26 Маусым, 17:35
Әйелді ерте қартайтатын төрт гормон: олардың ағзаға әсері қандай?Елордада жас зерттеушілер мен сарапшылардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған «Jastar Research Hub» акселераторының жұмысы басталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған жоба ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында өтіп жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар алдағы бес күнде мемлекеттік саясат, аналитика, медиа және зерттеу саласының жетекші мамандарынан тәжірибе жинап, өз жобаларын әзірлейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акселератордың басты мақсаты – қоғамдық мәселелерді талдап қана қоймай, оларды шешуге нақты ұсыныстар ұсына алатын жас сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыру.
Еліміздің әр өңірінен келген жастар бас қосты
Бағдарламаға қатысуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 250-ден астам жас өтінім берген. Іріктеу қорытындысында 20 қатысушы негізгі құрамға қабылданып, тағы 10 үміткер резервке енгізілді. Сарапшыларды даярлауға бағытталған акселераторға осылайша ең үздік үміткерлер іріктелді.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева бүгінде жастардың басты сұраныстарының бірі сапалы білім мен кәсіби даму екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі еңбек нарығында тек білімді маман ғана емес, ойын дәлелмен жеткізе алатын, зерттеу жүргізетін әрі қоғаммен тиімді байланыс орната алатын сарапшыларға сұраныс артып келеді.
Бүгінгі жастардың негізгі сұраныстарының бірі – білім. Сонымен қатар олар цифрлық технологияларды меңгеруге, кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылады. Сондықтан біз бұл акселераторды жас сарапшыларды анықтап, олардың аналитикалық, зерттеушілік және медиа құзыреттерін дамыту үшін ұйымдастырып отырмыз. Бағдарлама екі бағыттан тұрады. Біріншісі – аналитикалық зерттеу жүргізу дағдыларын дамыту болса, екіншісі – көпшілік алдында сөйлеу, коммуникация және медиа саласындағы қабілеттерді жетілдіруге арналған, – деді ол.
Оның айтуынша, бағдарламаға Астана, Алматы, Шымкент, Ақмола, Түркістан және Қызылорда өңірінен жас зерттеушілер қатысып жатыр.
Гүлісхан Нахбаева акселератордың тағы бір маңызды ерекшелігі – қатысушылар әзірлейтін аналитикалық ұсыныстардың мемлекеттік органдарға жолданатынын атап өтті.
Жастар әзірлейтін сараптамалық жұмыстар қағаз жүзінде қалып қоймайды. Үздік ұсыныстар мемлекеттік органдарға жолданып, тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алады. Сонымен қатар қатысушылардың кәсіби орта қалыптастыруына, қажет болған жағдайда мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға жұмысқа орналасуына да қолдау көрсетуді көздеп отырмыз. Бүгінде мұндай ұйымдарда аналитиктер мен спичрайтерлерге сұраныс жоғары, – деді орталық директоры.
«Сарапшы өз ойын қарапайым тілмен жеткізе білуі керек»
Акселератор аясында қатысушыларға көпшілік алдында сөйлеу және спичрайтинг бойынша тренинг өткізетін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз хатшысы Бибігүл Құламан сарапшы үшін кәсіби біліммен қатар коммуникациялық дағдылардың да маңызды екенін айтты.
Оның пікірінше, Қазақстанда түрлі салада тәжірибелі мамандар жеткілікті болғанымен, олардың барлығы бірдей күрделі ақпаратты қоғамға түсінікті тілде жеткізе алмайды.
Елімізде әр саланың өз маманы бар. Бірақ олардың барлығы көпшілік алдында сөйлеп, ғылыми немесе сараптамалық ақпаратты қарапайым халыққа түсінікті тілде жеткізе алады деу қиын. Сондықтан мұндай акселераторлардың маңызы зор. Әсіресе қазақтілді сарапшыларды даярлау бүгінгі күні өте өзекті мәселе. Экономика, медицина, білім беру, медиа сияқты көптеген салада қазақ тілінде кәсіби пікір білдіретін сарапшылардың саны әлі де аз, – деді ол.
