Жаңалықтар

Хан Шатыр маңында келіннің қол-аяғын байлап, көлікке күштеп отырғызбақ болған

07.06.2026 10:49
Көктем Қарқын
Фото: Видеодан кадр

Оқиға күндіз болды. Әлеуметтік желіде Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының автотұрағында болған оқиға қызу талқыланып жатыр. Threads желісіндегі Temirstars есімді қолданушы жас қызға күш көрсетілгеніне куә болғанын жазды.

Автордың айтуынша, белгісіз адамдар қыздың қол-аяғы мен аузын байлап, оны күштеп көлікке отырғызуға әрекет жасаған. Кейін қыздың олардың келіні екені белгілі болған.

Жаңа туыстары қыздың психикалық денсаулығында мәселелер бар екенін, оны үш күн бойы іздегендерін айтып, сол себепті үйге алып кетпек болғандарын жеткізген, – деп жазады желі қолданушысы.

Куәгер жұбайымен бірге сауда орталығының күзет қызметкерлерін шақырып, 102 қызметіне хабарласқанын айтқан. Кейін ол полиция қызметкерімен болған хат алмасуға қатысты да наразылығын білдірген.

Желі қолданушысының жазбасында полицияға хабарласқан кезде оқиғаның мән-жайын нақты түсіндіргеніне қарамастан, құқық қорғау органдары тарапынан қосымша сұрақтар қойылғаны айтылған.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы мен оған қатысы бар тұлғаларға қатысты ресми ақпарат жарияланған жоқ. Сондай-ақ қыздың жағдайы туралы да ресми мәлімет берілмеген.

Желі қолданушыларының пікірі

Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік қызға қатысты күш қолдану әрекетін қатаң сынға алып, құқық қорғау органдарынан істің мән-жайын жан-жақты тексеруді талап етуде.

Бұл қылмыстық іс қой, – деп жазды қолданушылардың бірі.

Тағы бір желі қолданушысы болған жайтты «орта ғасырлық әрекетке» теңеді.

Оның туыстары көріп, құтқарып қалар деп үміттенемін. Шоктамын десем де аздық етеді, – деп пікір білдірді Гүлмира Есжанова. 

Сонымен қатар кейбір қолданушылар қыздың туыстары оның психикалық жағдайына байланысты осындай қадамға барған болуы мүмкін деген болжам айтты. Алайда олар да мұндай жағдайда заң талаптары сақталуы керектігін атап өтті.

Оқи отырыңыз