13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызАстанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сот жарыссөзінде марқұмның анасы Салима Ешенқұлова-Омарова сотталушы Сауле Жұбаниязоваға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сотта сөз сөйлеген Ұлдананың анасы қызының қазасынан кейінгі ауыр кезеңді еске алды. Оның айтуынша, арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, көптеген сұраққа жауап таба алмаған.
Ұлданам қайтыс болған күннен бері жанымда қаншама сөз, қаншама сұрақ қалды. Мен әлі күнге дейін олардың жауабын таба алмай, ауыр ойлардан арыла алмай жүрмін, – деді Салима Ешенқұлова-Омарова.
Ол қызының медицинаға бала кезінен қызыққанын және адамдарға көмектесуді армандағанын айтты. Кейін Ұлдана фельдшер мамандығын таңдап, өз міндетін адал атқарған.
Марқұмның анасы қызының қаза болғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен медальмен марапатталғанын да атап өтті.
«Ақша Ұлданамды қайтармайды»
Салима Ешенқұлова-Омарова сотқа кек алу немесе материалдық өтемақы талап ету үшін келмегенін айтты. Оның сөзінше, ешқандай ақша қызының өмірін қайтара алмайды.
Ақша менің Ұлданамды қайтармайды. Ешқандай өтемақы оның күлкісін, дауысын, құшағын қайтара алмайды. Мен Ұлдананың өмірін ақшамен өлшемеймін. Мен тек шындық пен әділдікті сұраймын, – деді ол.
Марқұмның анасы соттан істің барлық мән-жайын анықтап, оған құқықтық баға беруді сұрады. Сонымен қатар Сауле Жұбаниязованы алдын ала кінәлі деп санамайтынын жеткізді.
Егер оның әрекетінен қылмыс құрамы анықталса, заңға сәйкес жауапкершілікке тартуды, ал қылмыс құрамы болмаса, жауапкершіліктен босатуды сұрады.
«Ол – ана, мен де анамын»
Салима Ешенқұлова-Омарова сотталушының екі баласы бар екенін де ескеруді сұрады.
Сауле Жұбаниязова – жалғызбасты ана. Мен де анамын. Оның екі баласы бар. Ол – ана, мен де анамын. Тағдырдың жазуымен қызымнан айырылдым, бірақ Сауле Жұбаниязованың тірі кезінде балаларынан айырылып, олардың анасыз қалғанын қаламаймын, – деді ол.
Осыған байланысты марқұмның анасы соттан сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінді.
«Мама, сен мені іздеп жүрсің бе?»
Соттағы сөзінде Салима Ешенқұлова-Омарова қызының соңғы күндерін де еске алды.
Оның айтуынша, Ұлдана анасы қоңырауына жауап бермесе немесе өзі біраз уақыт хабарласпаса: «Мама, сен мені вообще іздеп жүрсің бе?» деп сұрайтын болған.
Сол сөздердің жүрегімде мәңгілікке қадалып қалатынын ол кезде елестете де алмадым. Осы бір сөйлем ойымнан кетпейді, – деді анасы.
Сөзінің соңында ол соттан істі жан-жақты әрі объективті қарап, заңға сәйкес шешім қабылдауды сұрады.
Кім кінәлі болса, заң алдында жауап берсін. Кінәсі жоқ адамды заң қорғасын. Әділдік – біреуді жазалау ғана емес, әр адамның әрекетіне заңды баға берілуі. Ұлдана жанымда болмаса да, жүрегімде мәңгі тірі. Оның есімі халық жадында қалады. Сондықтан ана ретінде соттан бір ғана нәрсе сұраймын: Ұлдана үшін – шындық, Ұлдана үшін – әділдік, Ұлдана үшін – заңға сай шешім», – деді Салима Ешенқұлова-Омарова.
Сотта тағы қандай мәліметтер айтылды?
Сот процесі Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өтіп жатыр. Іс бойынша айыпталушы – қайғылы жағдай болған үйдің МИБ төрайымы Сауле Жұбаниязова.
Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабы – «Міндеттеріне жосықсыз қарау» бойынша қаралып жатыр.
Бұған дейін сотта марқұмның жұбайы Адилет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын мәлімдеген. Жәбірленушілер сотталушыға материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап-арыз берген. Талаптардың жалпы сомасы 45 миллион теңгеден асады. Сотталушы талаптарды мойындамаған және өз кінәсін мойындамайтынын айтқан.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болды. Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптама құлап, бес адам зардап шекті.
Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері келген. Сол кезде 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан зардап шеккендерге көмектесуге ұмтылған. Алайда оған ғимараттың кірпіштері мен кондиционердің бекітпесі құлаған.
Ұлдана ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. 18 қарашада ол көз жұмды.
Оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғаған. Кейін іс бойынша Қылмыстық кодекстің құрылыс және қауіпсіздік талаптарына қатысты баптары бойынша тергеу жүргізілген.
Сот барысында үйдің қасбетіндегі ақаулар, техникалық жағдайы және Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) төрайымының міндеттері туралы куәгерлер мен мамандардың жауаптары тыңдалды.
Қазіргі уақытта сот жарыссөздері жалғасып жатыр. Соттың түпкілікті шешімі әлі жарияланған жоқ.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды