Караоке-бардағы төбелес: Танымал кино актері 6 жылға сотталды

12 Қазан 2023, 17:17 4771

Алматы қалалық Бостандық ауданының №2 аудандық сотында караоке-бардағы төбелеске қатысушыларға қатысты үкім шықты. Олардың арасында танымал актер Асқар Жұмабек те бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Караокеге келушілерді ұрып-соққан караоке-бардың қызметкерлері Ж., Қ., Т., С., Р., Н. және К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпкерлерге бұзақылық жасады (ҚК 293 б., 3 б.), бұзақылық пиғылда адамдар тобының денсаулығына қасақана ауыр және орташа зиян келтірді (Қр ҚК-нің 106 б., 2 б. және 107 б., 2 б.) деген айып тағылды. Сот 2022 жылғы 28 қыркүйекте қаладағы караоке-барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында сөз талас болып, оның соңы төбелеске ұласқанын анықтады.

Осы мекеменің күзетшілері мен ди-джейі, сондай-ақ барда болған олардың таныстары жәбірленушілерді ұра бастаған, жәбірленушілер оқиға орнына қашуға мәжбүр болған. Алайда сотталушылар оларды көшеде қуып жетіп, төбелесті жалғастырған. Іс бойынша 5 адам жәбірленуші деп танылды. Ұрып-соғу нәтижесінде зардап шеккен бес жәбірленушінің біреуінің денсаулығына ауыр зиян келтірілді (мұрынның сынуы, мидың шайқалуы, ауыр бас-ми жарақаты, бет сүйектерінің сынуы), екі жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян (мұрын мен жақ сүйектерінің сынуы) келтірілген, қалған екеуі денсаулығына жеңіл зиян келтірген (құлақ гематомасы, мұрынның көгеруі). Төбелес барысында сотталушылардың бірі пышақ қолдануға тырысқан. Сотталушы Ж.-ның бұрын да адамды ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды, делінген сот ақпаратында.

Іс бойынша мынадай дәлелдер келтірілген: сотталушылардың кінәлілігі куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтары, сот сараптамаларының қорытындылары, бейнебақылау камераларына түсірілген бейнежазбалар арқылы расталады.

Сотталушылар өз кінәларын мойындаған жоқ. Жәбірленушілер сотталушыларды кешірген жоқ. Прокурор 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады, - делінген ақпаратта.

Сот үкімімен Ж., Қ., Т., С., Р., Н. және К. ҚК-нің 293, 106 және 107 баптары бойынша кінәлі деп танылды. Р.-ға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қ., Т., С., Н. және К.-ның әрқайсысына 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Бұл ретте Асқар Жұмбековке бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 6 жыл 6 ай 15 күн мерзімге тағайындалды, өйткені ол бұған дейін ҚР ҚК-нің 107 бабы (адамды ұрып-соғу) бойынша кінәлі деп танылған болатын және соттың алдыңғы үкімі бойынша өтелмеген мерзіміне байланысты оған 15 күн қосылды, - делінген ақпаратта.

Сотталғандардың барлығынан жәбірленушілер қорына 61 260 теңге өндірілді. Жәбірленушілердің талаптары жартылай қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, аталған іске қатысы бар танымал актер Асқар Жұмабеков өзінің 6 жыл 6 айға жазықсыз сотталып жатқанын айтып, Президенттен көмек сұрағанын жазған едік.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: