20.05.2026
17:20
687
Жаңалықтар

«Ипотекадан шаршадық»: Қазақстандағы ең танымал флиппер қалай миллионер атанды

Осыдан 9 жыл бұрын ипотеканың пайызынан қашқан отбасы бүгін Қазақстандағы ең танымал флипперлерге айналды. Айзат Ерғали әрленбеген «қара» пәтерді алып, жөндеп, қайта сату арқылы қалай табыс тапқанын ашық айтты. Оның сөзінше, флиппинг – сырттай оңай көрінгенімен, артында айлар бойғы ремонт пен тоқтаусыз еңбек жатыр.

Флиппинг деген не? Қазақстанға қашан келді? Бұл саланы бастау үшін қандай қасиет керек? Табысы қанша?  El.kz тілшісі Қазақстандағы №1 флиппермен сөйлесіп, осы сұрақтарға жауап іздеді.

Флиппинг деген не?

Флиппинг сөзі ағылшынның to flip – «аударып сату» деген мағынасынан шыққан. Бұл тәсілде инвестор ескі, жөндеуді қажет ететін немесе бағасы төмен пәтерді сатып алады. Кейін оған косметикалық не күрделі жөндеу жасап, интерьерін жаңартып, нарыққа қайта шығарады. Мақсат – пәтердің құнын қысқа мерзімде көтеріп, айырмасынан табыс табу.

Қаншама жылдық еңбектен кейін Қазақстандағы ең танымал филлипер болдық. Флиппингпен айналысып жүрген алғашқы кезде оның «флиппинг» деп аталатынын, тіпті бизнес екенін де білмедік. Бұл сөз Америкадан шыққан. Ол жақта ескі үйлерді сатып алып, жөндеп, аз уақыттың ішінде сатып жібереді. Яғни адамдар өз еңбегімен ақша табады, – дейді Айзат Ерғали.

Оның айтуынша, Қазақстанда флипперлер Америкадағыдай ескі, әбден тозған үйлерді жөндемейді. Тек жаңа, бірақ әрленбеген пәтерлерді алады. Сосын оған сапалы жөндеу жұмыстарын жасап, қайта сатады.

Үй аласың, жөндеуге қомақты қаржы саласың, адамдарға жұмыс бересің, бірнеше ай бойы еңбектенесің. Сол еңбектің нәтижесінде үш-төрт айдан кейін пәтерді сатып, табыс табасың, – дейді флиппер.

Фото: Журнал Домклик

«Алғашқы табысымыз 3 миллион теңге»

Айзат Ерғали флиппингке 2017 жылы келгенін айтады. Оның сөзінше, бастапқыда бұл істің жеке бизнес бағыты екенін де түсінбеген. Олар ата-анасы берген 5 миллион теңгені алғашқы жарна ретінде салып, ипотекаға үй алған. Сол пәтерде бір жыл тұрғаннан кейін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесінің тиімсіз екенін байқаған. Бір жыл бойы төлеген процент көлемін көріп, оның қаншалықты шығын екенін түсінген.

Сөйтіп алғашқы үйімізді сатып жібердік. Бір жарым жылға жетпей 3 миллион теңге пайда көрдік. Ол кезде заң бойынша екі жыл күтудің қажеті жоқ еді. Кейін сол тапқан үш миллионды жұмсамай, қайтадан ипотеканың негізгі қарызын жабуға салдық. Тағы үй алдық. Осылайша бір ипотекадан екінші ипотекаға өтіп жүрдік. Тапқан пайдамызды өзімізге шашпай, үнемі келесі қадамға инвестициялап отырдық,– дейді Айзат Ерғали.

Айзат Ерғали айтуынша, олардың басты арманы ипотекасыз өз үйінде тұру болған. Алайда мұндай нәтижеге бір күнде жету мүмкін емес еді. Оның артында айлар мен жылдарға созылған тынымсыз еңбек тұрғанын айтады. Олар пәтерлерге жөндеу жасап, сатып, кейін бәрін қайта бастаған. Негізінен тек жөндеу жұмыстарымен айналысқан.

