Италияның танымал жағажайларына енді броньсыз кіру мүмкін емес

Италияның танымал жағажайларына енді броньсыз кіру мүмкін емес

Аян Қайырбаев
Фото: pixabay

Италияда туристер санының артуына байланысты елдің ең танымал жағажайларында жаңа ереже енгізіле бастады. Енді кейбір жағажайларға бару үшін алдын ала орын брондау міндетті.

Жағажайға кіру енді тек бронь арқылы

The Independent басылымының мәліметінше, мұндай жүйе Сардиния аралындағы бірнеше әйгілі жағажайда енгізілген. Жергілікті билік табиғатты қорғау және жаппай туризмнің жағалауға түсіретін салмағын азайту үшін күн сайын келетін демалушылар санына шектеу қойған.

Италияның Ұлттық статистика институтының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында елге келген туристер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға артқан. Ал қонақүйлердегі түнегендер саны 7,5 пайызға көбейген. Туристер ағынының өсуі әсіресе шағын шығанақтар мен жағажайларда орын тапшылығын туғызған.

Қандай жағажайларда жаңа тәртіп енгізілді?

Сардиниядағы ең танымал Ла-Пелоза жағажайы жаңа жүйеге көшкен алғашқы орындардың бірі болды. Қазір мұнда 15 қыркүйекке дейінгі барлық орындар брондалып қойған.

Жағажайға бару үшін алдын ала тіркеліп, бір адамға 3,5 еуро (шамамен 1 900 теңге) төлеу қажет. Бір броньға ең көбі төрт адам енгізіледі. Төлемнен кейін келушілерге жағажайға кіруге мүмкіндік беретін QR-код беріледі.

Мамыр мен қазан аралығында бұл жағажайға күніне ең көп дегенде 1 500 адам ғана кіре алады.

Сардинияның шығыс жағалауындағы ЮНЕСКО қорғауындағы Кала Голорице шығанағында да осындай тәртіп қолданылады. Мұнда бронь наурыздан қарашаға дейін ашық болады. Ересектер үшін кіру құны – 7 еуро (шамамен 3 750 теңге), ал күніне небәрі 250 адам қабылданады. Орынды сапарға үш күн қалғанда ғана брондауға болады, алайда жақын күндерге бос орын қалмаған.

Сонымен қатар Кала Бригантина мен Су Сирбони жағажайларында да алдын ала тіркелу жүйесі жұмыс істейді. Бұл жағажайларға күніне тиісінше 60 және 786 адам ғана кіре алады.

Неліктен мұндай шектеулер енгізілді?

Экологиялық Legambiente ұйымының пікірінше, мұндай шаралар табиғатты қорғау үшін қажет.

Ұйымның туризм мәселелері жөніндегі өкілі Себастьяно Веннери әлемдегі туристер саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, табиғи аумақтарды сақтаудың жаңа тәсілдері қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, әлем бойынша туристер саны 2000 жылғы 1 миллиардтан 2030 жылға қарай 2 миллиард адамға жетуі мүмкін.

Себастьяно Веннери Сардиниядағы Ла-Пелоза жағажайының ерекше қауіпке ұшырағанын атап өтті.

«Ла-Пелоза жағажайы жоғалып кетуі мүмкін. Себебі келушілер құмды сүлгілеріне жабыстырып, өздерімен бірге алып кетеді», – деді ол.

Жаңа ереже қоғамда пікірталас тудырды

Жағажайларға қолжетімділік мәселесі Италияда қызу талқыланып жатыр. Бұған дейін елдің Апулия өңірінің губернаторы Антонио Декаро демалушыларға жеке жағажайларға өздерімен бірге тамақ алып кіруге рұқсат беруді ұсынған.

Біз теңізді Апулия тұрғындары мен өңірге келетін туристер үшін барынша еркін әрі қолжетімді кеңістікке айналдырғымыз келеді. Теңіз – баршаға ортақ игілік, ол сән-салтанатқа айналмауы тиіс, – деді ол.

Алайда жағажай клубтарының иелері бұл ұсынысқа қарсы шықты. Олардың пікірінше, мұндай өзгерістер өңірдің жоғары деңгейдегі демалыс орны ретіндегі беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Алдын ала брондау жүйесін енгізу Италия билігінің табиғатты қорғау мен туристер ағынын реттеу арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған қадамдарының бірі саналады. Енді елдегі ең танымал жағажайлардың кейбіріне бару үшін теңіз жағасына келудің өзі жеткіліксіз – орынды алдын ала брондау қажет.

Бұған дейін Рим әуежайлары Еуропалық одақтың жаңа Entry/Exit System (EES) жүйесіне байланысты жазғы туристік маусымда рейстердің кешігуі мен жұмыстың іркілу қаупі жоғары екенін ескерткен болатын. Бұл жүйе ЕО құрамына кірмейтін елдердің азаматтарын міндетті түрде биометриялық тіркеуден өткізуді көздейді.

Оқи отырыңыз

{