2 Қараша, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожеліҚазақстандық ат спорты халықаралық деңгейде жаңа белеске көтерілді. Әлем Кәбірхан феноменін ұмыты қоймаған тұста, Таяу Шығыс ипподромдарында қазақстандық атбегілерге тиесілі тағы бір жаңа жұлдыз жарқырап шықты.
2026 жылғы 31 қазанда Даг Уотсонның атқорасынан шыққан бес жастағы жирен-қоңыр түсті Азан есімді пішпе ат (мерин) жокей Патрик Доббстың басқаруымен 1800 метрлік қашықтықта мәреге бірінші болып жетті. Бұл оның Біріккен Араб Әмірліктерінің ипподромдарындағы алғашқы жеңісі болды.
Азан үш жастан асқан, рейтингі 75-ке дейінгі таза қанды мінгі жылқыларына арналған Umm Suqeim Stakes гандикапында топ жарды. Бәйге құмды жолда өтті. Жалпы жүлде қоры 80 мың дирхамды құрады. Оның 48 мың дирхамы жеңімпазға берілді.
Бірінші орын үшін күрес өте тартысты өтті. Азан жарыс бойы көшбасшылар тобында келе жатты. Мәреге 500 метр қалғанда белсенді шабуылға көшіп, соңғы бөлікте алға шықты. Ол 1800 метрді 1 минут 52,26 секундта бағындырып, Exculpation тұлпарынан небәрі жарты дене ұзындығымен озып кетті. Бәйгеге барлығы 15 ат қатысты. Ал үшінші болып Heart Of Libya мәреге жетті.
Азан АҚШ-тың Кентукки штатындағы WinStar Farm жылқы зауытында дүниеге келген. Әкесі – Йошида, анасы – Эй Пи Индидің қызы Мама Надин. Emirates Racing Authority ресми базасында Азанның иелері ретінде Марат Күшеров, Мөлдір Күшерова және Сұлтанали Күшеров көрсетілген.
БАӘ-ге қоныс аударғанға дейін Азан Қазақстан мен Ресейдегі бәйгелерге қатысқан. 2023 жылы Алматы ипподромында Күзгі жүлдені жеңіп алса, келесі маусымда Грозный мен Нальчик ипподромдарында бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды.
Алайда Әмірліктердегі алғашқы кезеңі оңай болған жоқ. Бұған дейінгі алты жарыстың ешқайсысында үздік үштікке іліге алмаған. Қазан айында Жәбел-Али ипподромында жеңіске жетіп, осы сәтсіз сериясын үзді.
Марат Күшеров үшін шетелдік бәйгелерге қатысу – жылқылармен жүргізген көпжылдық жұмысының жалғасы. Ол «Золотой Мустанг» басылымына берген сұхбатында ат спортына ұлттық бәйгелер мен жокейліктен келгенін айтқан. Кейін Ақтөбе облысының Бестамақ ауылында жеке атқорасын салған.
Оның басты мақсаттарының қатарында халықаралық деңгейдегі ірі бәйгелерде жеңіске жету және Қазақстандағы ат спорты индустриясын дамыту бар. Енді Күшеровтер әулетіне тиесілі тағы бір тұлпар Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жеңістер есебін ашты.
Біз бұған дейін қазақстандық ат спортының қазіргі жағдайы туралы жазған едік.
2 Қараша, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожелі2 Қараша, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс