштер көпжылдық орташа деңгейден айтарлықтай аспайды.

Кенелерден энцефалитінің қоздырғышы анықталған

Табиғи ортадан ұсталған 41 кененің зертханалық тексерісі жүргізілген. Соның ішінде Президент саябағынан табылған бір кенеден кене энцефалитінің қоздырғышы анықталған.

Бұдан бөлек, адамдардың денесінен алынған кенелерді зерттеу барысында тағы төрт жұқтырған кене табылды.

Қазір Алматыда кене энцефалитінің екі жағдайы тіркелген. Екі науқас та ауруға қарсы вакцина салдырмаған.

Дәрігерлер қандай сақтық шараларын ұсынады?

Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Владимир Юсупов КТК арнасына берген сұхбатында кене шаққаннан кейінгі алғашқы 21 күннің ерекше маңызды екенін айтты.

Оның сөзінше, осы кезеңде:

Мұндай қарапайым профилактикалық шаралар ағзаның инфекциямен күресуіне көмектесуі мүмкін.

Қалада залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр

Алматыда кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жалғасуда. Көктемдегі алғашқы кезеңде 2366 гектардан астам аумақ дәріленді.

Қазір мамандар Медеу, Бутаковка, Алма-Арасан және Медеу мен Бостандық аудандарындағы тау шатқалдары мен орман алқаптарын өңдеп жатыр. Бұл – тұрғындар жиі демалатын орындар болғандықтан, мамандар дәл осы аумақтарда сақтық шараларын күшейтуге кеңес береді.

Оқи отырыңыз