16-17 мамырда Испанияның Бенидорм қаласында дзбдодан Open European Cup халықаралық рейтингтік турнирі өтті. Испанияға жарысқа қатысушылардан бөлек, ұлттық құрама мүшелері де барды. Өйткені мұнда бес күндік оқу-жаттығу жиыны өтеді. Еуропаға аттанғандардың арасында 52 салмақта ел намысын қорғап жүрген Меруерт Сәрсенова да бар.
El.kz: Меруерт, бірнеше жылдан соң татамиге оралған екенсіз. Осы жайында айтып берсеңіз.
Иә, 2021 жылы спорттағы мансабымды аяқтағанмын. Сол тұста депрессияға түсіп, өзімді жегідей жедім. Одан бұрын «спорттан кетсем, немен айналысамын, қалай күн көремін?» деп ойланып жүргенмін. Сөйтіп, мансабымды аяқтаған соң банкте жұмыс істедім. Сұлулық салонында нэйл-мастер болдым. Киім сататын дүкенді жарнамаладым. Үш ай бапкер болып жұмыс істегенім тағы бар.
Осылайша, 4 жыл бойы мүлдем жаттығу жасамадым. 2024 жылы ғана жаттығуды бастап, өзімді-өзім қолға алдым. Жеке бапкерім Елдос Жұмақановпе бірге тыңғылықты дайындалдық. Азия Кубогына барып, екінші орын алдым. Одан кейін 2024 жылы Қазақстан чемпионатында екінші белдесуден кейін жолымды кесті. Әрине, бұған қатты көңілім түсті. Өйткені 52 келіде жасөспірімдер, жастар сапында да, ересектер сапында да ұлттық құрамада болдым. Ақтөбедегі жарыстан кейін кәсіби түрде жаттығуды бастадым. Қазақстан чемпионатына тыңғылықты дайындалдым. Жеке тренерім Елдос Жұмақановтың қойған тактикасының арқасында жеңіске жеттік. Осыдан кейін ұлттық құрамаға қайта оралдым. Бірақ Словенияда өткен Еуропа кубогынде бірінші белдесуде жеңіліп қалдым. Польшадағы жаттығуда итальялық балуанға жол бердім. Осыдан кейін өзіме ашуланып, жарысқа тыңғылықты дайындалуды бастадым. Аға бапкерлер бізді жақсы дайындады. Төрт жылдан соң формаға келу, қайта қатарға қосылу қиын болды. Бірақ аға бапкердің, жеке тренерімнің арқасында қатарға қосылдым. Ата-анамның, күйеуімнің, ата-енемнің арқасында татамиге оралдым. Сол үшін оларға алғыс айтамын. Олар Астанада өткен Grand Slam жарысына ұшып келіп, мені қолдады. Жеке тренерім де келіп, мотивация берді. Барымды салғаныммен, жүлдеден тыс қалдым.
El.kz: Расында, сізге қола жүлде үшін не жетпеді деп ойлайсыз?
Қола жүлде үшін барымды салдым. Белдесуді көрсеңіз, өзім бірінші болып әдіс жасап, ұпай алдым. Менің ұпайым екеніне сенімді болдым. Юко ұпайын алған соң, партерге өттім. Қылқындыратын әдіске салып, уақыт өткізуге тырыстым. 50 секунд өткен соң, судья үзіліс жасап, ұпайды ресейлік қызға берді. Не істерімді білмей қалдым. Неге бұлай болғанын түсінбедім. Қола жүлде алуға физика, тактика, мотивация тұрғысынан лайық болдым. Дегенмен жүлде бұйырмады.
El.kz: Меруерт, сіздің бұрын 48, 57 келі салмақта өнер көрсеткеніңізді білеміз. Неге салмақ ауыстырдыңыз?
