14.05.2026
14:50
159

Канн фестивалі биыл несімен таңғалдырады? Көрермен асыға күткен туындылар

Бұл күндері Францияның Канн қаласында әлемдегі ең беделді кино форумдарының бірі – 79-шы Канн кинофестивалі өтіп жатыр.

Жыл сайын кино әлемінің басты оқиғасына айналатын фестивальге бұл жолы да әлемнің ең танымал режиссерлері, актерлері мен киносыншылары жиналмақ.

Биылғы фестиваль қазылар алқасын оңтүстіккореялық әйгілі режиссер Пак Чхан-Ук басқарады. Сонымен қатар қазылар құрамында режиссерлер Хлоя Чжао, Лора Вандель, Диего Сеспедес, сценарист Пол Лаверти және Деми Мур, Стеллан Скарсгард, Рут Негга мен Исаак де Банколе секілді актерлер бар.

Канн фестивалінің негізгі бағдарламасына енген фильмдер арасында халықаралық кино қауымдастық ерекше күтіп отырған бірнеше туынды бар.

Рюсукэ Хамагучидің жаңа фильмі

Фестивальдегі ең көп талқыланып жатқан жобалардың бірі – жапон режиссері Рюсукэ Хамагучидің «Кенеттен» («All of a Sudden») фильмі.

Бес жыл бұрын Хамагучи «Көлігімді айда» драмасымен Канн көрермендерін тәнті етіп, кейін «Оскар» сыйлығын жеңіп алған еді. Бұл жолы режиссер еуропалық алаңда түсірілген жаңа картинасын алып келді.

Фильмде қарттар үйінің бас дәрігері Мари-Лу туралы баяндалады. Ол қарттарға күтім жасаудың жаңа әдісін енгізуге тырысып жүріп, ауыр дертке шалдыққан жазушы әйелмен жақын араласа бастайды. Картина адам тағдыры, жалғыздық және өмірдің мәні туралы терең психологиялық драма ретінде сипатталуда.

Альмодовардың автобиографиялық драмасы

Испаниялық атақты режиссер Педро Альмодовар Каннға «Ащы Рождество» («Bitter Christmas») фильмін алып барған.

Бұл туынды бұған дейін Испанияда көрсетіліп, прокатқа да шығып үлгерген. Соған қарамастан Канн ұйымдастырушылары оны негізгі конкурсқа енгізген.

Картина автобиографиялық сипатқа ие. Сюжетте жазушы Раульдің шығармашылық дағдарысы мен өнер адамының ішкі күйзелісі суреттеледі. Ол жаңа сценарий жазу барысында өзінің жеке өмірі мен продюсері Мониканың өмірінен шабыт алады. Алайда мұндай ашықтық продюсердің көңілінен шықпайды.

Андрей Звягинцев Каннға қайта оралды

Ресейлік режиссер Андрей Звягинцев араға он жылға жуық уақыт салып Канн фестивалінің негізгі байқауына қайта қатыспақ.

Оның «Минотавр» («Minotaur») атты жаңа фильмі әлеуметтік-психологиялық драма жанрында түсірілген. Сюжет кәсіпкердің өміріндегі ауыр кезеңді баяндайды. Кейіпкер бір мезетте отбасындағы қиындықпен бетпе-бет келіп, компаниясындағы қызметкерлерді қысқарту туралы шешім қабылдауға мәжбүр болады.

Сыншылар бұл фильмді қазіргі қоғамдағы моральдық дағдарыс пен адамның ішкі күйзелісін көрсететін шығарма ретінде бағалап отыр.

Болашақ туралы жапон драмасы

Жапон режиссері Хирокадзу Корээда бұл жолы көрерменге ерекше тақырып ұсынбақ. Оның «Қораптағы қозы» («Sheep in a Box») фильмі жас отбасының гуманоид баланы асырап алу тарихын баяндайды.

Корээда бұрыннан отбасы тақырыбын терең қозғайтын режиссер ретінде танымал. Оның 2023 жылы шыққан «Құбыжық» фильмі Каннда үздік сценарий жүлдесін жеңіп алған болатын.

Павел Павликовскийдің тарихи драмасы

Польшалық режиссер Павел Павликовский де фестивальге жаңа тарихи драмамен келді. «Отан» («Fatherland») фильмі соғыстан кейінгі Германияда өрбиді.

Картинада әйгілі жазушы Томас Манн қызы Эрикамен бірге Веймар қаласына сапар шегеді. Оларды Гетенің 200 жылдығына арналған іс-шараға шақырады. Алайда Германияда Маннды сатқын деп санайтындар көп болғандықтан, бұл сапар өте ауыр өтеді.

Фильм қара-ақ форматта түсірілген. Бұл режиссердің бұрынғы жұмыстарына тән ерекше стильдің жалғасы ретінде бағалануда.