Бибігүл Құламанның айтуынша, тренинг барысында қатысушылар көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, спичрайтингтің негізгі қағидалары және аудиториямен тиімді байланыс орнату тәсілдерімен танысады.
Кез келген сарапшының ойы алдымен қағазға түседі, кейін қоғамға жол тартады. Сол себепті мәтін жаза білу, оны дұрыс жеткізу, аудиторияның назарын ұстай алу – қазіргі заман сарапшысы үшін маңызды дағды, – деді Бибігүл Құламан.
«Шетелде алған тәжірибемді Қазақстанда пайдаланғым келеді»
Акселераторға қатысушылардың бірі, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Қуаныш Умирбек мұндай жобалардың шетелде білім алған жастар үшін маңызы зор екенін айтты.
Италиядағы La Sapienza университетінде магистр дәрежесін алған жас зерттеушінің айтуынша, көптеген жастар шетелде қалып қоюды жөн көреді. Себебі елге оралғаннан кейін өз саласы бойынша орта тауып, еңбек нарығына бейімделу оңай емес.
Бұл жобаның ең ұнаған тұсы – кәсіби орта қалыптастыруға мүмкіндік беруі. Мұнда өзің сияқты ізденуші жастармен танысып, тәжірибе алмасуға, жаңа жобалар әзірлеуге және болашақтағы жұмыс бағыттарын айқындауға болады. Мен шетелде алған білімімді Қазақстанның дамуына пайдаланып, жастар саясаты мен қоғамдық даму бағытындағы бастамаларды жүзеге асырғым келеді, – деді Қуаныш Умирбек.
Ол алдағы уақытта жастар арасында Конституция құндылықтарын кеңінен насихаттауға және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған жобалар әзірлеуді жоспарлап отырғанын айтты.
Ауыл мектептеріндегі цифрлық алшақтықты азайтуды көздейді
Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Сілеті ауылының жалпы орта білім беру мектебінің оқу-ісі жөніндегі директорының орынбасары, география мұғалімі Нұрқанат Ақболат акселераторға білім беру саласында жасанды интеллектіні енгізуге арналған жобасын жетілдіру мақсатында келген.
Қазіргі таңда ол мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін цифрлық платформаны әзірлеумен айналысып жүр.
Платформаның негізгі мақсаты – мұғалімдердің қағазбастылығын азайтып, жұмыс тиімділігін арттыру. Сонымен қатар ауыл мен қала мектептері арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға үлес қосқымыз келеді. Бүгінде ауылдық жерлерде жасанды интеллект құралдарын пайдалану деңгейі әлі де төмен. Сондықтан осы бағыттағы зерттеулерімді осы акселератор барысында тереңдеткім келеді, – деді ол.
Үздік қатысушылар жас сарапшылар пулына енеді
Акселератор бағдарламасы 3 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қатысушылар мемлекеттік басқару, заң шығару, этносаясат, зерттеу әдістемесі, цифрлық технологиялар және медиа бағыттары бойынша жетекші сарапшылардың дәрістеріне қатысады.
Бағдарлама соңында әр қатысушы өз жобасын қорғап, әзірлеген аналитикалық ұсынымдарын таныстырады. Үздік жұмыстар мемлекеттік органдарға жолданып, ал ең үздік түлектер «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жас сарапшылар пулына енгізіледі. Бұл олардың кәсіби ортаға қосылып, сарапшылық қызметін одан әрі дамытуына мүмкіндік береді.
26 Маусым, 17:35
Әйелді ерте қартайтатын төрт гормон: олардың ағзаға әсері қандай?26 Маусым, 12:33
Grand Prix: Ғұсман Қырғызбаев пен Хифуми Абе финалда күреседі25 Маусым, 17:11
«Мәңгілік жасайтын өлең – шындықпен жазылған өлең»: ел сүйген «Бала Жамбыл» қайда жүр?23 Маусым, 16:14
Жазда шаш үлгісіне сән беретін ерекше әшекейлер