Жаңалықтар

Ипотека бойынша жаңа талаптар 2027 жылға қалдырылуы мүмкін

12.06.2026 15:08
Ажар Лаубаева
Фото: magnific.com

Қазақстанда ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша енгізілуі тиіс жаңа талаптар кейінге қалдырылуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк ипотекалық несиелерге қатысты өзгерістерді 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізуді ұсынып отыр. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Өзгерістер неге кейінге шегерілді

Бұған дейін жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіледі деп жоспарланған еді. Алайда реттеуші органдар бұл мерзімді алты айға шегеруді ұсынып отыр.

Жобаға сәйкес, 2026 жылғы 1 шілде мен 2027 жылғы 1 қаңтар аралығында ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті көлемі қазіргі деңгейде – 25 пайыз болып қала береді.

2027 жылдан бастап не өзгереді

Жаңа жүйе ипотека мөлшерлемесін қарыз алушының бастапқы жарна көлеміне қарай белгілеуді көздейді. Яғни банктер тұрғын үй құны мен несие сомасының арақатынасын (LTV коэффициенті) ескеретін болады.

Егер азамат баспана құнының кемінде 30 пайызын бастапқы жарна ретінде төлесе және несие көлемі тұрғын үй құнының 70 пайызынан аспаса, ипотека бойынша шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде белгіленеді.

Ал бастапқы жарна көлемі 30 пайыздан төмен болса, шекті мөлшерлеме бұрынғыдай 25 пайыз деңгейінде сақталады.

Бұл өзгеріс кімдерге тиімді

Қаржы сарапшысы Жеңіс Шәріпұлының айтуынша, жаңа тәртіп бастапқы жарна ретінде тұрғын үй құнының кемінде 30 пайызын жинай алған азаматтарға тиімді болуы мүмкін.

Қазіргі нарықта коммерциялық банктердің ипотекалық мөлшерлемесі көбіне 21-22 пайыз деңгейінде. Егер азаматтың бастапқы жарнасы 30 пайыздан жоғары болса, жаңа тәртіп бойынша ол үшін мөлшерлеме төмендеп, шамамен 18-19 пайыз деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Ал бастапқы жарнасы төмен адамдар үшін қазіргі жағдай айтарлықтай өзгермейді, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, бастапқы жарнасы жоғары қарыз алушылар үшін ипотекалық шарттар біршама қолайлы болуы мүмкін. Ал бастапқы жарнасы 30 пайыздан төмен азаматтар үшін шекті мөлшерлеме бұрынғы деңгейде сақталады.

Қазір ипотека рәсімдеген тиімді ме

Жоспарланған өзгерістердің кейінге қалдырылуына байланысты ипотекалық нарықта түбегейлі жаңалық әзірге болмайды. Демек, 2026 жылдың соңына дейін банктер ипотекалық өнімдерді қазіргі шекті мөлшерлеме аясында ұсынуды жалғастырады.

Егер қаулы қабылданса, бастапқы жарна көлеміне байланысты сараланған мөлшерлемелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін 1 шілдеден бастап ипотекалық мөлшерлемелер бастапқы жарна көлеміне қарай өзгеретіні хабарланған еді. Алайда енді бұл өзгерістерді енгізу мерзімі 2027 жылға ауыстырылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз