«Келінжан-2» комедиясы үлкен экранда жарық көрмек

16 Қазан 2023, 17:45 1598

«Келінжан-2» комедиясы 19 қазаннан бастап үлкен экранға шығады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Хабар» телеарнасының директоры Жайна Жақсылықова биыл «Келінжан» сериалының бесінші маусымы көрсетілгенін айтты.

Біздің отандық телесериал нарығында бұлай бесінші маусым түсірілген сериал жоқ. Сонымен қатар бұны халықтық сериал деп атайды. Ол рас. Оған кәсіби тұрғыдан баға берілді. Көктемде «Тұмар» сыйлығын жеңіп алғанын білесіздер. Әр маусымы тарих, әр кейіпкері өзінше бір төбе. Жалпы, 5 маусымда 126 серия түсірілген. Қыркүйек айынан бастап бес аптада орташа көрсеткіші 13,1% болды. Жалпы жиыны 300 миллион қаралым жинады. Соңғы 5-маусымды 51 миллион адам тамашалаған, – деді ол.

Оқи отырыңыз:

«Келінжан» фильмінің бас продюсері Гүлнұр Мамасарипова фильмді үлкен экранға шығару үшін қаншама ай еңбектенгенін тілге тиек етті.

Биылғы «Келінжан-2» Айсараның еншісіне тиіпті. Басты кейіпкер Айсара деуге болады. Негізі олай болғанын монтаждаған кезді бір-ақ көрдік. Жалпы дәстүрден таймадық, «Келінжан» тек арзан күлкі емес, оның айтар дүниесі болды. Қазіргі заманда басты құндылық отбасы ғой. Бұл жолы да жанұяға басымдық берілді. Трейлерінен Нұрлан имамды байқадыңыздар. Қоғамдағы барлық трендті қамтуға тырыстық. Оны хайп, хейт үшін емес, осы туындының мазмұнын аша түсу үшін түсірдік, – деді продюсер.

Белгілі киноактриса Дариға Бадықова кейіпкері «Айсараның» образы туралы айтып берді.

«Айсара» – мен үшін қайталанбайтын образ. Қай жасқа келсем де жүрегімнің төрінен орын алған, ешқандай образға айырбастамайтын рөл. Бұған дейін де басқа түрлі сериалға түстім. Бірақ «Айсара» мені дүйім жұртқа кеңінен танытты, – деді актриса.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: