iPhone 18 Pro Max елімізде 1 млн теңгеден қымбат болуы мүмкін

iPhone 18 Pro Max елімізде 1 млн теңгеден қымбат болуы мүмкін

Ажар Лаубаева
Фото: fmobile.kz

Жаңа iPhone-ның Қазақстандағы бағасы қанша болады? Apple жаңа смартфондарын ресми саудаға шығармаса да, бұл сұрақ қазірдің өзінде көпшілікті қызықтырып отыр. Оның үстіне интернетте жаңа модельдерді алдын ала тапсырыспен әкелуді ұсынған сатушылар пайда болды. Кейбірі iPhone 18 Pro Max үшін 850 мың теңгеге дейін сұрап отыр. Ал түрлі шығындар қосылғанда оның бағасы бір миллион теңгеден де асып кетуі мүмкін.

Жаңа модельдердің бағасы қандай болуы мүмкін?

AppleKoded жаңа iPhone модельдерінің болжамды бағасын жариялады. Болжам бойынша, iPhone 18 Pro-ның бағасы 1250-1300 доллар болуы мүмкін. Бұл шамамен 568-590 мың теңге. Ал iPhone 18 Pro Max 1350-1400 доллар, яғни 613-636 мың теңге шамасында болады деп болжанып отыр.

Жиналмалы iPhone Ultra бұдан да қымбат болуы мүмкін. Оның бағасы 3 мың долларға дейін жетіп, теңгеге шаққанда 1,4 миллион теңгені құрауы ықтимал.

Әзірге бұл тек болжам. Apple жаңа смартфондардың ресми бағасын жариялаған жоқ. Олардың Қазақстанда қанша тұратыны да белгісіз.

Қазақстанда алдын ала тапсырыс басталып кетті

Ірі қазақстандық маркетплейстер мен электроника дүкендерінде iPhone 18-дің бағасы әзірге көрсетілмеген. Жаңа модельдердің елімізде қашан сатылымға шығатыны да нақтыланбады.

Соған қарамастан, хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілерде жаңа iPhone-ды шетелден әкеліп беруді ұсынғандар бар.

Мысалы, 512 ГБ жады бар iPhone 18 Pro Max-ты Шанхайдан жеткізуге шамамен 850 мың теңге сұрайды. Кейбір сатушылар құрылғының бастапқы құнына 250 мың теңгеге дейін үстеме қосып отыр.

Сондықтан қазір интернетте көрсетілген бағаны Қазақстандағы ресми баға деп қабылдауға болмайды. Бұл – сатушылардың өздері белгілеген сома.

Былтыр баға қалай өзгерді?

Өткен жылғы iPhone 17 сериясының бағасына қарасақ, Қазақстанда смартфондар АҚШ-тағы ресми бағадан әлдеқайда қымбат сатылған.

Apple таныстырылым кезінде iPhone 17-нің бастапқы бағасын 799 доллар деп белгіледі. iPhone 17 Pro 1099 доллардан, ал iPhone 17 Pro Max 1199 доллардан басталды.

Алайда Қазақстанда сатылым басталған кезде баға жоғары болды. Мысалы, 256 ГБ жады бар iPhone 17 Pro алғашында 859 990 теңгеге сатылды. Ал сериядағы ең қымбат модельдердің бағасы 1,5 миллион теңгеден асты.

Яғни АҚШ-тағы бағаны сол кездегі бағаммен теңгеге айналдырғандағы сома Қазақстандағы дүкен бағасымен бірдей бола бермейді.

Баға неге өседі?

Смартфон шетелден Қазақстанға жеткенше оның бастапқы бағасына бірнеше шығын қосылады.

Соның бірі – 16 пайыздық ҚҚС. Мысалы, 1299 долларлық смартфон салық қосылғаннан кейін шамамен 735 мың теңге, ал 1399 долларлық модель 792 мың теңге болуы мүмкін.

Оған қоса тауарды елге жеткізу, импорттау шығындары мен дүкеннің үстеме бағасы бар. Доллар бағамының өзгеруі де соңғы бағаға әсер етеді. Кей дүкендер бөліп төлеу мүмкіндігін де тауар құнына қосуы мүмкін.

Сондықтан АҚШ-та 600 мың теңгенің айналасында тұрған смартфон Қазақстанға келгенде әлдеқайда қымбат сатылуы ықтимал.

iPhone 18 Pro бір миллион теңгеден аса ма?

Сарапшылардың есебінше, iPhone 18 Pro Қазақстанда 910-930 мың теңге, ал Pro Max 960-981 мың теңге шамасында сатылуы мүмкін.

Егер жаңа модельдер 13-18 пайызға қымбаттаса, iPhone 18 Pro-ның бағасы 964 мыңнан 1,01 миллион теңгеге дейін жетуі ықтимал. Ал Pro Max 1,02-1,06 миллион теңге болуы мүмкін.

Баға бұдан да жоғарылаған жағдайда iPhone 18 Pro 1,09 миллион теңгеге, ал Pro Max 1,14 миллион теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

Сатылымның алғашқы күндері баға бұдан да жоғары болуы ғажап емес. Себебі жаңа iPhone-ға сұраныс көбейген кезде кей сатушылар үстеме бағаны көтереді.

Жаңа модельдердің бастапқы бағасы да өсуі мүмкін деген болжам бар. Bloomberg журналисі Марк Гурманның мәліметінше, қазір электроника өндірісіне қажетті чиптер мен жад модульдері қымбаттап жатыр. Бұл смартфондардың бағасына да әсер етуі мүмкін.

Дегенмен әзірге мұның бәрі – болжам. iPhone 18 сериясының Қазақстандағы нақты бағасы ресми сатылым басталғанда белгілі болады.

Оқи отырыңыз

{