Кеше, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Ісікті тілік жасамай, операциясыз және ұзақ жатып емделусіз-ақ кетіруге бола ма? Мамандардың айтуынша, кей жағдайда мұны фотодинамикалық терапияның көмегімен жүзеге асыруға әбден болады. Ал бұл әдіс қалай жұмыс істейді, ол қандай дертке дауа және кімге көмектеседі?
Осы сауалдардың жауабын ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Фотодинамикалық терапия орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Насрулла Шаназаровтан білдік. Ол – онкология саласында 35 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан, Қазақстанда фотодинамикалық терапияны алғашқылардың бірі болып қолға алған тәжірибелі маман.
– Насрулла Абдуллаұлы, өзіңіз және кәсіби жолыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз. Медицинаға қалай келдіңіз, неліктен осы бағытты таңдадыңыз?
– Мен медицинаға саналы түрде келдім. Ең төменгі баспалдақтан бастап бұл саланың барлық сатысынан өттім. Еңбек жолымды жансақтау бөлімінде қарапайым мейіргер болып бастадым, содан кейін Челябі мемлекеттік медицина институтын бітірдім. Бұл өте қуатты ғылыми және клиникалық мектеп еді. Онда біз ең күрделі операцияларды елорданың жетекші мамандарымен қатар тұрып жасадық.
Онкология саласындағы жалпы дәрігерлік тәжірибем 35 жылдан асты. Бұл салаға келуімнің басты себебі бар. Дерттің салдарымен ғана күреспей, адам өмірін сақтап қалудың барынша тиімді әрі ағзаға зиянсыз жолын тапқым келді. Хирургия мен дәстүрлі онкологияда жүргенде науқастардың мүгедектікке соқтыратын ауыр операцияларды, сәулелік және химиотерапияны қаншалықты ауыр көтеретінін жиі көрдім. Мені фотодинамикалық терапияға әкелген де осы жағдай. Он жылдан астам уақыт бұрын біз Қазақстанда ФДТ-ны жүйелі түрде енгізуді алғашқы болып қолға алып, Астанада арнайы орталық аштық. Бүгінде бұл менің өмірімнің басты ісіне айналды. Өйткені ол ерте сатыдағы обыр мен ісікалды дерттерді артық зақымсыз емдеп, адамның ағзасын да, өмір сүру сапасын да сақтап қалуға мүмкіндік береді.
– Ал «Фотодинамикалық терапия» дегеніміз не және бұл әдіс қалай жұмыс істейді?
– Қарапайым тілмен айтқанда, фотодинамикалық терапия (ФДТ) – жарыққа сезімтал арнайы препарат пен лазердің көмегімен ауру жасушаларды жоятын әдіс. Олар жеке-жеке мүлде зиянсыз, ал бірге әсер еткенде сау тіндерге тимей, тек ісікті немесе қабынуды жоятын реакцияны іске қосады.
Бұл әдіс төрт қадаммен жүзеге асады. Алдымен науқасқа арнайы дәрі – фотосенсибилизатор енгізіледі. Сау жасушалар оны тез шығарып тастайды, ал ауру жасушалар дәріні жинап, ұстап қалады. Шамамен 2,5-3 сағаттан кейін арнайы жарықпен тексеру жүргізіледі: ол ауру ошағының шекарасын дәл көрсетеді және көзге байқалмайтын ошақтарды да анықтауға мүмкіндік береді. Содан кейін дәрігер ауру аймаққа лазер сәулесін бағыттайды, жарық дәріні «оятады». Белсендірілген дәрі ауру жасушаның ішіндегі оттегін ерекше күшті түрге – синглеттік оттегіге айналдырады. Ол жасушаны ішінен бұзады және оны қоректендіретін қан тамырларын бітеп тастайды. Ал айналадағы сау жасушалар зақымдалмай қалады.
– Фотодинамикалық терапия қандай ауруларда қолданылады? Ісіктің қай түрлері бұл емге жақсы көнеді?
– Фотодинамикалық терапияны онкологияда, гинекологияда және дерматологияда қолданады. Бұл әдіс лазер сәулесін жеткізуге болатын тері мен кілегейлі қабық ауруларын емдеуге жарайды. Сәуленің тіндерге ену тереңдігі шамамен бір сантиметр, сондықтан ФДТ көбіне беткей зақымдануларда қолданылады.
