20.05.2026
13:15
930
Жаңалықтар

«Харам»: иттің етін мейрамханаға сатқандардың артында кімдер тұр?

Қазақ халықында «иттің етінен жек көремін» тіркесі бұрыннан бар. Бұл сөз көбіне көңіліне жақпаған оқиғаға немесе адамға қатысты айтылады. Себебі иттің етін жеу дінімізде де, дәстүрімізде де харам деп саналады. Бірақ қазір еліміздегі кейбір қоғамдық тамақтану орындары халыққа ит еті қосылған тағамдарды алдап сатып жүр.

Осыған орай El.kz  тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласып, ит етін сату мен жеудің шариғат бойынша үкімін сұрады.

Бұл туралы қоғам белсенділері Сергей Снегирев пен Темірлан Тоспаев Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтты. Белсенділердің сөзінше, мәселе тек көшедегі қауіпсіздікпен немесе бұралқы жануарлар санымен шектелмейді. Олардың пікірінше, бұл салада бюджет қаржысы, заңсыз тасымал, жануарларға қатыгездік және қоғамдық тамақтану орындарына дейін жалғасатын күмәнді тізбек болуы мүмкін.

«Тендерді ет өңдейтін компания ұтып алған»

Темірлан Тоспаев биыл еліміздің батысындағы қалалардың бірінде бұралқы иттерді аулау бойынша тендерді ет өңдеумен айналысатын компания жеңіп алғанын айтты.

Оралда қаңғыбас иттерді аулау бойынша тендерді ет өңдейтін компания ұтып алған. Жақында табылған чип туралы жаңалық та қоғамды алаңдатты. Оның нақты қаңғыбас итке тиесілі екені дәлелденбесе де, мұның өзі күмән тудырады. Чип болды ма, болмады ма деген сұрақтың өзі қоғамды ойландыруы керек, – деді ол.

Еске сала кетейік, жақында Алматыда самса ішінен жануарларға салынатын чип шықты. Қаланың қақ ортасындағы мейрамханалардың бірінде болған бұл жәйт тұтынушыларды алаңдатып отыр. Себебі, мұндай чиптер төрт түліктен бөлек, ит-мысықтарға да салынады.

Сергей Снегиревтің айтуынша, ит етінің заңсыз айналымына қатысты деректер бұдан да күрделі болуы мүмкін. Белсендінің сөзінше, бұл тақырып толық ашылып болған жоқ.

Қазір қоғам барлық көлеңкелі тұстарын көріп отырған жоқ. Біз де бәрін жариялаған жоқпыз. Бұл жерде өнеркәсіптік көлемде дайындалған ит еті туралы сөз болып отыр. Әңгіме дәстүрлі корей асханасы жайлы емес, қоғамдық тамақтану орындары жайлы. Соның ішінде Астанадағы кейбір дәмханалар мен мейрамханалар туралы. Мұның бәрі сотта қаралған, – деді Сергей Снегирев.

Оның сөзінше, екі жыл бұрын өткен сот процесінде белгілі франшизалармен жұмыс істейтін мейрамханалар да аталған. Белсенді кейбір қоғамдық тамақтану орындары «аралас тартылған ет» сатып алғанын айтады.

Қарапайым тілмен айтқанда, фарш құрамында ит еті болған. Мұндай етті кім жеткізуі мүмкін? Бұралқы иттерді аулауға ресурсы мен мүмкіндігі бар құрылымдар. Бұл жай қауесет емес. Аудиожазбалар, бақылау сатып алулары, тергеу материалдары бар, – деді ол.

Тінту кезінде 750 келі ет табылған

Сергей Снегиревтің айтуынша, сатып алу кезінде шамамен 100 келі ет алынған. Ал тінту барысында 750 келі ет тәркіленген. Оның ішінде түрлі қоспалар болғаны айтылды.

Белсенділердің пікірінше, мұндай жағдайлар жекелеген оқиға емес, белгілі бір жүйенің бар екенін көрсетуі мүмкін.

Сергей Снегирев бірнеше жыл бұрын Алматы облысының Қарасай ауданында болған оқиғаны да мысалға келтірді. Оның айтуынша, волонтерлер арнайы «иттерге арналған қасапхананы» анықтаған.

Ол жерден союға дайындалып тұрған тірі иттер табылған. Арасында қарғыбауы тағылған, иесі бар жануарлар да болған. Ең қорқыныштысы – адамдар суреттерден өз иттерін тани бастағаны, – деді белсенді.

Оның айтуынша, кейін кейбір жануарлардың құжат жүзінде бір өңірде ұсталып, іс жүзінде басқа қалада ауланғаны анықталған. Мәселен, Алматыда ұсталған ит Қарасай ауданында қайта тіркеліп, кейін қасапханаға жіберілген деген күмән бар.