Бірте-бірте жағдайымыз түзеле бастады. Алғашында бір бөлмелі пәтер болса дедік. Кейін екі бөлмеліге жеттік. Одан кейін үш бөлмелі үй алсақ дедік. Өйткені бала-шаға өседі, ата-анамыз бар. Осылайша таза еңбекпен, жөндеу жасап, сатып, қайтадан бастап жүріп өстік, – дейді флиппер.

Флиппинг арқылы қыруар қаржы тауып отырған кәсіпкер жуырда зәулім үйге көшіп, қазақстандықтарға жаңа қонысын да көрсеткен.

Фото: видеодан скрин

Жөндеу – флиппингтің ең маңызды кезеңі

Флипперлердің негізгі мақсаты – пәтерді көпшілікке ұнайтындай ету. Сондықтан интерьерде тым ашық түстер немесе ерекше дизайн сирек қолданылады. Көбіне ашық, минималистік стиль таңдалады. Өйткені сатып алушы үйге кіргенде өзін сол жерде өмір сүріп жатқандай елестетуі керек.

Флипингтің әртүрлі саласы бар. Ешқандай жөндеусіз алып, сол күйі сатып жіберетіндер де бар. Біз сияқты алғашқы нарықтағы үйді алып, бірнеше ай ремонт жасап сататындар да бар. «Алып сатумен» Астананың шамамен 50 пайызы айналысатын шығар. Егер осылай пайда табуға болатын болса, айналыса берсін. Ал өмірінде бір рет ремонт жасап көрген адам біз жүрген саланың қаншалықты қиын екенін түсінеді. Себебі жөндеу жұмыстарына қаншама адамды жұмысқа тартасың,– дейді Айзат Ерғали.

Көп флиппер пәтерді сатпас бұрын хоумстейджинг жасайды – жиһаз қойып, перде іліп, интерьерді «тірілтеді». Бұл пәтерді тезірек сатуға көмектеседі.

Ремонт жасайтын мамандардың лақтырып кетпесіне ешкім кепілдік бермейді. Кейбір адамдар қолымнан келеді деп жұмысты алып алғаннан кейін хабарласпай кетеді. Сондықтан «ремонт жасаймыз деп ажырасып кете жаздадық» деп айтылатын халық арасындағы пікір жай емес. Өйткені ремонт жасаудың қиын екенін көбі түсінеді. Материал мен дизайн таңдаудан басталған жөндеу жұмысы жиһаз алумен аяқталады. Уақыт та, ақша да кетеді. Сондықтан көп адам ремонт жасалған, дайын пәтерге бірден кіргісі келеді. Нарықта пәтерлерге сұраныс жоғары, – дейді флиппер.

«Ақшасы жоқ адам айналыса алмайды»

Айзат Ерғали сөзінше, флиппингпен ақшасы жоқ адам айналыса алмайды. Оның айтуынша, бұл салаға келетін адамда ең алдымен қаржы, дұрыс ниет және стреске төзімділік болуы керек. Осы үш қасиет бар адам флиппингте жұмыс істей алады.

Сондай-ақ кәсіпкер флиппингте қатып қалған заңдылық жоқ екенін атап өтті. Айтуынша, бұл саланы еш жерде арнайы оқытпайды. Сондықтан мұнда жүру үшін пысықтық пен нарықты талдай алу қабілеті маңызды.

«Ремонтың әдемі болса, пәтерің өтеді» деген заң жоқ. Алған үйің жақсы болмаса, ремонт қандай сапалы жасалса да, оны өткізе алмайсың немесе оны қымбат алып қойсаң кейін сату қиын болады. Сондықтан қателеспеу керек. Бір қателік миллиондаған шығынға әкелуі мүмкін, – дейді ол.

Фото: ЖИ

Қанша табыс табуға болады?

