Италияда 50 үй тегін беріледі: баспанаға кімдер үміткер бола алады?

Италияда 50 үй тегін беріледі: баспанаға кімдер үміткер бола алады?

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Италияның оңтүстігіндегі Калабрия аймағында тұрғындарға 10 жыл бойы жалдау ақысын төлемей, баспанада тұру мүмкіндігі ұсынылып отыр. Ripopola Calabria бағдарламасы халқы азайып бара жатқан елді мекендерге жаңа тұрғындарды тартуға бағытталған. Бастаманың ерекшелігі – оған Италия азаматтарымен қатар шетелдіктер де қатыса алады.

The Independent басылымының мәліметінше, бағдарлама аясында алғашқы кезеңде 50 үй мен пәтер ұсынылады. Баспанаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 20 миллион еуро бөлінген. Болашақ тұрғындар жалдау ақысын төлемейді. Алайда олар сол үйде тұрақты тұруға міндетті.

Италия билігі неге тегін баспана ұсынып отыр?

Италияның оңтүстігінде орналасқан Калабрия аймағында соңғы жылдары халық саны айтарлықтай азайған. Жергілікті тұрғындар жұмыс пен білім алу мүмкіндіктерін іздеп, елдің басқа өңірлеріне немесе шетелге қоныс аударып жатыр.

Ripopola Calabria бағдарламасының мәліметінше, 2011–2024 жылдар аралығында аймақ халқы 124 мыңнан астам адамға, яғни 6,4 пайызға азайған.

Италияның Ұлттық статистика институтының (ISTAT) дерегінше, 2019–2025 жылдары елдің оңтүстік өңірлерінен жоғары білімі бар 25–34 жас аралығындағы 150 мың жас маман көшіп кеткен.

Халық санының азаюы жергілікті кәсіпкерлікке, сауда орындары мен әлеуметтік қызметтердің жұмысына кері әсер етіп отыр. Осыған байланысты аймақ билігі жас мамандарды, отбасыларды және ұзақ мерзімге қоныс аударуға дайын азаматтарды тартуды көздейді.

Қандай үйлер ұсынылады?

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде ұзақ уақыт бойы бос тұрған, муниципалитет меншігіндегі 50 үй мен пәтер ұсынылады. Олардың кейбірінің ауданы 140 шаршы метрге дейін жетеді.

Бағдарлама каталогына мынадай баспаналар енгізілген:

Барлық баспанаға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алайда үйлер жиһазбен жабдықталмайды. Сондықтан төсек, үстел, шкаф және басқа да тұрмыстық қажеттіліктерді тұрғындар өз қаражатына сатып алуы керек.

Тегін баспананы кімдер ала алады?

Бағдарламаға 18 жастан асқан және кемінде үш жыл бойы Калабрия аймағынан тыс жерде тұрып жатқан азаматтар қатыса алады.

Өтінім беруге құқылы азаматтар:

Демек, қазақстандықтар да бағдарламаға қатыса алады. Алайда ол үшін Италияда заңды түрде тұру құқығы болуы және бағдарламаның өзге де талаптарына сай келуі қажет.

Өтінімді қалай беруге болады?

Өтінімдер Ripopola Calabria бағдарламасының ресми сайты арқылы онлайн қабылданады. Үміткерлер каталогтағы үйлердің сипаттамасымен танысып, өздеріне ұнаған үш баспанаға дейін таңдай алады.

Арнайы комиссия өтінімдерді қарап, әр баспана бойынша үміткерлердің рейтингін жасайды. Жоғары ұпай жинаған азаматтарға баспана беріледі.

Іріктеу барысында балалы отбасыларға, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналарға және жас жұптарға қосымша ұпай қарастырылған.

Баспана алуға өтінім қабылдау 18 желтоқсанға дейін жалғасатыны көрсетілген. Дегенмен өтінім қабылдаудың нақты мерзімін бағдарламаның ресми сайтынан тексерген жөн.

10 жылдан кейін баспананы сатып алуға бола ма?

Бағдарлама аясында баспана 10 жылға дейін тегін пайдалануға беріледі. Осы уақыт ішінде тұрғындар келісімшарт талаптарын сақтаған жағдайда жалдау ақысын төлемейді.

Алайда жылжымайтын мүлікті коммерциялық мақсатта пайдалануға, басқа адамдарға жалға беруге немесе туристерге арналған қонақүйге айналдыруға тыйым салынады.

Пәтерлер тек тұрғын үй ретінде пайдалануға арналған. Олар пайда табу немесе басқа адамдарға жалға беру үшін емес, адамдардың тұрақты тұруы үшін ұсынылады, – делінген бағдарлама сайтында.

Он жылдық мерзім аяқталғаннан кейін тұрғындардың баспанада қалу мәселесі әзірге толық шешілмеген. Келісімшартты ұзарту немесе үйді арнайы белгіленген бағамен сатып алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда бұл нұсқалар бойынша түпкілікті шешім қабылданбаған.

Италия ауылдарында тағы қандай өзгерістер болады?

Ripopola Calabria бағдарламасы бос тұрған үйлерді жөндеумен ғана шектелмейді. Жоба аясында шағын елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың жұмыс істеуіне және бала тәрбиелеуіне қолайлы жағдай жасау көзделген.

Атап айтқанда, қоғамдық кеңістіктерді, мәдениет нысандарын, қашықтан жұмыс істеуге арналған коворкинг орталықтарын дамыту, қолөнершілер мен жергілікті кәсіпкерлерді қолдау жоспарланып отыр.

Бағдарламаға қатысатын елді мекендер Козенца, Катандзаро, Кротоне және Реджо-ди-Калабрия провинцияларында орналасқан. Баспана суреттерін, жоспарларын және қатысу талаптарын ripopola.regione.calabria.it сайтынан көруге болады.

Айта кетейік, баспананың тегін берілуі қоныс аударуға байланысты барлық шығын өтеледі дегенді білдірмейді. Болашақ тұрғындар көшу, үйді жиһазбен жабдықтау және күнделікті тұрмыс шығындарын өздері көтереді.

Бұған дейін Италияның солтүстігіндегі Равенна қаласы шетелдік 100 туристі бес күндік тегін саяхатқа шақырған болатын. Еуропалық FOOTPRINTS жобасы аясында ұйымдастырылған бастама туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Оқи отырыңыз

{