2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүрЖасанды интеллект саласындағы бәсеке күшейген сайын технологиялық алпауыттар есептеу қуаты үшін күресті жаңа деңгейге шығарды. Соның айқын дәлелі – Google компаниясының SpaceX-пен жасаған 30 миллиард долларлық келісімі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Euronews мәліметінше, Google 2026 жылдың қазанынан 2029 жылдың маусымына дейін SpaceX-тің жасанды интеллектке арналған есептеу инфрақұрылымын пайдаланады. Ол үшін компания ай сайын 920 миллион доллар төлейді. Жалпы келісім құны шамамен 30 миллиард долларға бағаланып отыр.
Кеше көмек көрсеткен Google бүгін клиентке айналды
Бұл мәміленің ерекше тұсы – бірнеше жыл бұрын жағдай керісінше болған. Сол кезде SpaceX өзіне тиесілі Starlink спутниктік интернет желісін дамыту үшін Google-дың бұлттық есептеу ресурстарын пайдаланған еді.
Ал қазір Google өзі SpaceX-тің қуатты дата-орталықтарына мұқтаж болып отыр. Бұл технологиялық нарықтағы күштер балансының қаншалықты жылдам өзгеретінін көрсетеді.
2026 жылдың ақпанында Илон Масктың SpaceX компаниясы жасанды интеллектпен айналысатын xAI компаниясын сатып алды. Осы мәміледен кейін екі құрылым бірігіп, АҚШ-та орналасқан «Colossus» атты алып деректер орталықтарын басқара бастады.
Бұл орталықтардың жалпы есептеу қуаты 2 гигаваттан асады. Біріктірілген SpaceX/xAI құрылымының нарықтық құнын шамамен 1,25 триллион доллар.
Қазіргі таңда мұндай қуатты инфрақұрылым әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың өзіне қажет болып отыр.
Ірі компаниялар AI агенттеріне жүгінуде
Соңғы жылдары жасанды интеллект қызметтеріне сұраныс күрт өсті. Ірі компаниялар бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған AI агенттері мен платформаларын белсенді түрде енгізуде.
NBC мәліметінше, Google корпоративтік клиенттердің өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз ету үшін қосымша есептеу қуатын іздеп жатыр. Өз дата-орталықтарын салу бірнеше жылға созылуы мүмкін болғандықтан, дайын инфрақұрылымды жалға алу тиімді шешім ретінде қарастырылған.
Реттеуші органдарға ұсынылған құжаттарға сәйкес, Google SpaceX дата-орталықтарында орналасқан 110 мың графикалық процессорды (GPU) пайдалана алады.
GPU – жасанды интеллект модельдерін оқыту мен жұмыс істеуінде шешуші рөл атқаратын арнайы процессорлар. Қазіргі таңда мұндай құрылғыларға сұраныс өте жоғары.
Оған қоса Google жоғары өнімді есептеулерге арналған басқа да процессорлар мен жад жүйелеріне қол жеткізеді.
Google-дың арнайы талабы қандай?
Google өз мүддесін қорғау үшін келісімге арнайы талап енгізген.
Егер SpaceX 2026 жылдың 30 қыркүйегіне дейін келісілген көлемдегі GPU ресурстарын ұсына алмаса, Google келісімшартты бірден бұза алады.
Сондай-ақ бір айлық жеңілдік мерзімі қарастырылған. Осы уақыт ішінде мәселе шешілмесе, Google не келісімнен толық бас тартады, не қызметті төмендетілген бағамен және аз көлемдегі ресурстармен пайдалану туралы жаңа шарттарға келісе алады.
Google-мен жасалған келісім SpaceX-тің қор нарығына шығуының алдында жарияланды.
Компания IPO кезінде 1,75 триллион доллардан астам бағалауға қол жеткізуді көздеп отыр. Сарапшылар пікірінше, Google секілді алпауытпен жасалған ұзақ мерзімді келісім инвесторлардың қызығушылығын арттыруы мүмкін.
Айта кетейік, Google-дың бас компаниясы Alphabet SpaceX-ке алғаш рет 2015 жылы инвестиция салған. Ол кезде компанияның құны небәрі 12 миллиард доллар болған.
Grok төңірегіндегі дау
Дегенмен SpaceX пен xAI үшін бәрі бірдей оңай болып тұрған жоқ.
Илон Масктың Grok атты жасанды интеллект жүйесі әзірге тұрақты табыс әкелмеген. Сонымен қатар Grok арқылы жасалған порнографиялық дипфейктердің таралуы халықаралық деңгейде алаңдаушылық туғызды.
Бірқатар елдің реттеуші органдары xAI қызметіне қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Негізгі мәселе – адамдардың келісімінсіз жасалған ашық сипаттағы контенттің таралуы.
Мысалы, Ұлыбританияда деректерді қорғау туралы UK GDPR талаптары бұзылған жағдайда компанияның әлемдік жылдық айналымының 4 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа ресурс
Бұрын мұнай, газ немесе электр энергиясы стратегиялық ресурс саналса, бүгінде есептеу қуаты дәл сондай маңызды факторға айналып отыр.
Google мен SpaceX арасындағы 30 миллиард долларлық келісім жасанды интеллект дәуірінде суперкомпьютерлер мен дата-орталықтардың қаншалықты құнды активке айналғанын көрсетеді. Ендігі бәсеке тек жақсы AI модель жасау емес, сол модельдерді іске қосатын орасан зор есептеу инфрақұрылымын иелену үшін жүріп жатыр.
2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін12 Мамыр, 16:42
Ата-енеме сәлем салмаймын І Олимпиададағы өкінішті әлі ұмытқан жоқпын - Абиба Әбужақынова