Биылғы Канн кинофестивалі тағы да әлемдік киноның бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды алаңға айналғалы отыр. Сарапшылар пікірінше, биылғы бағдарламада авторлық кино, әлеуметтік драма және адам психологиясын терең зерттейтін фильмдер басым.

Биылғы Канн кинофестивалінде негізгі байқаудан бөлек, кино сүйер қауым асыға күтетін арнайы бағдарламалар да көптің назарын аударып отыр. Әсіресе «Түнгі көрсетілімдер» мен «Режиссерлер екі апталығы» секцияларында әлемдік киноның ең батыл әрі ерекше жобалары ұсынылмақ.

Николас Виндинг Рефннің жаңа фильмі

Даниялық режиссер Николас Виндинг Рефннің «Оның жеке тозағы» («Her Private Hell») фильмі негізгі конкурсқа емес, фестивальдің «Түнгі көрсетілімдер» бағдарламасына енгізілді.

Неонға толы визуалды стилімен және сюрреалистік атмосферасымен танымал режиссерді киносыншылар жиі Дэвид Линчтің рухани мұрагері деп атайды.

Жаңа фильмнің оқиғасы тұман басқан болашақ мегаполисте өрбиді. Картинада жас қыз бен америкалық сарбаз бір уақытта жақындарын іздеуге аттанады. Қыз жоғалып кеткен әкесін іздесе, сарбаз қызын табуға тырысады.

Басты рөлдерді соңғы жылдары Голливудта жарқырай бастаған Чарльз Мелтон мен Софи Тэтчер сомдаған.

Кантен Дюпьенің Канндағы екі фильмі

Франциялық режиссер Кантен Дюпье биыл Канн фестивалінің ең белсенді авторларының біріне айналды. Оның бірден екі фильмі фестиваль бағдарламасына енген.

Солардың бірі – «Толық Фил» («Full Phil») картинасы. Фильмде америкалық миллиардер Филип Дум Парижге келіп, қызы Мадленмен қарым-қатынасын түзетуге тырысады. Алайда жоспарлағанының бәрі керісінше өрбиді.

Видеодан алынған кадр

Картинада басты рөлдерді Вуди Харрельсон мен Кристен Стюарт сомдайды.

Кантемир Балаговтың жаңа жобасы

«Режиссерлер екі апталығы» бағдарламасындағы көпшілік күтетін фильмдердің бірі – Кантемир Балаговтың «Көбелек тосабы» («Butterfly Jam») драмасы.

'Butterfly Jam' Goodfellas

Фильм Нью-Джерси штатындағы Ньюарк қаласында тұратын 16 жастағы Питех есімді жасөспірім туралы. Ол кәсіби балуан болуды армандайды. Бірақ отбасының кавказ тағамдарын ұсынатын шағын мейрамханасында жұмыс істеуге мәжбүр.

Фильмнің тағы бір ерекшелігі – актерлік құрамы. Қосалқы рөлдерде Барри Кеоган, Моника Беллуччи және Гарри Меллинг секілді танымал актерлер ойнайды.

Адамзат симуляцияда өмір сүре ме?

Кантен Дюпьенің Канндағы екінші фильмі – «Бас айналдыратын» («Vertiginous») деп аталатын 3D-анимациялық жобасы.

Режиссер бұл фильм туралы ұзақ уақыт бойы ешқандай ақпарат таратпаған. Қазіргі таңда сюжетке қатысты қысқаша ғана мәлімет белгілі. Оқиғада Жак есімді кейіпкер досы Брюноға барып, бүкіл адамзат шын мәнінде симуляция ішінде өмір сүріп жатқанын айтады.

Бұл фильм Дюпьенің анимация жанрындағы алғашқы тәжірибесі болмақ.

Раду Жуденің әлеуметтік сатирасы

Румыниялық режиссер Раду Жуде де биыл алғаш рет Канн фестиваліне қатыспақ. Оның «Күтуші әйелдің күнделігі» («The Diary of a Chambermaid») фильмі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді әшкерелейтін өткір сатира ретінде сипатталып отыр.

Картина француз буржуазиясының үйінде күтуші болып жұмыс істейтін Джанина есімді әйел туралы баяндайды. Күнделікті жұмысынан бөлек, ол кешкі уақытта әуесқой театр қойылымына дайындалады.

Режиссердің жаңа фильмі француз жазушысы Октав Мирбоның романы негізінде түсірілген.

Биылғы Канн кинофестивалінің бағдарламасы әлемдік кинодағы түрлі бағыттар мен стильдердің тоғысқанын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Фестиваль аясында психологиялық драмалардан бастап, футуристік фантастика мен әлеуметтік сатираға дейінгі түрлі жанрдағы фильмдер көрермен назарына ұсынылады.