Иә, 48 келіде балалар арасындағы «Азия балалары» додасында топ жарғанмын. Алғашында 52 келіде іріктеуге қатысып, жеңіліп қалдым. Одан кейін аға бапкеріміз республикалық іріктеу өткізіп, сонда 48 келіге дейін салмақ қудым. Ғайнулла ағай мені жақсы дайындап, жеңіске жеттім. Осы жарыстан кейін салмағым 56 келіге дейін өсті. Салмақ қумай, 57 келіде күресуді бастадым. Осы салмақта 2 жыл күрестіп, жастар арасындағы ел чемпионы болдым. Кейінірек, сол кездегі аға бапкер Ерлан Алпысбаев «саған 52-ге дейін салмақ қуу керек, өйткені 57-ге физикаң жетпейді» деді. Сөйтіп, осы салмаққа оралып, Тайпейдегі Азия чемпионатында екінші орын алдым.
El.kz: Ал дзюдоға қалай келдіңіз?
Дзюдоға келгенде 11 жаста болдым. Өзім Талдықорғанның тумасымын. Бала кезден Алматы қаласында тұрамын. Дзюдоға әкем алып келді. Әкем бұрынғы спортшы, анам жеңіл атлетикамен айналысқан. Бала кезден ұлдармен ойнап, төбелесіп өстім. Бірде әкеме келіп, спортпен айналысқым келетінін айттым. Әкем де менен потенциал көретінін, өзі де мені спортқа бергісі келетінін айтты. Әкем не үлкен теннис не дзюдоны таңдауымды сұрады. Әрине, дзюдоны таңдадым. Менің алғашқы бапкерім – Дүйсен Аязбеков. Маған барлық білгенін үйретті. «Темірдос» жаттығу залынан шықпайтынмын. Кейінірек Елдос Жұмақановтың жаттығу залына бардым. Спортпен қоштасып, алыстап кеткенімді айтқанмын. 2024 жылы әкем қолымнан жетелеп, Елдос Жұмақановқа апарды. Сөйтіп, мансабым қайта жанданды.
El.kz: Тұрмыс құрғаныңызды айттыңыз. Бұл мансабыңызға әсер етпей ме? Өйткені Жансай Смағұлов ұлттық құрама мүшелерінің 300 күн бойы жаттығу жиынында жүретінін айтты.
2025 жылы тұрмысқа шықтым. Сол кезде Маңғыстаудағы Азия кубогыне дайындалып жүргенмін. Тойдан кейін бірден Азия кубогыне ұшып кеттім. Үшінші орын алдым. Мансабым жайлы күйеуім де, ата-енем де жақсы біледі. Жолдасым – грек-рим күресінен спорт шебері. Күйеуіммен мектеп кезінен таныспыз. 9 сыныптан кейін ол колледжге оқуға түсті. Мен 11 сынаптан кейін оқуымды жалғастырдым. Осынша жыл өткен соң, қайта табыстық. Жақында маған көмектесу үшін дзюдомен айналысуды бастады. Біз алдын ала бәрін келісіп, сөйлестік. Менің алға қойған мақсатым – Олимпиада ойындарына қатысу.
Жаттығу жиынына келсек, өткен жылы желтоқсан айында ұлттық құрамаға кірдім. Содан бері жаттығу жиынынан қалмаймын. Иә, өзім Астанадамын, күйеуім Алматыда. Қиналып, құлазитын кезім болады. Бірақ мұның артында жеңіске дейінгі жол жатқанын білемін. Сондықтан ештеңеге мойымай, мақсатыма жеткім келеді.
El.kz: Олай болса мақсатқа жету жолыңыз туралы айтсаңыз?
Мақсатым – Олимпиада ойындарына қатысу. Қазір ұпай жинап жүрмін. Әрі оған мүмкіндігім жететініне сенемін. Алда Азия ойындары келе жатыр. 52 келі салмақта кімнің жарысқа қатысатынын әлі белгісіз. Мүмкіндік болса сол додада бақ сынағым келеді. Жеңілуді ұнатпайтын мінезім бала кезден бар. Әкем кішкентайымнан үздік екенімді, қолымнан бәрі келетінін айтып өсірді. Мектепте де апайлар болашақ Олимпиада чемпионы екенімді айтатын. Бір сәтте осы арманымды ұмытып кеткен кезім болды. Қазір сол кездегі ішкі күйімді, «Олимпиада чемпионы болсам» дейтін арманымды еске түсірдім. Қайдадан рухым оянды. Алдыма қойған үлкен мақсатым бар. Маған сенетін, сенім артатын адам көп. Солар үшін жеңіске жеткім келеді.