Онкологияда ФДТ ісіктерді ерте сатысында, соның ішінде бетте, қабақта, құлақта және кілегейлі қабықтарда жоюға көмектеседі. Бұл мүшені, оның қызметін және науқастың келбетін сақтау қажет болғанда ерекше маңызды. Әдіс, мысалы, базалиомада (терінің ең жиі кездесетін обыр түрлерінің бірінде), сондай-ақ ауыз қуысының, өңештің, кеңірдек пен бронхтардың кейбір ісіктерінде қолданылады. Мұндай жағдайларда лазерді зақымдалған жерге эндоскоп арқылы жеткізеді.
Гинекологияда әдіс жатыр мойнының ісікалды өзгерістерінде және вульва ауруларында қолданылады. ФДТ өзгерген жасушаларды хирургиялық араласусыз және тыртық қалдырмай алып тастауға, сау тіндер мен әйелдің ұрпақ өрбіту қабілетін сақтауға көмектеседі.
Дерматологияда фотодинамикалық терапия акненің ауыр түрлерінде, розацеада, псориазда және терінің ісікалды өзгерістерінде қолданылады. Оның артықшылығы – әсер тек зақымдалған жерге бағытталады, ал тері емделген соң тыртықсыз жазылуы мүмкін.
– Неліктен науқасқа хирургиялық операцияның немесе басқа емдеу әдістерінің орнына фотодинамикалық терапия ұсынылуы мүмкін? Оның операциямен, химиотерапиямен және сәулелік терапиямен салыстырғандағы негізгі артықшылықтары қандай?
– ФДТ беткі қабаттағы ісікті немесе ісікалды өзгерісті ағзаға ауыр салмақ түсірмей, тіліксіз әрі тыртықсыз жою қажет болғанда тағайындалады. Бұл – күрделі анатомиялық аймақтар мен операция жасауға болмайтын пациенттер үшін өте қолайлы тәсіл.
Хирургиямен салыстырғанда мұнда скальпель де, қан жоғалту да, жансыздандыру (наркоз) да, дөрекі тыртық та жоқ. Химиотерапия мен сәулелік терапиямен салыстырғанда ФДТ тек нысанаға дәл тиеді, бүкіл ағзаны улап, иммунитетті әлсіретпейді. Процедураны қайталану жағдайында қауіпсіз түрде қанша рет болса да қайталауға болады, ал сәулелік терапияда доза шегі қатаң белгіленген. Негізгі шектеу біреу ғана: лазер сәулесі тіндерге небәрі 5-10 миллиметр тереңдікке енеді. Ірі, терең ісіктер мен метастаздарға бұл әдіс шамасы келмейді. Ондай жағдайда скальпель, химиотерапия немесе сәулелеу қажет.
Алайда жүйелік фотодинамикалық терапия (ЖФДТ) ісік процесінің барлық сатысында көмекші және қосымша ем ретінде қолданылуы мүмкін. Әдеттегі әдістермен ем аяқталғаннан кейін ЖФДТ ауру қайталануының және алыс метастаздардың алдын алуда да тиімді.
– Фотодинамикалық терапия қаншалықты тиімді? Емнің нәтижесі неге байланысты?
– Беткі қабаттағы ісіктер мен ісікалды өзгерістер кезінде ФДТ тиімділігі 85-95%-ға жетеді. Бұл операциямен алып тастау нәтижесімен пара-пар көрсеткіш. Тәжірибе көрсеткендей, науқастар дұрыс таңдалған жағдайда әдіс ауру қайталанбайтын ұзақ жылдық ремиссия береді.
Нәтиже үш нәрсеге байланысты: ошақтың сатысына, көлеміне және орналасқан жеріне. Нөлінші және бірінші сатыда, ісіктің қалыңдығы 5-10 миллиметрден аспаса, лазер сәулесі оны түгел өткізіп, жояды. Ал ісік тіннің тереңіне кетсе, жарық түбіне жетпейді. Терідегі, еріндегі немесе жатыр мойнындағы 2-3 сантиметрге дейінгі шағын түзілімдер әдетте бір-екі емшарада-ақ жазылады. Статистиканың да өзі дәлел: терінің ісікалды өзгерістерінде тиімділік 90-98%-ға, беткі базалиомада 85-95%-ға жетеді, ал жатыр мойны дисплазиясында әйелдердің 85-92%-ында дерттен толық айығу және адам папиллома вирусынан арылу байқалады.