Бұл жай сәйкестік емес, тұтас схемаға ұқсайды. Сондықтан мәселенің ауқымы үлкен деп айтып отырмыз. Қоғамда «ит етін тек белгілі бір асханаларда пайдаланады» деген түсінік бар. Бірақ шын мәнінде, ол еттің қайда кетіп жатқанын ешкім нақты білмейді, – деді Сергей Снегирев.

Желі қолданушыларының пікірі қандай?

Айта кетейік, аталған мәлімдемелер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әзірге құқық қорғау органдары мен ресми мекемелер белсенділер айтқан барлық дерекке қатысты толыққанды түсініктеме берген жоқ. Бұл оқиға желі қолданушыларының арасында үлкен резонанс тудырды. Олар қоғамдық тамақтану орындарына деген сенімнің азайғанын айтып, жауаптыларды қатаң жазалауды талап етіп жатыр.

Еттің дәмін өз басым қатты ажыратамын. Иісін де. Кафелерге барғанда тамақтарыңды өздерің де жейсіңдер ме деп сұрау керек болды ғой, – деді Қалауқызы.

Көпшілік санитарлық бақылау мен қадағалау органдарының жұмысына да сын айтып жатыр. Кейбірі мұндай жағдай халықтың қоғамдық тамақтану орындарына деген сеніміне үлкен соққы болғанын жеткізді.

Бұл – бізде жол полициясынан басқа ешкім жұмыс істемейтінінің көрсеткіші. СЭС өз бетінше өмір сүріп жатыр, ешкім ешкімнен қорықпайды. Мейрамханалар оның ит еті екенін білгеніне сенімдімін. Аспаздар ажырата алар еді, бірақ соған қарамастан дайындай берген,– дейді Мирагүл Ибраева.

Желі қолданушыларының басым бөлігі бұл мәселенің ашық тергелуін және кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етуде.

Діни басқарма не дейді?

Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласып, иттің етін жеуге шариғатта қандай үкім айтылғанын сұрап көрдік. Жетісу облысы бойынша пәтуаға жауапты маман Табарак Қамиттің айтуынша, шариғатта иттің еті де, сілекейі де нәжіс әрі харам саналады. Себебі ит азу тісті жыртқыш аңдардың қатарына жатады.

Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Азу тісті әрбір жыртқыш аңды жеу – харам» деген. Сондай-ақ, хадистерде итті сатып табыс табуға да тыйым салынғаны айтылады,– дейді Табарак Қамит.

Маманның сөзінше, Ханафи мәзһабында жеуге тыйым салынған жануарлардың етімен немесе өзге бөліктерімен емделуге де рұқсат етілмейді. Алайда кейбір ғалымдар басқа ем табылмай, оның шипа екені нақты дәлелденген жағдайда ғана пайдалануға болады деген пікір айтқан.

Сондықтан діни мамандар күмәнді тағамдардан сақ болуға шақырады. Діни басқарма өкілдерінің айтуынша, мұсылман адам тұтынатын асының адал әрі таза болуына мән беруі керек.

Ит етін сатқандарды қандай жаза күтіп тұр?

Қазақстан заңнамасында ит етін сатуға қатысты жеке бап көрсетілмеген. Алайда өнімнің нақты құрамын жасырып, оны басқа ет ретінде өткізу бірнеше заң нормасын бірдей бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайда іс Қылмыстық кодекстің бірқатар бабы бойынша қаралады.

Мәселен, егер сатушы тұтынушыны әдейі алдап, өнім құрамын жасырып пайда тапса, бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы – «Алаяқтық» бойынша саралануы мүмкін. Аталған бап бойынша келтірілген шығын көлеміне қарай айыппұл, қоғамдық жұмыс, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал тағам санитарлық талаптарға сай болмай, адам денсаулығына қауіп төндірсе, ҚР ҚК-нің 304-бабы – «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» қолданылады. Бұл бап бойынша да айыппұл салудан бастап, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру және бас бостандығын шектеу жазасына дейін қарастырылған.

Сонымен қатар өнім туралы жалған ақпарат беру, тұтынушыны адастыру және санитарлық талаптарды бұзу факілері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында да жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Егер тергеу барысында жануарларға қатыгездік көрсету, заңсыз аулау немесе қинап өлтіру деректері анықталса, іс ҚР Қылмыстық кодексіндегі жануарларға қатыгездік жасауға қатысты баптармен толықтырылуы ықтимал.

Заңгерлердің айтуынша, мұндай істерде негізгі рөлді сараптама қорытындысы, өнімнің нақты құрамы және тұтынушыны алдау фактісінің дәлелденуі атқарады.