09.05.2026
13:56
236
Жаңалықтар

Хантавируспен қанша адам ауырып жатыр? – жағдайды көрсететін онлайн-карта пайда болды

Желіде әртүрлі елдердегі хантавирус жұқтыру жағдайларын көрсететін онлайн-карталар белсенді тарала бастады. Тақырыпқа қызығушылық Атлантикада жүрген MV Hondius круиздік лайнерінде инфекцияның өршуі туралы хабарлардан кейін артты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, кемеде аурудың бірнеше расталған және күдікті жағдайы анықталған. 

Сонымен қатар, науқастар, қайтыс болғандар және инфекция тіркелген өңірлер туралы статистиканы нақты уақыт режимінде жариялайтын тәуелсіз сервистер пайда болды. Осындай ресурстардың бірі белсенді ошақтарды көрсетіп, елдер мен жекелеген аумақтар бойынша деректерді жаңартып отырады. Оның мәліметінше, ауру Оңтүстік Африка Республикасы, Бразилия, Қытай, Үндістан, Австралия, АҚШ және Латын Америкасының бірнеше елінде тіркелген.

Хантавирус деген не

Хантавирус – кеміргіштер арқылы таралатын вирустар тобы. Адам маса арқылы немесе тағамнан емес, негізінен жұқтырған тышқандар мен егеуқұйрықтардың бөлінділерімен байланыс кезінде жұқтырады. Қауіп вирус жабық үй-жайларда, сарайларда, жертөлелерде немесе ескі саяжайларда шаңмен бірге ауаға тарағанда туындайды.

Дәрігерлер бұл ауру сирек кездесетінін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бағалауынша, әлемде жыл сайын бірнеше мыңнан ондаған мыңға дейін жағдай тіркеледі, оның басым бөлігі Азия мен Еуропа елдеріне тиесілі. Солтүстік және Оңтүстік Америкада ауру сирек кездескенімен, ауыр өтуі мүмкін.

Неліктен қазір бұл туралы қайта айтылып жатыр

Талқылаудың басты себебі – Оңтүстік Америкадан шығып, Атлантика арқылы бағыт алған лайнердегі жағдай. Кемеде әртүрлі елдерден келген жолаушылар ауырған. Бірнеше адам қайтыс болып, тағы бір бөлігі дәрігерлер бақылауында.

Мамандардың ерекше назар аударуына Andes virus штаммы себеп болып отыр. Бұл – хантавирустың сирек түрлерінің бірі, онда жақын байланыс кезінде адамнан адамға жұғу ықтималдығы бар. Соған қарамастан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһандық таралу қаупі төмен екенін атап өтеді.

Кімдер жұқтыруы мүмкін

Көбінесе бұл ауру ауылдық жерлерде, қоймаларда, фермаларда немесе орманды аймақтарда жұмыс істейтін адамдар арасында тіркеледі. Қауіп тобына ұзақ уақыт желдетілмеген үй-жайларды тазалайтын туристер мен саяжай иелері де кіреді.

Бұл инфекция тұмау сияқты жаппай таралатын вирустық ауруларға жатпайды. Көпшілік адамдар өмірінде онымен кездеспейді. Дегенмен дәрігерлер кеміргіштер жиналуы мүмкін орындарда сақтық шараларын сақтау маңызды екенін ескертеді.

Хантавирус белгілері

Аурудың алғашқы белгілері кәдімгі вирустық инфекцияға ұқсас болуы мүмкін: дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, бас ауруы және бұлшық еттің сырқырауы байқалады. Кейде іштің ауыруы, жүрек айну және тыныс алу қиындауы кездеседі.

Ауыр жағдайда инфекция өкпе немесе бүйректі зақымдайды. Дәрігерлер кеміргіштермен байланыстан кейін жағдай күрт нашарласа, өз бетінше емделмей, міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.

Жұқтыру қаупін қалай азайтуға болады

Мамандар тазалық жұмыстарын бастамас бұрын жабық үй-жайларды желдетуді және тышқан іздері болуы мүмкін жерлерде құрғақ сыпырудан аулақ болуды ұсынады. Тазалау кезінде ылғалды әдісті және қолғап қолданған дұрыс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хантавирус әлі де сирек кездесетін инфекция екенін атап өтеді. Онлайн-карталар мен әлеуметтік желілердегі талқылаулар аясында дәрігерлер ресми деректерге сүйеніп, жекелеген жағдайларды жаңа пандемияның басталуы ретінде қабылдамауға шақырады.