– ФДТ қаншалықты қауіпсіз? Емдеу кезінде айналадағы сау тіндер зақымдала ма, қандай жанама әсерлер болуы мүмкін? Бұл әдіс кімдерге болмайды?
– Бұл ем ағзаға жұмсақ әсер ететін әдістердің бірі. Айналадағы сау тіндерге зиян тимейді: дәрі олардың ішінде дерлік қалмайды, ал дәрігер лазер сәулесін тек ісікке бағыттайды. Сондықтан әсер тек ауру жасушаның ішінде жүреді.
Ерекше жанама әсер біреу ғана: емнен кейін теріңіз бен көзіңіз күнге уақытша тым сезімтал болады. Дәрі вена арқылы енгізілгеннен кейін бірер күн тері мен көзде қалады. Осы кезде ашық күнге шықсаңыз, теріңіз күйіп қалуы мүмкін. Сондықтан алғашқы бір-екі күн қара көзілдірік тағып, денені жауып тұратын киім киіп, терінің күн сәулесіне тиюінен сақтану керек. Емделген жерде аздап ісіну мен қызару болуы мүмкін, бірақ бұл бірнеше күннен кейін өтіп кетеді.
Мына жағдайларда бұл емді қолдануға болмайды: жүкті әйелдерге, бала емізіп жүрген аналарға, бауыры немесе бүйрегі қатты ауырған адамдарға, сондай-ақ порфирия ауруы бар науқастарға. Порфирия – сирек кездесетін ауру, мұнда адам ағзасы жарықты көтере алмайды.
– ФДТ қаншалықты ауыртады, жансыздандыру қажет пе? Бір науқасқа әдетте неше процедура қажет?
– Бәрі амбулаториялық жағдайда, бір күн ішінде, ауруханаға жатқызбай өтеді. Алдымен науқасқа дәрі вена арқылы енгізіледі немесе теріге арнайы гель жағылады. Содан кейін ол бір-екі сағат жартылай қараңғы бөлмеде демалады, осы кезде дәрі ісікте жиналады. Соңында дәрігер ауру ошағын 15-20 минут бойы лазермен өңдейді.
Әсер етуге қолжетімді аймақтарды емдегенде жалпы жансыздандыру (наркоз) қажет емес. Процедура кезінде науқас жылу, шаншу немесе жеңіл күйдіру сезімін сезінуі мүмкін. Қажет болса, жергілікті жансыздандыру қолданылады. Терінің ерте сатыдағы обырында немесе жатыр мойны дисплазиясында әдетте бір-екі процедура жеткілікті, ал терінің созылмалы ауруларында 3-6 сеанстан тұратын курс қажет.
Эндоскопиялық және интраоперациялық ФДТ кезінде жалпы жансыздандыру қажет.
– ФДТ-дан кейін сауығу қалай өтеді? Неліктен процедурадан кейін күн сәулесінен сақтану маңызды және әдеттегі өміріне қашан оралады?
– Сауығу үйде және өте тез өтеді. Жойылған ісіктің орнында бір-екі күн ішінде құрғақ қорғаныш қабыршағы пайда болады. Оны жұлуға болмайды. 1-2 аптадан кейін ол өзі түсіп қалады, ал астында жаңа, қызғылт әрі сау тері қалады, дөрекі тыртық болмайды.
Қазіргі дәрілер ағзадан тез шығарылады, сондықтан қатаң жарық режимі тек 24-48 сағатқа қажет. Осы уақытта үйде қалың перделерді жауып, жарық шамдарға жақын отырмаған дұрыс. Ал далаға күннен қорғайтын көзілдірік тағып, жабық киіммен шығу керек. Анықтама қағазы (еңбекке жарамсыздық парағы) іс жүзінде қажет емес. 2-3 күннен кейін дәрі толық шығарылған соң адам жұмысына оралып, әдеттегі өмірін сүреді. Тек бірнеше апта бойы сауна, бассейн және күнге күю жағдайынан аулақ болу керек.
