Халыққа танымал әндердің авторы Сержан Бақытжанұлы дүниеден озды

Халыққа танымал әндердің авторы Сержан Бақытжанұлы дүниеден озды

Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен өңделді

Отандық музыка өнеріне елеулі үлес қосқан композитор Сержан Бақытжанұлы өмірден өтті. Orda, Ninety One және өзге де қазақстандық әншілердің репертуарындағы танымал шығармалардың авторының қайтыс болғанын оның жақын досы, әнші Дастан Оразбеков әлеуметтік желіде хабарлады.

Дастан Оразбеков Сержан Бақытжанұлын жомарт мінезді, кең жүректі әрі терең ойлы азамат ретінде еске алып, онымен өткен әрбір кездесу мен әңгіме өзіне ерекше рухани әсер сыйлағанын жеткізді.

Бүгін өмірден менің досым, сырласым, әріптесім, ақылдасатын кеңесшім, өнер жолын бірге кешкен аяулы азамат – Сержан Бақытжанұлы өтті, – деп жазды Дастан Оразбеков.

Сержан Бақытжанұлы – қазақ эстрадасында кеңінен танылған көптеген әннің авторы. Оның қаламынан Orda тобының «Қилы заман», «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Тағдыр» сияқты шығармалары туған. Сонымен қатар композитор Ninety One тобына да әндер жазған. Сондай-ақ Дастан Оразбековтің орындауындағы «Көк аспан» әнінің де авторы болды.

Әнші композитордың шығармашылығы оның есімін халық жадында мәңгі сақтайтынын атап өтті.

Сенің жазған әндерің есіміңді мәңгілікке қалдырады. Халықтың жүрегінен орын алған шығармаларың ел аузында әлі талай жыл айтылады, – деді әнші.

Сөз соңында әнші марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, оның жаны жәннатта болуын тіледі.

Айта кетейік, әзірге композитордың неден қайтыс болғаны туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Оқи отырыңыз

{