Honda Pilot: жапон бренді алып кроссовер шығаруы мүмкін

Honda Pilot: жапон бренді алып кроссовер шығаруы мүмкін

Аян Қайырбаев
Фото: Honda

Honda АҚШ нарығына арналған жаңа үш қатарлы үлкен кроссовер әзірлеуді жоспарлап отырған болуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, жаңа модель көлемі жағынан қазіргі Pilot-тен бір саты жоғары орналасады.

Бұл туралы Automotive News компания жоспарларымен таныс дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Дегенмен болжам бойынша, жаңа көлік жапон брендінің модельдер қатарындағы ең ірі кроссоверлердің біріне айналуы мүмкін.

Жұмыс атауы ретінде Pilot XXL деген атау қолданылып жүр. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жаңа SUV қазіргі Pilot моделінен шамамен 8 дюймге, яғни 203 миллиметрге ұзын болады. Егер бұл мәлімет расталса, көліктің жалпы ұзындығы шамамен 5286 миллиметрді құрайды.

Салыстыру үшін, қазіргі Jeep Grand Cherokee L моделінің ұзындығы – 5204 мм, ал Toyota Grand Highlander – 5116 мм. Осылайша, Honda-ның жаңа кроссовері аталған модельдерден де ірі болуы ықтимал.

Acura-мен техникалық туыстығы болуы мүмкін

Жаңа Honda кроссоверінің жақын туысы премиум Acura бренді әзірлеп жатқан үш қатарлы флагмандық SUV болуы мүмкін. Ол Acura модельдік қатарында MDX-тен бір саты жоғары орналасады деп күтілуде.

Қызығы, дереккөздерге сәйкес, Acura-ның болашақ моделі ішкі құжаттарда Acura XL деп аталады. Алайда компания әзірге бұл көлікті ресми түрде таныстырған жоқ.

Honda мен Acura-ның жаңа ірі кроссоверлері ортақ техникалық шешімдерді пайдалануы мүмкін. Соның бірі – Honda әзірлеп жатқан жаңа гибридті күштік қондырғы.

Компания бұған дейін жаңа буын гибрид жүйелерінің қазіргі жүйелермен салыстырғанда шамамен 30 пайызға арзанырақ, ал отын тиімділігі 10 пайызға жоғары болатынын мәлімдеген. Алдын ала ақпарат бойынша, жаңа гибрид жүйесінің құрамында V6 қозғалтқышы болуы мүмкін.

Қашан шығуы мүмкін?

Егер жоба мақұлданса, Honda-ның жаңа үлкен кроссовері 2032 жылдың бірінші тоқсанында сериялық өндіріске шығуы ықтимал. Әрине, мұндай ірі модельдің бағасы қазіргі Pilot-тен жоғары болады деп күтіледі. Қазір АҚШ-та Honda Pilot-тың бастапқы нұсқасы 42 395 доллардан басталады, ал ең қымбат нұсқасының бағасы кемінде 55 195 доллар.

Honda үшін АҚШ нарығы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында америкалық дилерлер 934 мыңға жуық Honda көлігін сатқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға көп.

Айта кетейік, Honda бұған дейін Accord Crosstour моделін қайта шығаруы мүмкін деген ақпарат та тараған. Жаңа модель пайда болған жағдайда, ол Subaru Outback секілді көліктермен бәсекеге түсуі ықтимал.

Оқи отырыңыз

{