Флиппингтің басты артықшылығы – капиталдың жылдам айналуы. Егер жоба сәтті шықса, инвестор бірнеше ай ішінде қомақты пайда табуы мүмкін. Мәселен:

  • Пәтер 20 миллион теңгеге сатып алынады;
  • Жөндеуге 5 миллион теңге жұмсалады;
  • Кейін ол 30 миллион теңгеге сатылады.

Осындай жағдайда инвестордың таза табысы шамамен 5 миллион теңге болады. Бірақ бұл редакцияның жалпы есептегені. Ал Айзаттың айтуынша, флиппингте табыс қанша қаржы салғаныңа байланысты.

Бірақ осынша ақша салып, осынша табасың деген нақты есеп жоқ. Кей кезде біз мүлдем табыс таппай қаламыз. Ал кей кезде 1 ғана миллион табуың мүмкін. Ал сол миллионды ақшаны құр депозитке сақтасаң да табуға болар еді. Әр кезде әртүрлі. Кейде миллион табамын деген жерден 2 миллион табуың мүмкін. Адамдар үй алар алдында саудаласады. Тапқан ақшаны жөндеу жасаған мамандарға, ремонтқа бересің. Құрылыс материалдары да, үй бағасы да қымбаттап жатыр. Мұның бәрі нарықтағы бағаға әсер етеді, – дейді флиппер.

Айзат Ерғали бұл саланы енді бастағысы келетіндерге үнемі ізденіп, оқып жүруге кеңес береді. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі құрылыс компанияларын бақылап, нарыққа тұрақты түрде анализ жасап отыру қажет. Себебі флиппинг саласында бәсекелестік өте жоғары.

Мен бір тұрғын үй кешенінен үй алып, оны сатқаннан кейін ол кешеннен екінші жобаны алмаймын. Өйткені тұрғын үй нарығы үнемі жаңарып отырады. Сән индустриясы сияқты. Былтыр жақсы сатылған үй биыл да жақсы өтеді деу қате. Сондықтан жаңа локацияларды, жаңа құрылыс компанияларын, қасындағы кешендерді анализ жасап барып тәуекелге бел буу керек, – дейді флиппер.

Қазақстанда флиппингтің болашағы бар ма?

Айзат Ерғали құрылыс материалдарын Қытай, Түркия және Қазақстаннан алдырады. Негізгі бөлігін құрылыс базарларынан сатып алады. Ал жиһаздарды өздері жасайды екен. Декор мен кресло секілді дайын бұйымдарды көбіне Қытайға тапсырыс беретінін айтты.

Болашақта флиппинг нарықтан мүлде жойылып кетпейді. Адамдардың үй алуға қабілеті азайса ғана флипинг жойылуы мүмкін. Ал мегаполистерде тұрғын үй нарығы қарқынды дамып жатыр. Экономиканы да тұрғын үй нарығы көтеріп отыр. Сондықтан флиппингтің маңызы әлсіремейді, – дейді ол.

Флиппердің айтуынша, тұрғын үй нарығындағы заңдар флиппинг саласына да әсер етіп жатыр. Жыл басында салық өседі деген ақпараттан кейін халық желтоқсанға дейін жаппай үй сатып алған. Ал қазір көп адамның баспана алуға ақшасы жоқ. Кейбірі қаражатын долларға ауыстырып қойғанымен, доллар бағамы төмендеп кеткендіктен оны қайта айырбастай алмай отырған көрінеді.

Флипперлер үй бағасының қымбаттауына әсер етіп жатыр деу қате ұғым. Себебі флипперлер үйді алып сатқаннан нарыққа айтарлықтай әсер ете алмайды. Бар болғаны 5-7 пайыз әсер етуі мүмкін. Үйдің қымбаттауына әлемдегі дағдарыс пен теңгенің құнсыздануы қатты әсер етеді. Өйткені құрылыс компаниялары қажетті материалдарды шетелден алдырады, – дейді Айзат Ерғали.