Караоке-бардағы төбелес: Атышулы іске қатысты тағы бір видео шықты

13 Қазан 2023, 10:22 4490

12 қазан күні Алматыда караоке-бардағы төбелеске қатысушыларға қатысты үкім шықты. Олардың арасында танымал актер Асқар Жұмабек те бар. Алайда, әлеуметтік желі қолданушылары үкіміне қарсылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 2022 жылғы 28 қыркүйекте болған. Қаладағы караоке-барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында сөз талас болып, оның соңы төбелеске ұласқан.

Алматы қалалық соты таратқан ақпаратқа сәйкес, осы мекеменің күзетшілері мен ди-джейі, сондай-ақ барда болған олардың таныстары жәбірленушілерді ұра бастаған, жәбірленушілер оқиға орнына қашуға мәжбүр болған. Алайда сотталушылар оларды көшеде қуып жетіп, төбелесті жалғастырған.

Іс бойынша 5 адам жәбірленуші деп танылды. Ұрып-соғу нәтижесінде зардап шеккен бес жәбірленушінің біреуінің денсаулығына ауыр зиян келтірілді (мұрынның сынуы, мидың шайқалуы, ауыр бас-ми жарақаты, бет сүйектерінің сынуы), екі жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян (мұрын мен жақ сүйектерінің сынуы) келтірілген, қалған екеуі денсаулығына жеңіл зиян келтірген (құлақ гематомасы, мұрынның көгеруі). Төбелес барысында сотталушылардың бірі пышақ қолдануға тырысқан, делінген Алматы қалалық Бостандық ауданының №2 аудандық соты ақпаратында.

Дегенмен, аталмыш оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында резонанс тудырды. Себебі, жарияланған видеоларда караоке қызметкерлері мен оларды қорғаған адамдардың соққыға ұшырағаны анық көрсетілген. Оқиғаға қатысты тағы бір бейнежазба жарияланды. 

Айта кетейік, аталған іске қатысы бар танымал актер Асқар Жұмабеков өзінің 6 жыл 6 айға жазықсыз сотталып жатқанын айтып, Президенттен көмек сұрағанын жазған едік. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: