Ханшайым Диананың әйгілі «кек көйлегі» сатылымға шығарылмақ

Ханшайым Диананың әйгілі «кек көйлегі» сатылымға шығарылмақ

Амангүл Тілейқызы
Фото: Princess Diana Archive / Hulton Royals Collection

Ханшайым Диананың әлемге әйгілі «кек көйлегі» араға шамамен 30 жыл салып қайтадан сатылымға шығарылмақ. Қара түсті кешкі көйлек сән тарихындағы ең танымал образдардың біріне айналған. Бұл киім Диананың жеке өміріндегі күрделі кезеңмен тұспа-тұс келіп, кейін тәуелсіздік пен өзіне деген сенімділіктің символы ретінде қабылданды.

Көйлек 135 млн теңгеге дейін бағалануы мүмкін

BBC мәліметінше, ханшайым Диананың әйгілі көйлегін Sotheby’s аукцион үйі 9 желтоқсанда саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Алдын ала бағалау бойынша, оның құны 150 мыңнан 300 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл шамамен 67,6-135,2 млн теңге.

Көйлек соңғы рет 1997 жылы аукционға шығарылған. Сол жылы Диана өзінің гардеробындағы 79 киімді саудаға қойып, одан түскен қаражатты қайырымдылық мақсаттарға бағыттаған.

Осылайша, әйгілі көйлек 29 жылдан кейін қайтадан коллекционерлер назарына ұсынылмақ.

Фото: GETTY IMAGES

Неліктен оны «кек көйлегі» деп атайды?

Қара жібек көйлектің авторы – британиялық дизайнер Кристина Стамболиан. Диана оны 1994 жылғы 29 маусымда Лондондағы Serpentine Gallery-де өткен қайырымдылық кешіне киіп барған.

Дәл сол күні британ телеарнасында сол кездегі ханзада Чарльздің сұхбаты көрсетіліп, ол Дианамен некеде болған кезінде опасыздық жасағанын мойындады. Бұл мәлімдеме британ қоғамында үлкен резонанс тудырды.

Диана сол кешке бастапқыда басқа киіммен баруды жоспарлаған. Алайда соңғы сәтте иығы ашық, денеге қонымды қара көйлекті таңдаған. Оның бұл образы сол кезеңдегі корольдік отбасы мүшелеріне тән ұстамды киім үлгісінен едәуір батыл еді.

Диананың кешке күлімсіреп, өзіне сенімді кейіпте келуі әлемдік баспасөздің назарын бірден аударды. Көп ұзамай БАҚ қара көйлекті «revenge dress», яғни «кек көйлегі» деп атай бастады.

Бір көйлек қалай символға айналды?

Көйлектің танымал болуына оның дизайны ғана емес, Диананың өміріндегі сол сәттің маңызы да әсер етті. Ханшайым мен Чарльз 1992 жылы бөлек тұратынын жариялаған еді. Ал 1994 жылғы оқиғалар олардың некесіндегі дағдарысты бүкіл әлемге тағы бір мәрте көрсетті.

Сондықтан Диананың сол кештегі образы көпшілік үшін жай сән таңдауы емес, оның өзін қоғам алдында жаңаша танытуы ретінде қабылданды. Корольдік хаттамамен байланыстырылатын ұстамды образдың орнына ол еркін әрі өзіне сенімді әйел бейнесінде көрінді.

Sotheby’s өкілдерінің бағалауынша, Диана бұл көйлек арқылы өміріндегі ең күрделі әрі қоғам жіті бақылаған кезеңдердің бірінде өз ұстанымын сөзсіз-ақ көрсете алды.

Бүгінде «кек көйлегі» ханшайым Диананың ең танымал образдарының бірі саналады. Оның суреттері сән тарихына арналған кітаптарда, көрмелер мен деректі жобаларда әлі күнге дейін жиі қолданылады.

Фото: GETTY IMAGES

Диананың киімдері аукциондарда жоғары бағаланады

Ханшайым Диананың гардеробына тиесілі бұйымдар коллекционерлер арасында ерекше сұранысқа ие. Оның киімдері тек сән үлгісі ретінде емес, ХХ ғасырдағы британ корольінің отбасы тарихымен тікелей байланысты жәдігер ретінде бағаланады.

Sotheby’s те бұған дейін Дианаға қатысты танымал заттарды аукцион тарихының маңызды бөліктерінің бірі ретінде атап өткен. Аукцион үйінің Лондондағы материалдарында ханшайым киген әйгілі киімдердің қайта табылуы мен саудаға шығарылуы ерекше оқиғалар қатарында көрсетіледі.

Ал 1994 жылғы қара көйлектің орны бөлек. Бір кештің ішінде әлемдік баспасөздің басты тақырыбына айналған образ арада үш онжылдық өтсе де Диананың ең есте қаларлық сән таңдауларының бірі болып қала берді.

Енді әйгілі көйлектің жаңа иесі кім болатыны және оның бастапқы болжамнан қаншалықты жоғары бағаға сатылатыны 9 желтоқсанда белгілі болады.

Оқи отырыңыз

{