– Фотодинамикалық терапиядан кейін дерт қайталануы мүмкін бе? Аурудың қайталануы қаншалықты жиі кездеседі? Науқастарды ұзақ бақылау нәтижелері бар ма?
– Онкологияда жүз пайыз кепілдікті ешбір әдіс бере алмайды. Бірақ тері обырының ерте кезеңінде немесе жатыр мойны дисплазиясында дерттің қайталануы сирек. Бес жылдық бақылауда науқастардың бар болғаны 5-15%-ында ғана байқалады. Бұл дәстүрлі операция жасау көрсеткішімен бірдей деңгейде.
Егер ісік лазер сәулесі түскен тереңдіктен сәл тереңірек орналасып қалса, ауру қайта бас көтеруі мүмкін. Бірақ ФДТ-ның үлкен артықшылығы – емшараны қауіпсіз түрде қайта жүргізуге болады. Сәулелеу мен операцияға қарағанда, мұнда ем санына шектеу жоқ. Жазылғаннан соң науқас біздің бақылауымызда болады. Алғашқы жылы 3-4 ай сайын тексеруден өтіп, талдау тапсырады. Ал одан кейін кез келген онкологиялық емдегідей жарты жылда немесе жылына бір мәрте қаралып тұрады.
– Фотодинамикалық терапия орталығының жұмысы жайлы айтып берсеңіз. Науқастарға қандай мүмкіндіктер бар, мұнда қандай дерттер емделеді және қандай құрал-жабдықтар қолданылады?
– ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы базасындағы Фотодинамикалық терапия орталығы 2016 жылдың қарашасынан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ол еліміздегі осы бағыттың басты ғылыми-клиникалық орталығына айналды. Бүгінге дейін бізден түрлі онкологиялық және ісікалды дерттермен 1800-ден астам науқас ем алып шықты.
Қазір науқастарға заманауи әдістердің толық спектрі қолжетімді: классикалық жергілікті және жүйелік ФДТ-дан бастап, 2018 жылы Қазақстанда ең алғаш өзіміз қолға алған жоғары технологиялық эндоскопиялық және операция кезіндегі (интраоперациялық) фотодинамикалық терапияға дейін жасалады. Жұмыста толқын ұзындығы дәл таңдалған арнайы медициналық лазерлерді, ісіктің көзге көрінбейтін шекарасын табатын флуоресцентті диагностиканы және эндоскоп арқылы жеткізілетін аса нәзік жарық өткізгіштерді пайдаланамыз. Дерті ерте анықталған жандарды мүгедектікке соқтыратын ауыр операцияларсыз-ақ толық айықтырамыз. Ал асқынған сатыдағы науқастардың өмір сүру сапасын едәуір арттырып, ағза өткізгіштігін қалпына келтіреміз. Оның үстіне, фотодинамикалық терапия бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алғашқы ресми клиникалық хаттамасы да дәл осы орталықта жасалды.
– Жақын жылдары фотодинамикалық терапияның болашағын қалай көресіз және диагноз естіп, ем таңдап жүрген жандарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Фотодинамикалық терапияның болашағы – оны басқа ем тәсілдерімен, иммунотерапиямен, NK-терапиямен және цифрлық технологиялармен тығыз ұштастыруда. Қазірдің өзінде тінге тереңірек бойлап, одан да дәл әсер ететін жаңа фотосенсибилизаторлар шығып жатыр. Ал әдістің өзі ерте кезеңде ағзаны сақтап қалатын емнің алтын стандартына айналып келеді.
Ал ем іздеп жүрген жандарға айтар басты кеңесім – тексерілуден сескенбеңіз және дәрігерге қаралуды созбаңыз. Фотодинамикалық терапия скальпель мен ауыр оңалтусыз-ақ таңғаларлық нәтиже береді, бірақ оның ең үлкен күші дерттің дәл бастапқы шағында білінеді. Уақтылы тексерістен өтіп тұрыңыз. Қазіргі таңда медицинада денсаулығыңыз бен өмір сапаңызды сақтай отырып, ауруды ағзаға ауырлық түсірмей жеңудің барлық мүмкіндігі бар.
Кеше, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Кеше, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік